Елордада Astana Media Week-тің екінші күні өтті. Медиа саланы жетілдіруге бағытталған іс-шараға жиналғандар «Цифрлық дәуірдегі журналистер жұмысының ерекшеліктері: жылдамдық, ақпарат көлемі, бәсекелестік», «Ең рейтингтік өңірлік жобалардың ULGI-кейстері», «Медиа құндылықтар эволюциясы және жаңа этика», «Стратегиялық коммуникация: ақпараттық саясат қайда бара жатыр?» сынды тақырыптар төңірегінде пікір алмасты. Маңызды мәселелер бойынша креативті ұсыныстар да айтылды.
Апталықтың екінші күні де қатысушылар легі азаймады. Алаң бұл жолы қоюшы-суретші Юлия Кравченконың «Баламалы шындық» көрмесімен ашылды. Жасанды интеллект әлеуетін пайдаланып, еліміздің болашағына көз тастаған digital туындылар көпшілік көкейіне ой салады.
– Бұл көрме – көп жылғы еңбек пен ізденістің жемісі. Мен жасанды интеллектіні болашақ, ондағы орнымыз және әлемді технологияның қалай өзгерте алатыны туралы ойлауға көмектесетін өнер туындыларын жасау үшін қолдандым, – деді Юлия Кравченко.
Технология – медианың негізі. Әсіресе жасанды интеллект – цифрлы әлемнің жаңалықтары мен мүмкіндіктеріне жол ашатын контент жасаушы құрал. Басқосуда «MediaWaves digital» агенттігінің негізін қалаушы Руслан Сыздықов жасанды интеллектің мүмкіндігі мен кереғар тұсын кеңінен айтты. Нейрокреатордың сөзінше, технологияның дамуы жеке деректердің көпке жарияланып кетуі, алаяқтық, ақпараттық соғыс, қауымды манипуляциялау, жүйесіз даму, жұмыссыздық сынды мәселелердің өршуіне түрткі болады.
– Қазір жасанды интеллектінің көмегімен картиналарға жан бітіру қалыпты дүниеге айналды. Өлген адамның даусын қою да таңсық емес. Жасанды интеллект бізге жаңа мүмкіндіктерге жол ашатыны рас. Бірақ оның өзіндік салдары бар. Яғни интернет кеңістікте фейк ақпарат көбейеді. Әрине, оның ізін анықтау тәсілдері де шыға береді. Алайда белгілі бір жағдайларда зиянын тигізіп үлгеретіні анық. Осы орайда журналистерге көмектесетін мына «Otter Ai», «Heygen Ai», «ChatGPT», «Midjourney», «Clips» нейро жүйелерін қолдануға кеңес беремін. Бұл журналистердің жұмысын әлдеқайда жеңілдетеді. Мәселен, «Otter Ai» – диктофонға жазылған сөздердің қай спикердің қай жерде сөйлегенін дәл анықтап береді. «Heygen Ai» – тартымды маркетингтік бейнелер жасауға мүмкіндік беретін генератор. Ақпараттық порталдарға цифрлы жүргізуші ретінде ұсынуға болады. Кез келген бейнені аламыз, оны қосымшада әрлеп, бірнеше тілде ақпарат оқытуға болады. Бұрын сөйлеп тұратын жасанды интеллектіге қыруар қаржы жұмсалса, қазір бір ғана қосымша көмегімен бәрін үйлестіруге болады. Осылайша, контент жасау аясын еселедік. Қосымшаларды қолдану арқылы жылдамдық та артты. Есесіне шығынымызды шамамен 40 пайызға азайттық. Десек те жасанды интеллектінің нарықта еңбек күшін алмастыруына байланысты жұмыссыздық көбейіп отыр. Бұл мәселенің өзектілігі әрі қарай артпаса, төмендемейді. Өйткені енді қоғамда жарнама агенттіктері, қолдау қызметі, жүргізуші сынды мамандар екі қолға бір күрек таппай сенделеді, – деді спикер.
