Кімнің қанша жыл өмір сүру мүмкіндігі жаратушының қолында ғой. «Тіршілігіңде не жасадың?» деген жалғыз сұраққа қайтарған жауабына қарай бақилық болған кісіге қажетті шешім қабылданатын көрінеді. Осынау сауалға Жасболат аға қалай жауап қайтарды екен? Жасболат Нұрмұхамбетовтің жетпіс төрт жылғы өмірінің мәнді, тірлігінің сәнді болғанын оның замандастары да, ізін басқан әріптестері де айтады. Өйткені ғалымның хаты, жақсының аты өлмейді емес пе. Жасекең жақсылардың санатынан еді.
Жетісудың Матай стансасындағы №12 мектепті бітірген Жасболаттың өмір жолы 1942 жылы неміс басқыншыларына қарсы қанқұйлы соғыста Отанын қорғаудан басталады. Майдан шебіне кірген алғашқы күннен көрсеткен ерен ерлігі ескеріліп, взвод командирі болып тағайындалған ол, офицерге тән алғырлығымен танылады. Жасболат қарамағындағы жауынгерлерін сапқа тұрғызып: «Шабуылға шыққанда өлемін демейді, жеңемін дейді. Өлу мақсат емес, жеңу – мақсат. Әйтпесе, күресіміздің мәні қайсы!» деп жігерлендіріп, ал жеңіске жеткен сәтте жаудың бетін қайтардық, сағын сындырдық, енді белін үзіп, жағын айырмай тынбаймыз, деген ауанда сеніміне селкеу түсірмеуді дәстүрге айналдырған. Жасболат басқарған взвод талай шайқасқа түсіп шығынсыз шыққаны да, взвод командирінің қабілеті де ескерусіз қалған жоқ. «Ұлы Отан соғысы» орденімен марапатталған офицер 1943 жылы ауыр жарақат алуына байланысты туған ауылы Сүттігенге оралып, ұжымшардың есепшісі болып қызмет атқарады.
Денсаулығы біршама түзелісімен Алматы қаласына келіп облыстық ауылшаруашылық банкіне инспектор болады. Білім-білігі, іскерлігімен ерекшеленген Жасболатты Қазақ КСР Жеңіл және тамақ министрі өзіне көмекшілік қызметке шақырады. Осы қызметте жүріп Қазақ мемлекеттік университеті мен Мәскеу кооперативтік институтының сыртқы бөліміне түсіп, кәсіби мамандықты игереді.
1949-1964 жылдар аралығында Талдықорған облысының Ақсу ауданында тұтынушылар кооперациясының төрағасы болып жұмыс істейді. Толағай тұлғалы Жасболаттың осы қызметті атқару барысында екінші тынысы ашылады. Азаматтардың материалдық, басқа да қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында олардың мүліктік үлеспұлдық жарналарын біріктіру жолымен құрылған осынау мәртебелі ұйымның тарихы мен сан салалы жұмысы ұшан-теңіз. Өзіндік сайланбалы басқарушы органы бар халыққа қажетті тұрмыс бұйымдарын өтейтін көпсалалы сауда жүйесінің мәні зор еді. Өз еркімен біріккен кооперация жоқтан бар жасады. Байлық қоры тиыннан жиылары ақиқат. Қоршаған ортаның тазалығын сақтап, адамды табиғи апатқа ұрындырмаудың алдын алу шараларын іске асыруды басты мақсат санаған кооперацияға қарасты мекемелердің сүйек-саяқ, жүн-жұрқа, тері-терсекті аяқ астында қалдырмай сатып алып, елді мекендер мен мал жайылымдарын залалсыздандырды. Осындай қыруар шаруаның үйлесімділікпен орындалуын қамтамасыз еткен Ақсу ауданы тұтынушылар одағының төрағасы Жасболат Нұрмұхамбетов Қазақстан тұтынушылар одағы басқармасының ұйымдастыру бөлімінің меңгеруші лауазымына бекітіледі.
