Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында Орнықты даму мақсаттары жөнінде саммит өтті. Кездесуде орнықты даму мақсаттарына қатысты көптеген мәселе талқыланды. Жиын барысында Украинадағы соғыс әлемді түпкі жоспардан алаңдатпағаны атап өтілді. Дегенмен 2015 жылы алға қойылған мақсаттарды 2030 жылға дейін орындау мүмкін еместігі де сөз болды. Әсіресе бұл кедейлікпен күреске және қоршаған ортаны қорғауға қатысты.
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериш жиында бұған ешкімді кінәламай, екі күндік саммитті тиімді жоспар құруға арнауға шақырды. 17 бөлімнен тұратын орнықты даму мақсаты 2015 жылы БҰҰ жиынында қабылданған-тұғын. Құжатта 169 нақты мақсат атап көрсетілген. Сарапшылардың айтуынша, қазіргі таңда құжатта көрсетілген міндеттердің 15 пайызы ғана орындалған.
Саммитте Ирландия және Қатардың бастамасымен 43 тармақтан тұратын саяси декларация қабылданды. Құжатта бірнеше жылдан бері тұрақты даму мақсаттары орындалмай жатқаны ескертілген.
«Миллиондаған адам кедейлікке ұшырады, аштық белең алып келеді. Гуманитарлық қажеттілік артып, климаттың өзгеруінің салдары айқын біліне бастады. Бұл халықаралық ынтымақтастықтың әлсіреуінен және осы дағдарыстарды бірлесіп еңсеру үшін сенімнің жетіспеушілігінен туындаған теңсіздіктің күшеюіне әкелді», делінген құжатта.
Біріккен Ұлттар Ұйымы келтірген мәліметке сүйенсек, қазір әлемде 2015 жылмен салыстырғанда орташа немесе қатты аштықтан 745 миллионнан аса халық зардап шегеді. Осылайша, БҰҰ Бас хатшысы А.Гуттериш әлем 2030 жылға қарай аштықтан құтылу жөніндегі мақсатына жетудің ауылы алыс екенін атап өтті. Шартарапта 2005 жылдан бері байқалмаған аштық деңгейі тіркелген. Азық-түлік бағасы 2015-2019 жылдарға қарағанда көп елде әлі де жоғары күйінде қалып отыр. Жер-жаһан осы қалпында жалғастыра берсе, құқық қорғау, гендерлік және кемсіту олқылықтарын жою үшін әлі 286 жыл қажет.
Саяси декларацияда баяндалған шешімдердің ауқымы кең. Онда дамушы елдерді қаржыландыруды, қарызды өтеудің тиімді тетігі қарастырылған. А.Гуттериштің айтуынша, тұрақты орнықты мақсаттарды ынталандыру үшін жыл сайын кемінде 500 миллиард доллар көмек берілуге тиіс.
Декларацияда сонымен қатар дамушы елдерге қолжетімді бағамен жеке қаржыландыруға мүмкіндік беру үшін көпжақты даму банктерінің бизнес үлгісін өзгерту ұсынылған. А.Гуттериш халықаралық қаржы архитектурасын реформалауға шақырып, қазіргі нұсқасын «ескірген, жұмыс істемейтін және әділетсіз» деп мәлімдеді.
Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының президенті Деннис Фрэнсис кейінгі жылдары сенім мәселесіне селкеу түскенін, көпжақты ынтымақтастың әлсірегенін атап өтті. Оның айтуынша, коронавирус пандемиясының салқыны әлі де тиіп отыр. Сондай-ақ бақуатты мемлекеттер қол жеткізе алатын мақсатты ғана таңдайтынына наразылық білдірді.
«Бірлескен, өршіл іс-қимыл арқылы біз 2030 жылға қарай 124 миллион қосымша халықты кедейліктен шығарып, 113 миллионға жуық адамның аз тамақтанбауын қамтамасыз ете аламыз», деді Д.Фрэнсис.
Негізгі саммит аяқталғаннан кейін «Орнықты даму мақсаттарына (ОДМ) қол жеткізу жолындағы прогресті жеделдетудің негізгі өтпелі үдерістеріне қатысты ауқымды іс-қимылдарды жандандыру» атты Көшбасшылар диалогі өтті. Іргелі жиынға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстан Президенті Каталин Новакпен бірге төрағалық етті.
Мемлекет басшысы өз сөзінде Біріккен Ұлттар Ұйымының 2030 жылға дейінгі күн тәртібі бүгінгі өскелең ұрпақтың жарқын болашақ құруына берілген бір ғана мүмкіндік екенін атап өтті.
«Геосаяси қақтығыстарға байланысты шиеленісе түскен қазіргі жаһандық сын-қатерлер біздің ұжымдық күш-жігерімізге нұқсан келтіріп отыр. Бұл кедергілерді еңсеруге жекелеген мемлекеттің шамасы жетпейді. Әлемдік қоғамдастықтың бірлігінің арқасында ғана елеулі жетістіктерге қол жеткізе аламыз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Қазақстан үшін Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу – ұлттық басымдық. «Орнықты даму қағидаттары біздің негізгі ұлттық стратегияларымыз бен бағдарламаларымыздың өзегіне айналды. Бүгінде орнықты болашаққа белсенді түрде инвестиция құйып отырмыз. Мемлекет бюджетінің 80 пайызы орнықты даму мақсаттарына сай келеді. Біз тегін білім алудың және денсаулық сақтаудың баршаға қолжетімді болуын қамтамасыз етеміз. Жаңа Әлеуметтік кодексте халықтың осал топтарын қорғау шаралары күшейтілді», деді Мемлекет басшысы.
Іс-шара барысында мақсаттарды жүзеге асырудағы жетістіктер мен олқылықтарды есепке ала отырып, тұрақты дамуға өтуге әкелген ұлттық әрекет талқыланды. Көптеген спикер қаржыландыруды қолжетімді етуді, әсіресе дамушы елдерге арналған жаһандық қаржы жүйесін реформалау қажетін атап өтті.
Оңтүстік Африка Республикасының Президенті Матамела Сирил Рамафоса әр елдің өз даму жолын ұстануға құқығы бар екенін айта отырып, халықаралық қаржы архитектурасын да, көпжақты сауда жүйесін де оларды дамушы елдерге әділ ету үшін реформалауға шақырды. Қаржылық ресурстарға және әлемдік нарықтарға кез келген мемлекет қол жеткізе алмайтынын жеткізді. Дегенмен орнықты даму мақсаттарының жүзеге асырылуы негізінен елдер арасындағы жақсы әлеуметтік, экономикалық және саяси қарым-қатынастарға байланысты екенін атап өтті.
Аустрия Президенті Александр Ван Дер Беллен орнықты даму мақсаты үдерісі тек қаржымен байланысты емесін алға тартты. Жедел өзгерістерге қол жеткізу үшін заңның үстемдігі маңызды. Сондай-ақ жыл сайын сыбайлас жемқорлықтың салдарынан жаһандық ішкі жалпы өнімнің шамамен 5 пайызы жоғалатынын атап өтті. Бұл сома орнықты даму мақсатын қаржыландырудағы алшақтықты жоюға айтарлықтай үлес қоса алады.
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров білім саласын өзгертуге инвестиция салу керектігіне назар аударды. Мұндай реформа адамдардың болашақта лайықты жұмысқа орналасуына көмектеседі. Халықтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді. Осы ойды қуаттаған Мажарстан Президенті Каталин Новек келешек ұрпақтың бұрынғыға қарағанда бақытты ғұмыр сүретін қоғам құруға шақырды.