Теннистен Қазақстан құрамасының капитаны Юрий Щукин жазғы Азиадада өнер көрсететін ойыншылардың есімдерін атады.
Қытай еліне аттанатындар тізімінде еліміздің бірінші ракеткалары, көптеген ірі халықаралық турнирлерде табысты өнер көрсетіп жүрген Елена Рыбакина, Александр Бублик пен Юлия Путинцева, Михаил Кукушин, Александр Недовесов сынды танымал теннисшілер жоқ. Олар АТР және WTA додаларына қатысады. Ал Рыбакина үшін басты меже – Мексикада өтетін WTA-ның қорытынды турнирі.
Сол сақа спортшылардың орнын Дмитрий Попко, Бейбіт Жұқаев, Григорий Ломакин, Денис Евсеев, Жібек Құламбаева, Гозаль Айнитдинова, Аружан Сағындықова, Жәнел Рүстемова секілді жастар басты.