Егін – елдің ырысы. Жетісу аграрлы өңір болған соң, әуелі осы салада сыналады. Мемлекет басшысы да облысқа сапарында жері құнарлы өлкенің ауыл шаруашылығындағы әлеуеті өте зор екенін айтқан еді. Әсіресе қант қызылшасын молырақ өсіруді тапсырған болатын. Сол мақсатта Қаратал ауданында «Конвизо Смарт жүйесі бойынша қант қызылшасын өсірудің озық технологиялары» тақырыбында Егінжай күні аталып өтті.
Қаратал – тәтті түбір өсіруден облыстағы озық аудандардың бірі. Сондықтан айтулы шара Қанабек ауылындағы «Гладиус Қаратал» ЖШС қант қызылшасы егістігі алқабында ұйымдастырылды. Жиынға аудан, қала әкімінің орынбасарлары, аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшылары, ауыл шаруашылығы саласына қатысты мемлекеттік органдар, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы филиалы, «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы» ғылыми-зерттеу институты, қаржы ұйымдарының филиалдары, «Агрохимия қызметі республикалық ғылыми-әдістемелік орталығы» РММ-ның оңтүстік-шығыс өңірлік филиалы, қант қызылшасының тұқымын, минералдық тыңайтқыштар мен пестицидтерді, ауыл шаруашылығы техникалары мен су үнемдеу технологияларын жеткізуші компаниялардың өкілдері қатысты. Сонымен бірге шаруашылық құрылымдарының жетекшілері шақырылды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл Германия, Франция және Америка елінің тұқым өндірушілерінен қант қызылшасының тұқымы әкелінген, соның басым бөлігі – «Конвизо Смарт» гибриді. Оны 15 шаруа қожалығы барлығы 820 гектар жерге сепкен. Жалпы, қызылша өсіруде озық технологияны пайдаланбау, шағын шаруашылықтарда ауыспалы егістікті сақтамау, қажетті мөлшерде минералды тыңайтқыштарды енгізбеу, терең сүдігер көтермеу сияқты кемшіліктер гектар өнімділігі мен тиімділігіне кері әсерін тигізіп жатыр. Жиында осы мәселені шешу жолдары қарастырылды.
Жиналғандар алдымен қант қызылшасы алқабы мен ауыл шаруашылығы техникалары көрмесін тамашалады. Онда қажетті тұқым мен минералды тыңайтқыш түрлері сөрелерге қойылып, жиналғандардың назарын аударды. Сонымен бірге шаруаларға заманауи үлгідегі жаңа техникалардың әр түрі таныстырылып, оған қалай қол жеткізуге болатыны және ерекшеліктері жайында әңгімеленді. Мәселен, аталған шараға арнайы келген бірнеше компания өкілдері өздерінің негізгі атқаратын қызметтері туралы айтып, жаңа техникаларын көпшілік назарына ұсынды. Солардың қатарында «Eurasia Group Kazakhstan» компаниясы да бар.
«Біздің компанияның Қазақстанда жұмыс істеп келе жатқанына 25 жылдан асты. Ел бойынша 14-тен аса филиал қызмет көрсетеді, орталығы Астана қаласында орналасқан. Талдықорған қаласындағы филиалда биыл сервис орталығы ашылды. Онда тек техникаларды ғана емес, сондай-ақ қосалқы бөлшектерді де сатып алуға және арнайы мамандардың көмегімен ақауы бар техникаларды жөндеуге жағдай қарастырылған. Осы уақыт аралығында еліміздегі бірталай шаруашылық иелері біздің техникалардың күшімен жұмыстарын жандандырып, өнімділіктерін арттырып жатыр. Бізде топырақ өңдеуден бастап егін оруға дейінгі аралықтағы ауыл шаруашылығы техникалары бар. Көрмеге суаратын, өнім тиейтін, дәнді-дақылдарды дәрілейтін техника түрлері мен тракторлар, сепкіштер және комбайндар қойылды. Бұларды қазір көптеген шаруа қожалықтары пайдаланып келеді. Ерекшелігі сол, жұмысты жеңілдетіп, уақытты үнемдейді, істі жылдамдатып, өнімділікті молайтуға мүмкіндік жасайды. Жаңа техникаларға қол жеткізудің әртүрлі жолы бар, соның бірі – лизинг. Яғни мұндай жолмен сатып алу шаруашылық үшін әлдеқайда тиімді», дейді қосалқы бөлшектерді сату жөніндегі маман Ернат Дюсенбеков.
