«Қазақстан туризімін қалай дамытамыз?» Дәл осы сұрақ аясында отандық және шетелдік туризм мамандары Ақтауда ұйымдастырылған халықаралық туризм форумында бас қосып, отандық туризмді дамытудың жаңа бағыттарын, сала трендтері мен перспективаларын талқылап, елімізге инвесторлар мен жаңа серіктестерді тарту мәселесіне кеңінен тоқталды.
Ауқымды іс-шараның пленарлық отырысына Премьер-министр Әлихан Смайылов, Туризм және спорт министрі Ермек Маржықбаев, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев және мемлекеттік органдар, сондай-ақ халықаралық ұйым өкілдері де қатысып «Халықаралық ашықтық», «Туризм жобаларын қолдау», «Жаңа туризм бағытын айқындау», «Туризм саласына инвестициялар тарту» және «Өңірдегі туризмді дамыту» тақырыптары бойынша панельдік талқылаулар өткізіп, сарапшылар баяндама жасады.
Жиында сөз алған Ә.Смайылов елімізде мемлекеттің туризмді дамытуға, төл мәдениетіміз бен дәстүрімізді насихаттауға үлкен мән беріп отырғанын атап өтті.
– Біз «зәкірлік» жобалар іске асырылатын маңызды 10 туристік аймақты анықтадық. Соның бірі – Каспий теңізінің жағалауы. Бұл – ерекше фаунасы, көркем жағажайлары мен ежелгі көрікті жерлері бар ерекше мекен. Біз кез келген қонақ үшін барынша қолайлы жағдай жасауға ниеттіміз. Мемлекеттің де, жеке сектордың да күш-жігері осыған бағытталған, – деп атап өтті Үкімет басшысы.
Ал сала басшысы Е.Маржықпаев өз баяндамасында отандық туризм индустриясының 9 өзекті мәселесіне тоқталды. Атап айтқанда, шетел азаматтары Қазақстанға визасыз келу мүмкіндігі бар шет мемлекеттер санын 100-ге дейін ұлғайту, халықаралық әуе қатынасын дамыту, «Kazakh Tourism ҰК» АҚ өңірлік бөлімшелерін және компанияның шетелдік өкілдіктерін ашу арқылы елдің туристік брендін, Қазақстанның туризм саласындағы инвестициялық әлеуетін дамыту, курортты өңірлерді инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, экотуризмді, агротуризмді және балалар туризімін дамыту мәселелерін айта келіп, министр глэмпингтер санын көбейтуге, қонақүйлер мен балалар лагерьлерін салуға бағытталған шараларды енгізу қажеттілігіне назар аударды.
Сондай-ақ Е.Маржықпаев еліміздің білікті гидтері, туробъектілері мен маршруттары туралы нақты және егжей-тегжейлі ақпарат беретін мәліметтер базасын құру, жаңа және қолданыстағы орналастыру орындарына қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында заманауи критерийлер мен стандарттарды ескере отырып, қонақүйлерді жіктеу жүйесін реформалау, туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ұйымдастырылған туризм үшін жағдай жасау қажет екенін айтты.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, биыл алғашқы алты айда өңірге шетелден және еліміздің өзге де аймақтарынан 179 мың турист келген. Дей тұрғанымен, статистикаға жақын жатқан көрші облыстардан (Атырау, Ақтөбе, Орал) келетін туристер саны енгізілмеген.
– Бұл көрсеткішті өткен жылмен салыстырғанда туристер ағыны 38 пайызға өскені байқалады. Туризмді дамыту көлік инфрақұрылымына тікелей байланысты екені белгілі. Оның ішінде туристердің әуе көлігімен келуі үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Ақтау әуежайынан аптасына 26 бағытқа 147 рейс, оның ішінде 45 шетелдік рейстер жүзеге асырылады. 732 мың жолаушы пойызбен тасымалданды. Курортты аймақты дамыту аясында былтыр жергілікті инвесторлармен төрт жоба іске асырылды. Нәтижесінде, 1 млрд 100 млн теңге инвестиция тартылып, 80-нен аса жұмыс орны ашылды, – деді облыс әкімі.
«Халықаралық ашықтық және көліктің қолжетімділігі» панелдік сессиясында Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко елімізге келетін туристер санын арттыру үшін визалық режімді жеңілдетіп, тікелей әуе рейстерін көптеп ашу керек екеніне тоқталды. Сондай-ақ ол өткен жылдар ішіндегі атқарылған жұмыстарының нәтижесінде Қазақстан Ұлттық брендинг индексінде тұрақты түрде алға жылжып келе жатқанын айтты. «Британдық Brand Finance компаниясы жасаған 2023 жылғы жаһандық жұмыс қуаты индексінде 9-орынға көтерілді. Бұл – біздің стратегиялық күш-жігеріміздің дәлелі», деді ол.
Сонымен қатар Р.Василенко Қазақстан саяхат және туризмді дамытудың кейінгі индексінде 117 елдің ішінде 66-орынға ие болғанын, осы көрсеткіш арқылы Орталық Азия елдері арасында көш бастап тұрғанын мәлімдеді.
– 2017 жылдан бастап елімізге 45 елдің азаматтары, соның ішінде Еуропа экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы, Еуропалық одақ елдерінің, сондай-ақ БАӘ, Малайзия, Сингапур, Монако және тағы басқа елдің тұрғындары Қазақстанға 30 күнге визасыз келе алады. Қазіргі уақытта Қазақстанға 80-нен аса елдің азаматтары визасыз кіреді. Алдағы уақытта визасыз келетін елдердің санын 100-ге жеткізгіміз келеді, – дейді ол.