Әлбетте, бұл жауапкершілігі үлкен қызмет. Сауда саласының өркендеуіне Сауда министрлігі жауапты болса, 250-ден астам аудандағы тұтынушылардың қам-қаракетін айқындап, даму жолын жүйелеу әрі сұранысын жоғары деңгейде өтеу Қазақстан тұтынушылар одағына жүктелді. Сауда саласының өскелең заман талабына сай дамуын қамтамасыз еткен тұлғаның бірі Ақсу ауданының түлегі Жасболат Нұрмұхамбетов еді.
«Іс тетігін кадр шешеді» тұжырым кеңестік қоғамда терең тамырланды. Кемелденіп, мол тәжірибе жинақтаған Жасболат республика басшылығының ұйғарымымен Жамбыл облыстық тұтынушылар кооперациясының бастығы лауазымына сайланды. «Өзі жақсы кісіге бір кісілік орын бар» дегендей, Нұрмұхамбетов салған жерден-ақ облыс активі қатарындағы сыйлы адамының бірегейі болды. Облыстың барлық елді мекенінде тұтынушылар кооперациясы қаражатына дүкендер, қоғамдық тамақтандыру орындары, наубайхана салынды. Құмдағы, қырдағы, ойдағы, жаз жайлауға шыққан малшыларға автодүкендердің қызмет көрсетуі үзілген емес. Облыстық тұтынушылар одағы тарапынан еңбек адамына көрсетілген қамқорлық басқаларға үлгі болды. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшылары Бименде Сәдуақасов, Хасан Бектұрғанов, облыстық атқару комитетінің төрағасы Сейілхан Ақкөзиев сынды партия, мемлекет қайраткерлері облыстың сауда саласы басшысының іскерлігін әділдік тұрғысынан бағалап, ризашылығын білдірді. Бариян Тұрсыновпен екеуінің достығына жамбылдықтар сүйсіне әрі қызыға қарады. Жасболат Нұрмұхамбетовтің еңбектегі табандылығы, елге адалдығы, қоғам алдында арының да, қолының да тазалығы ескеріліп, КСРО және Қазақ КСР «Тұтынушылар кооперациясының үздігі» атанып, омырауына төсбелгі қадалды.
Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың қыстауына, жаз жайлауына еркелей барып-қайтуына Күләш апамыздың ықпалы аз болған жоқ. Өз кезегінде қарындасына ағалық ілтипатпен қараған Жазылбек қария батыр тұлғалы, маңдайы жарқыраған күйеу баласын құтты шаңырағының төріне шығарудан жаңылмаған. Мойынқұмда қонақтап жүргенінде жарасымды қалжыңымен Жаз-ағаға туған жері жайында «от Матая до Китая» деп әзілдей, Ақсу өңірін сағынып жүргенін де әдемі жеткізіпті.
Тұтынушылар кооперациясының үздігі Сауда министрлігі саласына ауысып, Талдықорған қаласының сауда мекемесінің бастығы болып тағайындалады. Осынау жылдары халықтың тұрмысы едәуір түзелуімен қатар, жаңа тауар мен тұрмыстық техникаға сұранысы артқан кез. Адамның жан дүниесін тамыршыдай тап басатын Жасекең бұқараның сұранысы мен сауда мекемесіне деген талабын зерделеу қажеттілігін алдыңғы шепке шығарды. Отыз жылда жинақтаған тәжірибесі мен озық білімін асқан шеберлікпен үйлестіре білген ол, осы аралықта әр өңірдегі әріптестерімен, республикалық сауда базаларымен тығыз байланыс орнатады. Одақ көлемінде әріптестерін аралап, әлемдік сауда саласындағы қөнеден қалыптасқан дәстүрді жалғастыруға жаңа толқын жастарды көптеп тартады. Сауда саласының жілігін шағып, майын ішкен Жасболаттың тұсында парсының, Бельгияның қалы кілемі, Румыния мен Чехословакияның әсем жиһазы, Финляндияда, Германияда, Польшада тігілген костюм, Жапония, Корея елдерінің телевизоры, Ресей мен Беларусьте жасалған тоңазытқыш, кіржуғыш машиналары тағы басқа тауарлар қолжетімді болып шыға келді.