Спикердің сөзінің жаны бар. Қазір белгілі бір сала ғана емес, адам да қоғамда өз орнын табу үшін мейлінше цифрлануы қажет. Бәсекелестіктің бәсі артқан уақта журналистердің де жұмысы қиындады. Осы ретте тарихы тереңнен бастау алатын мерзімді басылымдар да көштен қалмауға барын салып жатыр.
– Медиа секунд сайын жетіліп жатыр. Мерзімді басылымдардың оның легіне үнемі ілесуге қауқары бола бермейтінін мойындау керек. Соның өзінде ақпараттық кеңістікте бәсекеге қабілетті болуға ұдайы ұмтыламыз. Бұл ретте жастардан үйренеріміз көп. Меніңше, болашақта журналистің жұмысы командалық жұмыспен көрінеді. Кеңес үкіметі кезінде одақтас болған мемлекеттердің біразында журналист болып жұмыс істедім. Байқағаным, сіздерде шетелдік тілшілер еркін жұмыс істейді. Қазір Қазақстан мейлінше медиа кеңістікте контент жасап жүргендерді заң аясында ұстауға тырысады. Бұл бір жағынан дұрыс. Өйткені қазір ақпарат ағыны күшті заманда оны бір адамның талдау жасап, бақылауда ұстауы мүмкін емес. Сіздерде біздің «Sputnik.kz» ақпараттық порталы секілді біраз филиал жұмыс істейді. Біз Қазақстанмен әлі де байланысымызды нығайтуымыз керек. 2020 жылы «Российская газета» сіздердің республикалық бас басылымдарыңыз – «Egemen Qazaqstan» және «Казахстанская правда» газеттерімен ақпараттық байланыс орнатқан, – деді «Российская газета» Орталық Азия өңірлік өкілдігінің директоры Дмитрий Евлашков.
Елімізде технология туындатқан талаптарды еңсеріп, медиада көш басында тұрған интернет ресурстардың бірі – «Tengrinews.kz» ақпарат порталы. Ақпараттық басылым бірнеше жыл қатарынан отандық рейтингтің алдыңғы орындарынан түспей келеді.
– Біз 24 сағат бойы үздіксіз жұмыс істейміз. Сапалы, сараланған, тексерілген ақпарат таратамыз. Әрі әлеуметтік желідегі әр қосымшада белсендіміз. Кейбіреулер үшін біз Instagram-да алдыңғы қатарда болуымыз мүмкін. Ал кейбіреулеріне Telegram-да. Жылдан-жылға журналистика саласында талап күшейе беретіні анық. Біз бренд болып қалыптастық десек болады. Ақпараттық ортада өз беделімізді бірқалыпты сақтап келеміз. Сондықтан біз үнемі даму бағытымызды жетілдіріп отырамыз. Мәселен, белгілі бір платформа өзінің әлеуетін жоғалтуы мүмкін. Ал белгілі бір қосымшалардың танымалдылығы артуы ықтимал. Сәйкесінше, біздің ақпарат тарату айдыны да өзгеріп отырады. Қазір медиа апталық өтіп жатыр, мұндағы ақпараттарды біздің әріптестер дәл сол сәтте уақытылы жазып, өңдеп, халыққа ұсынып отыр. Өзге де жаңалықтар солай оперативті жазылады. Аудиторияның назарын аудара алатындай кез келген мүмкіндікті контент жасауда қолданамыз, – деді «Tengrinews.kz» бас редакторы Олжас Мырзағалиев.
Республикалық ақпараттық порталдардан бөлек, өңірде жүріп, жаңа технологиялардың мүмкіндігін ұтымды пайдаланып, өз көрермендерін жинап үлгерген аймақтық бұқаралық ақпарат құралдары да бар. Олардың қатарында «Caspian News» арнасы бар.
