О заманда, бұ заман біздің қоғам домбыраны дауға айналдырады деп кім ойлаған? Әйтеуір жаз ортасында әлеуметтік желіні шулатқанын ұмыта қойғанымыз жоқ. Іле-шала, міне, кеше ғана «домбыра харам» деп кергіген діни жат ағымдағылар әлеуметтік желіні тағы шулатты.
Кезінде әуе компаниясының ұшаққа домбыраны иесімен қоса алып мінгізбегенін айтып «қырғын» салған қазақ баласы бұл жолы да қарап қалмады. Өйтпегенде ше, ұлттың жанды жері домбырасы мен қобызы емес пе? Оған қуанбаса, ренжудің керегі жоқ сияқты. Өре түрегелсе де кінәлай алмас едік. Бірақ басынан әліптің артын баққан елдің баласы көрегендік танытып, жанайқайын жеткізгенімен, бейсауат іс пен сөзге барған жоқ. Сонымен қазақтың жаны мен арындай домбыраға соқтығып, тіл тигізу қашан, қалай тыйылады?
Біз домбыраны ұшаққа жолаушымен қоса мінгізбеуге тырысқан әуе компаниясын да, сөйтсе де оны өзімен ала жүрген өжет иесінің әрекетін де сөкпейміз. Өйткені әр мекеменің, әр компанияның ережесі, белгіленген талап-тілектері бар ғой. Ол талап-тілек бәріне бірдей. Қауіпсіздік шарттары болуы да бек мүмкін. Домбыраны ақын игілікке ұстаса, алаяқ біреулер ақын не әнші көрініп, шанағына әлдене жасырып өтуі де ғажап емес. Әрине, ондайдан Құдай сақтасын. Не десек те көпшілік орында бірінші қатаң талап – сақтық. Соған орай әуе компаниясы кезінде ресми мәлімдеме де таратыпты. Қош көрдік.
Бұған қоса халықтың шуы да орынды. Айналайын-ау, жаны мен арын қаралағандай жанды жерінен тиіп жатса, кім де болсын қарсы тұрып, өзін қорғауға көшпей ме? Ал ай мен күннің аманында себепсіз домбыраға соқтығу қазақтың бар асылына ашық майдан жариялаумен пара-пар құбылыс. Осыдан екі-үш күн бұрын ғана діни жат ағымдағылар домбыраға қатысты жария есі дұрыс адамды бейжай қалдырмады. Ұлттық қана емес, адамзаттық мәдениетке ашылған ашық майдан іспетті. Домбыра харам (Алла сақтасын) болса, жалғыз қазақ емес, кез келген ұлттың осы қатарлы ұлттық аспаптарының бәрі іске алғысыз, онда орындалатын барлық саз-әуен, ұлы мәдениет атаулыны жоққа шығару керек деген сөз. Осы орайда жуырда Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға сауал жолдап, мәселе көтерді.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «қазақ пен домбыра егіз ұғым. Баршамызға ортақ құндылық домбыраны жан-жақты насихаттап, жас ұрпақтың санасына сіңіру өте маңызды», деп асыл құндылығымызға мән беруге шақырды. Өкінішке қарай, бүгінгі қоғам арасында, әлеуметтік желілерде домбыра аспабына деген шабуылдар, ұлттық дүниетанымымызға жат қауіпті пікірлер көбейіп барады. Әсіресе діни жат ағымдардың жетегінде кеткен кейбір Қазақстан азаматтары жұртты адастыратын теріс пікірлер таратып жатыр. Бұған әлеуметтік желілерде желдей есіп жүрген «домбыра харам» деген сияқты адам шошытар алыпқашпа сөздер дәлел.
Домбыраға тиісу – ұлтқа тіл тигізу, төлтума мәдениетімізді қорлау, өткен тарихымыз бен бүгінімізге көлеңке түсіру деп қабылдаймыз. Домбыра қазақтың кеудесіндегі жаны мен ақ дидарындағы ары. Бабалар сөзін бүгінге жеткізді, бүгіннің сөзін ертеңге жеткізетін де осы қасиетті домбыра. Ендеше, аспанда да, жерде де домбыра қазақпен бірге жүреді. Азаттығымның, қазақтығымның бойтұмарындай қасиетті домбыраға тіл тигізуге, қорлауға жол бермейік. Армен де, заңмен де қорғай білейік. Жат ағымдағылардың сандырағына тыйым салайық. «Amanat» партиясының тұғырнамасында да рухани құндылықтарымызды жаңғыртуға мән берілген.