Шәкірттері өз бетімен тіршілік етіп, қызмет атқара алатынына сенімі бекіген шағында зейнетке шығып, қазыналы қариялардың қатарына қосылды. Зейнеткермін деп отырып қалған жоқ, қалалық, облыстық қоғамдық-саяси, мәдени-көпшілік жұмысына белсене араласты. Мемлекетіміздің тәуелсіздігін баянды ету жөнінде, облыстық ардагерлер ұйымы жанынан ашылған шежіре отауында ой-толғауларымен бөлісіп, біраз еңбегі республикалық, облыстық баспасөз беттерінде жарияланды. Үлкенмен үлкенше, жастармен жастарша пікір алмаса отырып, тағылымды әңгімесін әдемі қалжыңмен аяқтаушы еді. Облыс әкімі Серік Шаяхметұлы Ахымбековті ерекше іш тартып құрметтеуі, Тұрсынғазы Медетбековпен екеуара сұхбаттасуы тартымды өтетін. Мені де шет қақпай әңгімеге тартып отырушы еді, жарықтық. Басымыз қосыла қалса, апаларыңның тобығын қисайтпай, құрметтеп келемін деп жайнаң қағып, Күләш апамызбен өткізген мәнді де, сәнді, жарасымды өмірін екі ауыз сөзбен түйіндейтін.
Еліміз егемендік алған соң, қазақтың салт-дәстүрі саясат ықпалынан арылды. Иманды адамдардың сәждеге басы тиді. Олардың қатары өсе бастағанда Жасболат Нұрмұхамбетов, Егеубек Далбағаев, Адамбай қажы үшеуі Талдықорғандағы «Восток» кинотеатрын мешітке айналдыруға атсалысты. Үшеуі жұбын жазбай мекеме аралап, түйсікті басшыларды осынау қайырымдылық шарасына жұмылдыра білуі, айтары жоқ, биік парасаттың бір көрінісі еді.
Өмірдің ыстығына күйіп, суығына тоңа жүріп шыңдалған жандардың азаматтығы берік болатыны да ақиқат. Осындай азаматтар қатарындағы ақсулық Бейсебек Қорғанбаев, Ақыш Сабырбаев, Жасболат Нұрмұхамбетовтің марқайған шақтағы бас қосуларының өзі мерекеге бергісіз еді. Үшеуі де бір жылда туған Ақсудың ардақты перзенттері. Үшеуі де Екінші дүниежүзілік соғыс және еңбек ардагері. Үшеуі де жоғары білімді, сегіз қырлы бір сырлы. Бейсебектің мамандығы мұғалім, ұстаздық қызметтен партиялық қызметке ауысып, аудандық партия комитетінде үгіт-насихат, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі лауазымын үлкен жауапкершілікпен атқарса, Ақыш Мәскеудегі орталық тұтынушылар кооперациясы институтының Алматыдағы бөлімшесін бітірген. Ақсу аудандық тұтынушылар одағы, дайындау мекемесінің төрағасы. Үшеуі де мемлекеттік мәртебелі орден-медальмен марапатталған, қоғам қайраткерлері, сөз ұстап, ақыл айтар ел ағалары. Атқарған қызметінің сыртында, өңір тарихын жете білетін шежірелі шешен, ата дәстүрді қастерлеген тұлғалар, ауданның Құрметті азаматтары.
Еліміз нарықтық экономикаға көшкен алғашқы жылдары халықтың жағдайы мәз болмағаны мәлім. Алайда жетісулықтардың билікті айыптамай, керісінше қиындықты еңсерудің жауапкершілігін өз мойнына алғанын Жасболат Нұрмұхамбетов көзімен көрді. Елдің ертеңі, тәуелсіздіктің тұғырлы болуы үшін ол жерлестерін ынтымаққа шақырып, бірлікке ұйыта білді. Ғасырлар бойы армандаған азаттықтың, елді берекеге жеткізетін еңбектің қадір-қасиетін бағалай білуге үндеді.
Наурыз ҚЫЛЫШБАЕВ,
Алматы облысының Құрметті азаматы