Жақында Мәжіліс депутаты Асқар Садықов шағын және орта бизнес (ШОБ) мәселесіне байланысты Үкіметке сауал жолдады. Ол Президенттің биылғы Жолдауда екінші деңгейлі банктерді корпоративті несиелеуге қатысты сынға алғанын және оның әділ сын екенін айтады. Айтуынша, Жолдауда айтылған мәселелер мемлекеттің экономикалық саясатының өзгергенін және ұзақ жылдар бойғы банктер мүддесін лоббилаудан кете бастағанын білдіреді.
«Осындай қолдаудың дәлелі ретінде «Ақ жол» партиясына кәсіпкерлер коммерциялық банктердің қызметіндегі заңсыз мүдделерге нұқсан келтіру жөнінде жүгінуді жалғастырып жатыр. Мысалы, банк талап еткен ақпарат немесе құжатты дер уақытында ұсынбағаны үшін әрбір жағдайға 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Кепіл мүлкін рәсімдеу мерзімін бұзғаны үшін мүлік құнының 10 пайызы көлемінде өсімпұл есептеледі. Займ сомасын мақсаттан тыс пайдаланғаны үшін займ сомасының 15 пайызы көлемінде тұрақсыздық айыбы беріледі және тағы да басқа. Бұдан басқа, шарттардың талаптары бойынша банк қарыз бойынша берешекті өтеу міндеттемелері бұзылған жағдайда кезектілікті айқындау және шаралар қолдану құқығын өзіне қалдырады. Сондай-ақ шарттың талаптары бойынша банк, егер мұндай құқық бағдарламада көзделген болса, сыйақы мөлшерлемесін (мөлшерлемелерін) ұлғайту жағына қарай біржақты тәртіппен өзгерту құқығын өзіне қалдырады. Екінші деңгейлі банктердің займды ұсынуға қатысты осындай орынсыз шарттары ШОБ нысанын тығырыққа тіреп, өздері үшін тиімсіз шарттарға келісуге мәжбүр етеді. Бұл дегеніміз – шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған Мемлекет басшысының саясатын елемеу деген сөз», дейді депутат.
Оның айтуынша, қазіргі базалық мөлшерлеме жағдайында несиені, оның айыппұлдарын уақтылы төлеп тұру кәсіпкерге өте қиынға соғады. Бұл ретте барлық қаржы институттары қолданатын бірыңғай келісімшарт жасалуға тиіс деп есептейді ол.
Жалпы, шағын және орта бизнес тәуір дамитын болса, экономиканың тірегі бола алатыны жиі айтылады. Бұл Еуропа елдеріндегі мысалмен дәлелденіп те жүр. Мәселен, кәрі құрлықта шағын және орта кәсіпорындар бүкіл экономиканың 90 пайыздан астамын құрайды. Онда 100 миллионға жуық адам жұмыс істейді, тиісінше олар Еуропа ішкі жалпы өнімінің тең жартысынан астамын беріп отыр. Сондықтан экономиканың бүкіл секторы бойынша қосылған құн да үлкен рөлге ие.
Аналитиктердің айтуынша, шағын және орта бизнестің дамуы орнықты және цифрлық экономикаға өтуде айырықша маңызды, сондай-ақ өнеркәсіптік экожүйелердің гүлденуі мен бәсекеге қабілеттілікті арттыруда, экономикалық және технологиялық тәуелсіздікті қамтамасыз етуде аса қажет. Сонымен бірге шағын және орта кәсіпкерліктің жоғары деңгейде дамуы кез келген сыртқы жағымсыз жағдайларға төзімді болуға да әсер етеді. Бұған қоса еуропалық сарапшылар ШОБ-тың ресурстарды тиімді пайдалануға және әлеуметтік бірлікке ықпал ететінін, климаттың өзгеруі сияқты мәселелерді шешуге және инновациялық шешімдерді таратуға көмектесетінін айтады.
Биыл бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша еліміздегі тіркелген ШОБ субъектілерінің саны 2,1 млн-ға жеткен. Соның 1,9 миллионы – қазір жұмыс істеп тұрғандары. Оның ішінде 1,3 миллионы – жеке кәсіпкерлер, 354,3 мыңы – шағын кәсіпорындар, 252,2 мыңы – шаруа қожалықтары мен фермерлік шаруашылықтар және 2,9 мыңы – орта кәсіпорындар.
ШОБ субъектілерінің саны бойынша Алматы көш бастайды. Мұнда ШОБ-та жұмыспен қамтылғандар саны 3,9 млн адамға жетіп отыр. Жалпы, ел бойынша 13,6 млн адам ШОБ-та жұмыс істеп, нәпақасын айырып жүр. Ал биылғы бірінші тоқсанда ШОБ өндіріп шығарған өнім көлемінің құны 4,2 трлн теңге болды. Бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 14,4 пайызға көп.