Тоқсан ауыз сөзімнің тобықтай түйіні:
Бірінші, Мемлекет басшысының мектепте домбыра үйрету сабақтарын енгізу қажетті әрі дұрыс бастама деген сөзін Оқу-ағарту министрлігі ескерусіз, аяқсыз тастамауға тиіс. Мектептерде ән-күй сабағында домбыра аспабын үйрету оқу бағдарламасына енгізілсін.
Екінші, БАҚ-та, радио және телеарналарда домбыра аспабының құндылығын ашатын ән-күй, жыр-терме, айтыс өнерлері көбірек насихатталсын.
Үшінші, құзырлы органдар, дін істері жөніндегі уәкілетті орган теріс ағым жетегінде кеткен адамдармен жұмыс жүргізуді күшейтуге тиіс. Жауапты заңнамада белгіленген мерзімде жазбаша ұсынуыңызды сұраймын».
Мұнда ең бірінші кезекте мән берілуге тиіс сөз депутаттың «домбыраны заңмен де қорғай білейік» деген пікірі. Өйтпеген жағдайда домбыраға, ұлттық құндылықтарымызға тіл тигізу, ақпараттық шабуыл, тағы басқа келеңсіздіктер бұдан былай да жалғаспасына кім кепіл? Бұл арада домбырамен қатар, қобыз аспабы да барын ұмытпауымыз керек. Осы және басқа да ұлттық аспаптың сүйемелдеуімен орындалатын барлық мұра заңмен қорғалып, оларды орындаушыларға мәртебе берілмейінше, күллі құндылық саудаға түскен мына заманда ұлттық өнер өгейдің кебін киіп, жетімсірей берері сөзсіз. Биылғы тамыз айының 21-де осы газет бетінде жарияланған «Жыршылық өнердің мәртебесі қандай?» атты мақаламызда бұл мәселенің шет жағасы қозғалған. Онда 2023 жылдың 26 сәуірінде Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның ұлттық мәдениетті жетілдіру туралы депутаттық сауалын негізге алғанбыз. Жалпы, жыршылық, күйшілік өнердің қай-қайсысы болсын, тек домбыра мен қобыздың сүйемелдеуімен шығатындықтан, бұның бәрі заңмен қорғалып, орындаушыларға мәртебе берілуі – уақыт талабы.
«Мен мәдениет және спорт министрлігі күні кеше қабылдаған Қазақстан Республикасы мәдени саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы мен Мәдениет туралы заңды зерделеп шығып, мынадай қорытындыға келдім. Елімізде заң актілерінде қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті мен ұлттық өнері туралы концептуалды дүниелер көрініс таппаған және жақын болашақта оларды насихаттау, дамыту шаралары мүлдем қарастырылмаған.
Сөзім дәлелді болуы үшін бірнеше мысал келтіре кетейін: Домбырада күй орындау мен айтыс өнері ЮНЕСКО шешімімен материалдық емес мұралар тізіміне енгізілген, алайда осы екі өнер саласына қатысты жоғарыда айтқан 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдама мен «Мәдениет туралы» Заңымызда бірде-бір норма жоқ. Еуропа елдерінің одағы тек қана өздерінің ұлттық мәдени мұраларын сақтау әрі дамыту бағытында 400-ден аса құқықтық және нормативтік акті қабылдаған. Ал біздің заңнамада «жыр», «жырау», «жыршылар» туралы, жалпы, қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті мен өнеріне қатысты бір ауыз сөз жоқ», депті Абзал Құспан депутаттық сауалында. Демек, өзімізді қадірлейік десек, домбырадан бастап барлық ұлттық аспабымыз бен мұрамызды заңмен қорғап, тиісті шараларды қолға алу керек.