Сырдария бойына, көл табандарына қаулап өсіп, өзіміз өртеп тастайтын қамыс өзге елде қадірлі деп кім ойлаған? Рас, кезінде бұл жарықтықты үй құрылысына пайдаланды, тіпті ыза теппеу үшін іргетастың астына тастағандарды да көргенбіз. Қазір жігіт ағасы жасынан асып бара жатқан замандастарымыз қолы тілімделіп, талай мәрте бау-бау қамыс орған шығар-ау.
Қазір Қытай – осы қамыспен талай елді қамтамасыз етіп, содан қыруар пайда тауып отырған әлемдегі бірден-бір мемлекет. Кешегі пандемияда сыртпен байланыс тоқтап, күллі Еуропа тоқтаусыз жетіп тұрған қытай қамысын таппай, жан-жаққа сұрау сала бастапты. Осы сәтте Қазалы қамысы әлем нарығына шыға келді.
Әрине, қай іс те бірден көшін түзеп кетпейтіні анық қой. Қазалы қамысын шетелге шығарған Венера Тайлақбаеваға ең әуелі ағылшын тілін жетік білетіні пайдасын тигізді. Саудада достық болмайтыны рас, тіл білмесең, іскерлік байланысқа адал деген шетелдіктердің өзі сан соқтырып кетуі мүмкін.
– Интернетті шарлап отырып осындай бір ерекше сұранысқа көзім түсті. Сосын тауардың әр елдегі бағасына талдау жасадық. Осылайша, алғашқы өнімді Германияға сараптамаға жібердік. Біз қамыстан құтылғымыз келсе, шырпы тигізіп, лап еткізіп шаруаны әп-сәтте шеше саламыз ғой. Немістерде сынақтан өтпеген тауар утилизацияға жіберіледі екен. Қамыс тасыған көлікті жалдау мен жарамаған жағдайда қамысты жоюды қосқандағы шығынымыз 5 млн теңгенің үстіне шықты. Нар тәуекелмен бастаған тірлігіміз оңға басып, немістер біздің қамыстың сапасы өте жоғары екенін хабарлағанда арқамыздан ауыр жүк түскендей болды. Осыдан кейін Германиямен қатар, Нидерланд, Дания, Франция, Польша, Беларусь мемлекеттеріне өнім жөнелте бастадық, – дейді Венера.
Қазір біз баспананы да, басқа ғимаратты да еуропалық үлгіде салып, бүкіл керекті жабдығын сол жақтан тасып әуреге түсіп жүрміз. Ал шетеліңіз одан әлдеқашан бас тартып, табиғи материалдарға көше бастапты. Мысалы, Қазалының қамысы көп елде үй шатырын жабуға жұмсалады екен. Қалауын тапса, одан биоотын өндіруге де болады. Шағын ауылға жылу мен жарық беретін қазандық жасаудың да жолы бар.
Қамысты кәдеге жаратып жатқандар қатарына Түркия, Румыния, Ресей мен Украина бар. Соңғы екеуінде қазіргі жағдайға байланысты өндіріс уақытша тоқтап тұр. Ал Сыр қамысы саудаға шыққалы бері басқа мемлекеттердің өнімдеріне сұраныс азайыпты.
– Бұрын кім білген, қамыстың да сапасы өскен топырағына байланысты болады екен. Тұщы суы бар өңірде өскені борпылдақ болып құрылысқа жарамайды екен де, біздегідей тұзды топырақтан өнгені қатты болады екен. Шетелдіктер біздің жұмыспен танысуға келгенде осындай табиғи материалдың ортасында отырып, құрылысты еуро стильде салатынымызға таңғалып кетеді, – дейді В.Тайлақбаева.
«Азия қамыс» серіктестігін құрып, өңірде жоқ тың кәсіпті бастаған кейіпкеріміздің арқасүйері азаматы – Райысбек Аяпбергенов. Ерлі-зайыпты екеу бұрын теміржол саласында еңбек еткен. Бар техниканың тілін білетін Венераның көксегені тепловоз машинистігі еді. Жүк кассирі болып 14 жыл жұмыс істеген келіншектің кәсібі бір күнде өзгеріп шыға келді. Қазір Райысбек қамыс шабу, жинау секілді шаруамен айналысса, Венера шетелдіктермен байланыс орнатып, өнімді жеткізу жағын қолға алған. Тынымсыз ізденістің арқасында облыстағы Жалағаш ауданы мен Балқаш, Астана мен Атырау өңірлерінен серіктестер тапты.
Бұлардың кәсібі туралы хабар тарағалы бері Қарағанды мен Астанадан хабарласып, құрылысқа қамысты қолдану тәсілін сұрағандар болыпты. Сақ моншасын салып жатқандар да кеңес сұрап отыр. Мұның жайын жақында Қазалыға келетін Германия мамандары түсіндіреді.
Венера осы кәсіптен жылына 1-2 млрд теңге табыс табуға болатынын айтады. Бірақ ол үшін жер керек. Серіктестік орналасқан Кәукей ауылының аумағынан жер алып, кәсібін кеңейткісі келеді. Қызылдың құмына қарай Қуаңдария арқылы күріштің қашыртқы суы жиналатын аумақтан жер сұрап, бизнес-жоспарын да ұсынып қойды. Алдағы жоспарында қамыстан көмір шығару бар. Шатырдан бөлек, қамыстан неміс технологиясымен жиһаз жасайтын материал шығарғысы келеді.
Он баласын еңбекке тәрбиелеп отырған Венера өзгелерге көмек көрсетіп, жұртты жақсы іске ұйыстырып отыр. Қазір мекемеде Кәукей ауылының он шақты тұрғыны жұмыс істеп жүр. Маусым кезінде олардың қатары еселеп артады. Олар қамысты қыста, аязды күндері қатты кезінде шауып, құрғақ жерде сақтайды. Оңай жұмыс емес, бірақ бейнеті ақталып, тәп-тәуір табыс тауып жүр. Серіктестікте қамыс оратын шетелдік техника бар. Қолдау болса, тың өндірістің өрісі кеңейіп кетер еді.
Қызылорда