Отандық «Дядя Ваня» деп аталатын телеграмм-арна Қазақстан чемпионатының тарихында ең көп жалақы алған футболшылардың тізімін жариялады.
Бай-қуаттылардың тізімін Жерар Гоу бастап тұр. Кот-д’Ивуардан келген шабуылшының 2014-2017 жылдары Алматының «Қайратында» өнер көрсеткен кездегі бір айлық жалақысы 160,5 мың долларды құраған екен. «Қайраттың» сапында ол 102 рет жасыл алаңға шығып, 80 гол соқты. Кейіннен Гоу Қытайдың «Бейцзин Энтерпрайзес» және Түркияның «Касымпашасында» ойнады. 2022 жылы қайта Қазақстанға оралып, «Ақтөбенің» жейдесін киді. Қазір африкалық футболшы өз мансабын аяқтады.
Екінші орында – Андрей Аршавин. Ресей футболының жұлдызы айына 120 мың доллар жалақы алды. 2016-2018 жылдары «Шава» 84 матчта 24 мәрте мергендік танытты. Үшінші сатыға Вагнер Лав жайғасты. Кезінде Бразилияның жастар және ұлттық құрамасы сапында ойнаған шабуылшы 2020-2021 жылдары Қазақстан Премьер-лигасында 35 кездесу өткізіп, 14 рет нысананы дәл көздеді. Лавтың жалақысы – 100 мың доллар. Бұл ойыншылардың барлығы да «Қайраттың» намысын қорғады.
Сондай-ақ ең көп жалақы алғандардың қатарында Анатолий Тимощук (Украина, «Қайрат». Айлығы – 91,7 мың доллар), Маркос Пиззелли (Армения, «Ақтөбе». $75 мың), Данило Неко (Бразилия, «Ақтөбе». $71,7 мың), Андерсон Сантана (Бразилия, «Ақтөбе». $61 мың), Данило Сирино (Бразилия, «Ақтөбе». $61 мың), Марин Томасов (Хорватия, «Астана». $60 мың), Жуниор Кабананга (Конго, «Астана». $60 мың) және Бауыржан Исламхан (Қазақстан, «Астана». $60 мың) сынды аяқдоп шеберлері бар.