Отставкадағы генерал-майор Геннадий Носоновскийдің Әскери-тарихи музейде елордалық оқушылармен өткен кездесуі Танкист күніне орайластырылды.
«Batyrlar» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілерімен болған кездесуде Геннадий Владимирович ел әскерінің құрылуы мен қалыптасу тарихына тоқталды. Әскерилер әулетінен шыққан ол – еліміз Қарулы күштерінің бастауында тұрған тұлға. Генерал танк полкіне басшылық жасады. Танк дивизиясының штаб бастығы болып абыройлы қызмет атқарды. Оңтүстік әскери округінің штабын басқарды. Қорғаныс министрлігі Штабтар бастықтары комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарып, құрметті демалысқа шықты.
Танкист қызметі туралы айтқан ардагер өмірінің қуатты әрі көптонналық жауынгерлік машинасымен тығыз байланысты екенін атап өтті. Шынжыр табанды техниканың сипаттамасына жан-жақты тоқталды. Оқушыларды жауынгерлік машинадағы снаряд саны, оны қолдану, танктің осал жері қайда деген сұрақтар қызықтырды.
– Төзімділік, бойыңның қысқа болуы, жақсы білім, қатаң тәртіп – бұл танкиске қажетті негізгі қасиеттер, – деп атап өтті Геннадий Носоновский. – Танк бөлімшесінің жетістігі негізінен экипаждың үйлесімді іс-әрекетіне байланысты. Сол себепті танкистерді даярлауға көп көңіл бөлінеді. Алматыдағы Құрлық әскерлерінің әскери институты – офицер кадрлардың негізгі ұстаханасы. Ал танк бөлімшелерінің кіші мамандары Гвардейск гарнизонындағы Оқу орталығында даярланады, – деп атап өтті ардагер.
Еліміздің Қарулы күштерінде аталып өтетін 15 қыркүйек – Танкист күнінің тарихы сонау 1942 жылдан бастау алады. Соғыстың бірінші жылы шымкенттік теміржолшы жастардың бастамасымен бір жыл ішінде бүкіл республика бойынша танк легін құруға жететін ақшалай қаражат жиналып, 1942 жылғы 15 қыркүйекте «Қазақстан комсомолы» деген жазуы бар 46 «Т-34» танкі, майдан даласына жіберілді. Бұл жауынгерлік машиналар Екінші дүниежүзілік соғыстың шешуші шайқастарына қатысты. Кейбір куәгерлердің естелігі Берлин түбіндегі ұрыстарға да елімізде жасалған бірнеше танктің қатысқанын растайды.