Ала допқа әуесі ауған футбол жанкүйерлері асыға күткен Еуропадағы клубтық деңгейдегі ең ірі үш турнирдің топтық кезеңдегі ойындары басталды. Жыл сайын Еурокубогтің күзгі маусымында доп тебуді әдетке айналдырған еліміздің командалары бұл жолы білгенінен жаңылған жоқ. Былтыр ел біріншілігінде үздік шыққан елорданың «Астанасы» биыл Конференция лигасының топтық кезеңінде өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды.
Бұған дейін Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының топтық сайыстарында бақ сынап, Қарт құрлықтың адуынды командаларына азуын батырып үлгерген «Астана» араға үш салып қайтадан Еурокубок бәсекелерінің топтық кезеңіне оралды. Елордалық ұжым бұл жолы бірер жыл бұрын ғана тұсауы кесілген Конференция лигасында бақ сынамақ. Бірақ жерлестеріміздің бұл лигада алғашқы қадамы аса сәтті бастала қойған жоқ. С тобында Хорватияның «Динамо Загреб», Чехияның «Виктория» және Косовоның «Балкани» командаларымен сынға түсетін «Астана» алғашқы турда «Динамомен» кездесіп, 5:1 есебімен ойсырай жеңілді.
Отандық маман Григорий Бабаян жаттықтыратын елордалық клуб Хорватияның командасымен биылдыққа осымен үшінші мәрте, ал жалпы бес рет жасыл алаңда жолығып, барлығында да қарсыластарына жол берді. Ең өкініштісі, кейінгі үш матчтың есебін қоса есептегенде «Астана» «Шақпақ жейделі» елдің даңқты командасынан жалпы есепте 11:1 есебімен тас-талқаны шығып жеңілді. «Астана» алғаш рет Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінде өз алаңымызда 2:0 есебімен жеңілсе, Загребтегі ойында 4:0 нәтижесімен жерлестеріміз жанарымен жер шұқып қайтты. Осы ойындардан қорытынды шығара алмаған Григорий Бабаян шәкірттері бұл жолы сырт алаңда тағы да масқара болып жеңілді. Кейінгі жылдардағы ұлттық құрамамыздың тәуір ойынынан кейін Еуропада еліміздің бет бейнесіне айналып үлгерген «Астана» клубының күреуі жанкүйерлердің ызасын туғызғаны анық.
Осыдан бірер ай бұрын ғана өткен кездесулерде «Динамо» сапында Хорватия құрамасының негізгі қақпашысы Доминик Ливакович, «Астана» қақпасына бір емес, үш гол соққан Лука Иванушеч, тасқамал қорғаушы Йосип Сутало және тағы басқа негізгі құрамда ойнаған мықты футболшылар командадан кетіп қалса да, олардың орны ойсырап қалған жоқ, қайта күшейе түскенін кешегі матчтың есебі айтып тұр. Ал осы уақыт аралығында «Астананың» ойыны кері кетіп бара жатқандай.
Загребтің «Максимир» стадионында өткен екі ұжым арасындағы кездесудің алғашқы бөлігінде елордалықтар бір гол өткізіп алса да, жаман ойын көрсеткен жоқ еді. Алайда екінші таймда «Астана» футболшылары алаңда не үшін жүргендерін ұмытып қалса керек, әйтеуір өз қақпаларына бақандай төрт гол өткізіп алды. Динамолықтар алғашқы екі голын пенальтиден соқса, қалған үш тобын ойын жағдайында біздің қақпаға енгізді. Атап айтқанда, кездесудің 43-ші және 53-минутында Бруно Петкович 11 метрлік айып добынан мүлт кетпесе, 58-минутта Марко Булат, 85-ші минутта Антонио Марин және матч аяқталар тұста, екінші таймда алаңға шыққан Тибор Халилович мергендігімен көзге түсті. Ал «Астана» сапынан жалғыз жұбаныш голын матчтың 78-минутында қорғаушы Камо Оганесян соқты. Қорытынды есеп – 5:1.
Бұл жеңілістен кейін «Астана» клубының жанкүйерлері әлеуметтік желілерде бас бапкер Григорий Бабаянның жұмысына көңілдері толмайтынын және оның өз еркімен отставкаға кетуін талап етіп жатыр. Г.Бабаян болса, матчқа дейінгі және матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында да «Динамоның» жоғары деңгейдегі қарсылас екенін, олар Конференция лигасында емес Еуропа лигасында ойнауға лайық ұжым екенін айтудан жалыққан жоқ. Ал «Астана» ше, мұндай ойынымен Конференция лигасында ойнауға лайық па?
Конференция лигасының бірінші тур ойындарынан кейін С тобында «Динамо» мен «Виктория» командалары үш ұпаймен көш бастады. Чехия командасы алғашқы турда Косованың «Балкани» командасын өз алаңында 1:0 есебімен тізе бүктірді. Елордалықтар екінші турда өз алаңында Чехияның «Виктория» клубын қабылдайды. Кездесу 5 қазанға жоспарланған.
Сондай-ақ ұлттық құрамамыздың көшбасшы футболшысы Бақтиер Зайнутдинов өнер көрсететін Түркияның «Бешикташ» клубы да Конференция лигасының топтық кезеңіндегі алғашқы тур ойынын сырт алаңда Бельгияның «Генк» командасымен өткізіп, 1:1 есебімен тең түсті. Жерлесіміз бұл ойында алаңға екінші таймда қосалқы құрамнан шықты.