Air Astana әуе компаниясының вице-президенті Әділ Дәулетбек Қазақстанға саяхаттап келуге ынтық шетелдік жолаушылардың қатары күн сайын артып келе жатқанын, соның нәтижесінде бірнеше жаңа бағыт бойынша рейстер ашуды жоспарлап отырғанын айтты.
– Қазір бізде 46 ұшақ бар. Олардың орташа жасы – 5 жыл. 2025 жылдан бастап әуе ұшақтарымызды қайта жаңартамыз. Осы арқылы ұшу географиямызды кеңейтуге мүмкіндік аламыз. FlyArystan компаниясы ел аймағында және шетелдік бағыттар бойынша бесінші жыл қатарынан жұмыс істеп келеді. Халықаралық бағыттар бойынша Ыстамбұл, Кутаиси, Баку және тағы басқа да бағыттарда рейстерді орындайды. Алдағы уақытта Делиге бағыт ашуды жоспарлап отырмыз. Әрі қарай Қытай, Израиль, Сауд Арабиясы, Жапония, Сингапур және тағы басқа елдерді қамту жоспарымызда бар, – дейді Ә.Дәулетбек.
«Қазақстанның туристік әлеуетін ашу: инвестициялық мүмкіндіктерге жол» сессиясында баяндама жасаған Rixos Hotels қонақүй желілерінің басшысы Феттах Таминдже Қазақстанда шетелдік туристерді тартатын туристік өнімдер көп болғанымен, біздің елде әлі де туризмнің әлеуеті толық ашылмаған деп есептейді.
– Қазақстанда туризмді дамыту үшін Үкімет тарапынан барлық жағдай жасалған. Мен 20 жылдан бері сіздердің елдеріңізде еңбек етіп келемін. Осы уақыт аралығында Қазақстанға 1 млрд доллардан көп инвестиция салып, туризмді дамытуға барынша септігімізді тигізіп жатырмыз. Қазіргі таңда 4 мың жас қазақстандық азаматтар жұмыспен қамтылған. Мен не себепті Қазақстанның туризм әлеуетіне сенемін? Өйткені Қазақстанда табиғаты тамаша тартымды жерлер өте көп. Оны көпшілігіңіз біле бермеуіңіз де мүмкін. Сондықтан шетелдің қазынасына қаржы құя бергенше, ішкі жауһарларымызға да көңіл бөлген дұрыс. Қазақстан – Түркия, Мысыр, БАӘ азаматтары үшін өте тартымды ел саналады. Сырттан келетін туристер Қазақстанның көрікті жерлерін тамашалап қана қоймай, өздерінің ақшасын жұмсап, елімізге инвестиция құяды. Ал қазақтың қалталы азаматтары үнемі шетелде демалып, сол елдің қазынасын қампайтуға жұмыс істеп жатыр. Менің айтқым келетіні, Қазақстанның туризм саласының болашағы зор. Сондықтан да мен Қазақстанға инвестиция салдым, – дейді Ф.Таминдже.
Жиынға қатысушылардың қатарында болған Еуропалық Одақтың Қазақстандағы елшісі Кястутис Янкаускас Қазақстан еуропалық туристер үшін әлі ашылмаған бағыт екенін атап өтті.
– Орталық Азия мен Қазақстан салыстырмалы түрде еуропалықтар үшін әлі белгісіз бағыт саналады. Еуропалық туристер әрқашан әлемдігі көруге балатын қызықты орындарды іздейді. Сол туристерді неге Қазақстанға тартпасқа? Сіздердің елдеріңіз қауіпсіз және тұрақты. Бұл – туристер үшін ең басты мәселе. Сонымен қатар Қазақстанда еуропалық туристердің қызықтыра алатын тауы, шөлді аймақтары бар, теңіз бен бай мәдениетке ие. Инфрақұрылымды дамытуға бағытталған стратегия Қазақстанды еуропалық туристер үшін одан да тартымды етеді. Бұған қол жеткізу үшін қарапайым нәрселер қажет. Яғни бізге тікелей рейстер санын көбейтіп, әуе компанияларының бәсекелестігін арттыру керек. Шетелдік туристерге ең бастысы инфрақұрылым қажет. Халықаралық автокөлік жолдары, санитарлық жағдайлар, қосымша онлайн ақпарат және тағы басқа туристерге қажетті нәрселер болса жеткілікті, – деді Янкаускас.
Әзербайжанның туризм жөніндегі мемлекеттік агенттігінің БАҚ және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Кенан Гүлузаде екі елдің арасындағы туризмнің дамуы қарқынды тең жағдайда жүріп жатқанын және жаңа мүмкіндіктер пайда болып жатқанын атап өтті.
– Қазақстан мен Әзербайжан арасында Жібек жолы тұжырымдамасына негізделген көптеген бірлескен жоба бар. Қазақстандық туристер бірінші кезекте Әзербайжанда қалалық туризм мен сауықтыру туризімін, әсіресе емдік қасиеті бар балшық ванналары мен нафталинге (емдік қасиеті бар минералды май) келгенді ұнатады. Әзербайжандық туристер де Қазақстанға жиі барады. Сонымен қатар Қазақстанның үш қаласы мен Баку арасында тікелей әуе қатынасы бар, бұл туристердің саяхатын жеңілдететіні сөзсіз, – дейді К.Гүлузаде.
Бір күнге жалғасқан форум соңында B2B-сессиялары өткізіліп, туризм саласындағы қазақстандық және шетелдік компаниялар өзара ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойды.