Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында Түркі инвестициялық қорын құру туралы келісім қабылданды. Сондай-ақ Ұлттық қордан баларға төленетін қаражатқа қатысты заң жобасы талқыланды.
«Түркі инвестициялық қорын құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы жөнінде Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров баяндама жасады. Ведомство басшысының айтуынша, екіжақты ынтымақтастық, көпжақты платформалар шеңберінде, соның ішінде Түркі мемлекеттері ұйымы аясында белсенді өзара іс-қимыл жасалып келеді.
«Түркі мемлекеттері ұйымының негізгі міндеттерінің бірі – экономиканың озық секторларына инвестиция тарту үшін қолайлы жағдайлар жасау, жаңа технологиялардың пайда болуын ынталандыру және оларды белсенді енгізу. Бұл бағыттағы негізгі басымдықтардың бірі – Түркі инвестициялық қорын құру мәселесі. Қорды құру бастамасына Әзербайжан Республикасы ұйытқы болды. 2021 жылғы 31 наурызда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорды тең капиталды және тең дауыс құқығы қағидатына сәйкес құру бойынша жұмысты жеделдету қажеттігін атап өтті.
Осылайша, биыл 16 наурызда Түркі мемлекеттері ұйымына мүше Мемлекет басшылары кеңесінің төтенше саммиті аясында қорды құру туралы келісімге қол қойылды. Түркі инвестициялық қоры – түркі әлемінің экономикалық интеграциясының алғашқы бірлескен қаржы институты. Қордың мақсаты өңірішілік сауданы кеңейту және экономикалық белсенділікті қолдау арқылы ұйымға мүше мемлекеттердің экономикалық дамуына жәрдемдеседі», деді Ә.Қуантыров.
Министрдің сөзіне сүйенсек, Қор инвестициялық қызмет арқылы жобаларды, атап айтқанда шағын және орта кәсіпорындардың жобаларын қаржыландырады. Физикалық және цифрлық инфрақұрылымды құруды және жаңғыртуды қолдау, өнеркәсіптік өндірісті, көлікті, ауыл шаруашылығын, туризмді және жасыл экономика секілді қызығушылық тудыратын салалардағы даму жобаларына қолдау көрсетеді. Бұл аталған жобалар ең алдымен жаңа жұмыс орындарын ашуға, Қазақстан экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік береді.
«Қордың жарғылық капиталы жалпы номиналды құны 350 млн доллар төленген акциялар және номиналды құны 150 млн доллар қосымша тартылатын акцияны құрайды. Онда әрбір мемлекеттің үлесіне 70 млн доллар төленген акциялардан тұрады. Қордың әрбір мүшесі бірдей дауыс беру құқығына ие. Қордың құрамына қордың Президенті, Басқарушылар кеңесі, Директорлар кеңесі, Бас директор және қатардағы қызметкерлер кіреді.
Ұйымға мүше мемлекеттер басшыларының 2022 жылғы 11 қарашадағы шешіміне сәйкес қордың бірінші президенті болып Түркі мемлекеттері ұйымының бұрынғы Бас хатшысы Бағдат Әміреев тағайындалды. Қордың орналасқан жері, яғни штаб-пәтері ретінде түркі елдері көшбасшыларының келісуімен Ыстанбұл қаласы болып белгіленді. Қорды құру туралы келісім халықаралық шарт жасасудың заңдылықтарына, Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелері мен заңнамасына, ұлттық стратегиялық жоспарлау жүйесіндегі құжаттардың мақсаты мен міндеттеріне қарама-қайшы келмейді», деді Ә.Қуантыров.
Сонымен қатар қор аясында Қазақстан халықаралық және ұлттық қаржы институттарымен, сауда-өнеркәсіп палаталарымен және жеке ұйымдармен ынтымақтастық орнатуға, өңірішілік сауданы, көліктік-логистикалық тізбектерді, қоймалық және өндірістік қуаттарды кеңейтуге мүмкіндік алады.
Бұдан кейін «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Тараптар мемлекеттерінің азаматтарына қатысты ақпарат алмасу туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланды.
«Құжат төрт бағыттан тұрады. Олар – екі елдің келген азаматтары берілген визалар, келу және болу тәртібін бұзу, азаматтыққа қабылданған адамдар туралы ақпаратпен алмасу. Бұл мәліметтер қос азаматтыққа қарсы күрес, заңсыз көші-қон арналары жолын кесуге септігін тигізеді», деді Ішкі істер министрі Ержан Сәденов.
Келісім Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының көші-қон және қос азаматтыққа қарсы іс-қимыл саласы құзыретті органдары арасындағы ынтымақтастықта құқықтық негіз қалыптастыруға мүмкіндік береді. Құжат тараптар азаматтарына қатысты көші-қон саласында ақпарат алмасу бойынша өзара іс-қимылды, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және нығайтуға ықпал етеді. Мәжіліс заң жобасын қабылдап, Сенаттың қарауына жіберді.
Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан балаларға төлем жасау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда қабылданды.
Ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50 пайызы балалар 18 жасқа толғанға дейін олардың арнайы жинақ шоттарына аударылады. Бұл қаражатқа олар болашақта тұрғын үй жағдайын жақсартып немесе білім ала алады. Тұрғын үй сатып алуға немесе жақсартуға Қазақстан аумағында ғана рұқсат етіледі, ал білім алу үшін шетелдік оқу орнында оқуға мүмкіндік бар.
Жинақ және төлем тетігі 2024 жылдың 1 қаңтарынан басталады. Әрбір баланың шотына оның туғаннан немесе Қазақстан азаматтығын алған кезден бастап 18 жасқа толғанға дейін бағдарламаға қатысқан тиісті жылы үшін бірдей сома аударылады. Қаражат Ұлттық қорда болады және оны Ұлттық Банкі қаржы құралдарына инвестициялауды жалғастырады. Тек шотта жинақталған қаражатты он сегіз жасқа толғаннан кейін ғана пайдалануға мүмкіндік беріледі. Алайда балалар азаматтықты өзгерткен немесе жоғалтқан кезде бұл құқығынан айырылады. Сонымен қатар төленетін қаражат салық салудан босатылады.
Мәжілісмендер бүгінгі жалпы отырыста Ұлттық қордан балаларға төленетін төлемдер мәселесіне қатысты түзетулерді қабылдап, Сенатқа жолдады. Сонымен қатар заң мақсатты жинақтарды және оларды төлеуді тоқтата тұру, тыйым салу, тәркілеу мүмкіндігін шектеу шараларын, алушы қайтыс болған немесе қайтыс болды деп танылған жағдайда мұрагерлердің оларды алу құқықтарын белгілейді.
Бұдан бөлек, жалпы отырыста депутат Вера Ким Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің құрамына сайланды. Ол депутаттық өкілеттігін тоқтатқан Ғалымжан Елеуовтің орнына Мәжілістегі «Аmanat» фракциясының қатарына қосылды. Айта кетейік, кеше Орталық сайлау комиссиясы бос тұрған мандатты Вера Кимге беру туралы қаулы қабылдаған еді. Ол 2021 жылдан 2023 жылдың қаңтарына дейін VII шақырылымдағы Мәжіліс депутаты болды.
Жиын соңында депутаттар тиісті мемлекеттік мекемелер басшыларына сауалдарын жолдады. Мақсат Толықбай Алматының айналасын мекендеген халықтың жағдайына қатысты сауал жолдады. Оның айтуынша, тұрмысы тұралап қалған, бюджеттен бір тиын көмек көрмейтін, Алматының айналасында тұратын жарты миллион адамның жағдайы күрделі.
«Жақында Алматы облысының аудандарын аралап, мыңдаған тұрғынмен кездесу өткізіп, саяжай алаптарында тұратын елдің қалай күнелтіп отырғанын көріп шошыдым. Қонаев қаласы, Қарасай, Еңбекшіқазақ, Талғар, Жамбыл, Іле ауданының өзінде 674 саяжай бар. Тұрғындарының саны бес жүз мыңға жақындаған. Бұл деректің өзін де нақты айту қиын. Себебі азаматтар тұрғылықты мекенжай бойынша тіркеле алмаған соң, жәрдемақы мен мемлекеттік көмек алу үшін Алматы қаласына тіркелуге мәжбүр.
Халық қысы-жазы тұрғынжай етіп отырған жүздеген саяжайда мектеп, балабақша, қоғамдық көлік қатынасы, медициналық жәрдем көрсету, асфальт, пошта, байланыс пунктері әлеуметтік қызмет инфрақұрылымы, әлеуметтік нысандар атымен жоқ. Электр қуатына дейін жекенің қолында. Екі есе тарифпен төлеуге мәжбүр», деді М.Толықбай.
Депутаттың айтуынша, оқу жылы басталғалы балалар бірнеше шақырым жердегі мектепке балшықпен барып, кейде итерге таланып жатыр. Осыған байланысты оларға ауыл статусын беру қажетін атап өтті. Өйткені қолданыстағы заңнамаға сәйкес жергілікті атқарушы органдар бюджет қаражатын қалалық және ауылдық аумақтарды дамытуға ғана бөле алады.
«Бұл түйткілді мәселені Үкімет деңгейінде күн тәртібіне шығармасақ, бұның арты үлкен әлеуметтік шиеленіске алып келуі мүмкін. Саяжайлардың территориясын қасындағы ауылдық округтерге қосып немесе «ауыл» статусын бере салғанмен проблема шешіле қалмайды. Бір ғана облыс әкімдігінің шамасы жетпейді. Көп қаржыны қажет етеді. Сондықтан Үкімет жедел әрекет етіп, саяжай мәселесін шешуге арналған нақты, ауқымды бағдарлама әзірлеу керек. Ашығында, бұл Алматы облысында ғана емес, байтақ еліміздің әр өңіріндегі мәселе», деді М.Толықбай.
Бұдан бөлек, бірнеше депутат нақты мәселелерге қатысты сауал жолдады.