– Біріншіден, сюжеттің өзінің құрылымы тұрғысынан бізде жаңашылдық бар. Біз дәстүрлі арналардағы секілді диктордың көмегімен жаңалық таратпаймыз. Біз дайджест, яғни «Euronews»-тің форматын пайдаланамыз. Облыстық арна болсақ та, жан-жақта меншікті тілшілеріміз арқылы батыс аймақтың ақпаратын қамтимыз. Әлеуметтік желілерді ұтымды пайдаланамыз. Онда эффект 3 секунд деген бар. Сіз сюжеттің басына беретін ақпаратты беріп, адамды тартып үйренсеңіз, ол қаралым жинайды. Ал бастапқыдағы ақпаратыңыз су болса, аудитория соңына дейін күтіп отырмайды. Бір ғана қимылмен келесі видеоға ауыса береді. Сондықтан журналистер жан-жақты жұмыстанады. Ал ол жұмыстанғаны үшін, яғни әлеуметтік желіде жақсы қаралым жинаған тілшіге міндетті түрде сыйақы беріледі. Менің негізгі мамандығым техника саласымен байланысты болғандықтан, біз жасанды интеллектіні де тиімді пайдаланып жүрміз. Студияның өзінде республикалық «Хабар» арнасындағыдай робот камералар жұмыс істейді. Ешқандай операторсыз режиссердің өзі басқарады. Арнаны одан әрі жетілдіру үшін алға қойған мақсаттарымыз жетерлік. Соған сәйкес, штатты үлкейтіп, қаражатты көбейту мәселесін ойластырып жатырмыз. Көп нәрсе қаражатқа келіп тіреледі. Азғантай қаражатпен телеарна ашудың өзі бір күш, – деді «Caspian News» арнасының директоры Қазбек Кертаев.
Айта кетерлігі, облыстық БАҚ-тың ілгерілемеуіне журналистердің жалақы мәселесі де көп жағдайда тұсау болатыны белгілі. Осы түйткілді жүйелі шешкен оңтүстік өңірдегі «Taraz24» арнасы жарқын мысал бола алады.
– Аймақ журналистерінің бәрі – әмбебап. Біз режиссерміз, біз қонақ редакторымыз, біз оператор да, монтажер да бола аламыз. Сондықтан журналистерге «үшеуде біреу» болыңдар деген ұсыныс тастадым. Қазір YouTube арна деген қатты дамып жатыр. Біздің аймақта да сондай газеттің жанынан продакшндер көп ашылып жатыр. Өңірдегі мамандар жалақысы жоғары осындай жұмыстарды іздейді. Бұл тенденцияны тоқтату үшін креативті, еңбекқор жастарға мен «үшеуде біреу» деген ұсыныс тастадым. Яғни үш маманның жұмысын жалғыз өзі атқарса, дәл сол үш маманның жалақысын алады. Бұл сәтті жүзеге асты. Қазір телеарнада 2 жігіт, 1 қыз конвергентті журналист қызметін атқарып жүр. Олар смартфондарымен өздері түсіреді, жазады, монтаждап эфирге жібереді. Ал үлкен жиналыстарда, әрине, оператор бөлек, журналист бөлек қызмет атқарады. Әріптесім айтқандай, біз де әлеуметтік желінің әлеуетін толық пайдаланып жүрміз, – деді «Taraz24» телеарнасының директоры Зарина Қуатова.
Ал «Maqsut Narikbayev University» басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Мұхамеджанның пікірінше, «Tengrinews.kz» секілді бедел қалыптастыру үшін оперативтілік, технологияның мүмкіндіктерінен пайдаланудан бөлек, факчекинг және дезинформациямен күресті алдыңғы қатарға қою қажет.
Сондай-ақ медиа апталықта өзекті мәселелерден бөлек, «Qazaqstan» ұлттық арнасының «Міржақып, оян, қазақ!» фильмінің премьерасы өтті. Еліміздің, шетелдің жетекші медиа сарапшылары мен мамандары бас қосқан форум 25 қыркүйекте қорытындыланады.
Естеріңізге сала кетейік, Astana Media Week форумына еліміздің жəне шетелден келген 60 медиаиндустрияның топ-менеджерлері, 20-ға жуық республикалық телеарна жəне 50-ден астам продакшн-компания қатысып жатыр. Сондай-ақ жергілікті әкімдіктің, полиция департаменттерінің, түрлі қоғамдық ұйымдардың баспасөз хатшылары жиынға келіп, тәжірибе жинақтауға мүмкіндік алды.