Сондай-ақ жиынға болашақ агрономдар да қатысты. Аталған маманның ауыл шаруашылығы саласында атқаратын рөлі ұшан-теңіз. Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде агрономия мамандығы бойынша білім алып жүрген Аяулым Шабден мұны жақсы біледі. Ол бүгінде 4-курс студенті, оқуын аяқтаған соң мамандығы бойынша жұмыс істеп, ауыл шаруашылығы саласының дамуына үлес қоспақ ниетте. Осы білім ордасының оқытушы-дәріскері, биология ғылымдарының кандидаты Айжан Ақмолаеваның сөзінше, қазіргі таңда агроном тапшы. Сол себепті қазір осы маманға деген сұраныс жоғары. Осыған байланысты аталған университетте 2019 жылдан бастап агроөнеркәсіптік кешендерге, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына агроном ретінде жоғары білікті мамандар даярлану үстінде.
Ал іс-шара өткізіліп отырған Қаратал ауданындағы егін шаруашылығының жай-күйі туралы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Данияр Кәкімов қысқаша айтып берді.
«Өңірдегі шаруашылықтарда қызылша жинау жұмыстары қыза бастады. Солардың бірі – «Гладиус Қаратал» ЖШС. Бұл қожалықта қазір жалпы 300 гектардан аса суармалы жер бар. Биыл соның 150 гектарына сапасы жоғары, шөптеу жұмысын қажет етпейтін «Конвизо Смарт» гибриді себілді. Нәтижесі ойдағыдай. Оған атбасындай қызылшаның жер бетіне өсіп шыққаны дәлел. Әр гектарынан 100-130 тонна өнім алынады деп сенеміз. Шаруашылық ауыспалы егіс жүйесін сақтауға ерекше көңіл бөледі. Шаруашылық иесі бағалы дақылға арналған алқап көлемін келесі жылы одан сайын ұлғайтуды ниет етіп отыр», деді.
Көрмеден соң семинар өз жұмысын бастады.
Жиынды облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев ашып, күн тәртібінде қаралатын негізгі мәселелермен таныстырды. Өз кезегінде ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Әбілқайыр Бексұлтанов, «Гладиус Қаратал» ЖШС жетекшісі Рахим Каримов, «Флоримон Депре» компаниясының өкілі Анатолий Тен және Жамбыл облысы «Әулиеата» қант қызылшасы ассоциациясының төрағасы Саха Манатов, басқа да азаматтар сөз сөйлеп, ауыл шаруашылығы дақылдарынан жоғары өнім алуда топыраққа тыңайтқыштар беру, жерді сапалы түрде дайындау, тұқымды уақытылы себу, сапалы өнім алу жұмысын жүргізудің қыры мен сырын, әдіс-тәсілдерін түсіндіріп, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Мамандар қант қызылшасы өндірісі мен мемлекеттік қолдаулар, оны өсіруде жаңа технология – «Конвизо Смарт» гибридінің тиімділігі, қол күшінсіз жоғары өнім алу, су үнемдеу технологияларын пайдалану, биоинженерия селекциясы туралы және егіс көлемінің артуына байланысты қант қызылшасы бағытындағы ауыл шаруашылығы техникаларының жетіспеушілігі байқалып отырғанын айтты. Бұған қоса олар заманауи технологиялар мен сапасы жоғары тұқымдарды қолданудың нәтижесінде кейбір шаруашылықтар гектарына 100 тоннаға дейін қант қызылшасы өнімін жинап алып жатқанын, яғни бұл шаруашылықтарды жыл сайын қажетті тұқымдар мен минералды тиыңайтқыштар және арзандатылған жанар-жағармай, қаржы ресурстарымен мемлекет пен қант зауыты тарапынан қолдаулардың жемісі екенін сөз етті.
Ең соңында Нұрдәулет Сағадиұлы ауыл шаруашылығы аймақтағы маңызды экономикалық салалардың бірі екенін айтып, әсіресе басым дақылдардың көлемін арттыру, қайта өңдеу саласы әлеуетін ұлғайту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көңіл бөліп, осы бағытта бірлесе жұмыс атқарудың маңыздылығын түсіндіріп, ой қорытты.
Жетісу облысы