Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне реформа жасауға шақырып, «орта державалардың» және барлық дамушы елдердің үні естілу қажет екенін атап өтті.
«Кеңесте «орта державалардың» және барлық дамушы елдердің үні күшейетініне, анық естілетініне кәміл сенемін», деді Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының кезекті сессиясында.
«Байқауымызша, Қауіпсіздік Кеңесі тығырықтан шыға алмайтын сияқты. Сондықтан бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауда маңызды рөл атқара алуы үшін оның құрамында басқа елдер, соның ішінде Қазақстан да болуы керек», деді ол.
Қ.Тоқаев кей мемлекеттердің халықаралық құқықтың негізгі принциптеріне сай әрекет етпеуі мен кейде оны бұзуына алаңдаушылық білдірді. Мұндай жағдай сауда жүйесін бұзатынын, экономиканың өзегі саналатын тасымал тізбегін әлсірететінін, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігіне зардабын тигізіп, инфляцияның қарқынын күшейтетінін атап өтті.
«Өскелең ұрпақ өздеріне мұра болып қалатын әлемнің енді жақсаратынына сенбейді. Сондықтан Қазақстан БҰҰ Жарғысының қағидаттарына өзінің мызғымас адал екенін тағы бір рет мәлімдейді», деді Президент.
Тоқаев қабылданып жатқан барлық шешімге қарамастан, әлемнің көптеген аймағында қақтығыстар жалғасып жатқанына назар аударды. Бүкіл тарапты БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқықтың жалпыға бірдей нормаларын негізге ала отырып, қақтығыстарды реттеудің дипломатиялық жолын іздеуге шақырды.
«Диалог – жаңа принциптер мен нормалар бойынша келісімге қол жеткізуге мүмкіндік беріп, қолайлы орта қалыптастырудың жалғыз жолы», деді ол.
Мемлекет басшысы COVID-19 пандемиясының ауыр салдары болашақ биологиялық қауіп-қатерлер алдында дәрменсіз екенімізді көрсетіп бергеніне назар аударды. Осыған байланысты Қазақстан Ассамблеяның Бас хатшысы мен Төрағасына Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру процесін бастау туралы үндеу тастады.
«Жуырда қасиетті кітаптарға құрметсіздік таныту актілері болды. Біз осы жағдайға алаңдаушылық білдіреміз. Исламға және басқа да діндерге қатысты жасалған мұндай тағылық әрекеттерден еркіндіктің, сөз бостандығының және демократияның нышаны білінбейді. Құран секілді қасиетті кітаптардың бәрі вандализмнен құқықтық тұрғыда қорғалуға тиіс», деді Қ.Тоқаев.
Қазақстан Президенті өз елінің ұлттық мүддесін көздей отырып, өзекті халықаралық мәселелерді шешудің үнемі бейбіт жолын іздейтін мемлекет екенін атап өтті. «Тәуелсіздік, аумақтық тұтастық және егемендік – мұның бәрі халқымыз қазір де, келешекте де басшылыққа алатын мызғымас қағидалар. Біз барлық стратегиялық мәселе бойынша негізгі одақтастарымызбен қарым-қатынасымызды жалғастыра береміз», деді ол.
Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін реформалауды ұсынды
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында сөйлеген сөзінде Қауіпсіздік Кеңесін реформалауды ұсынды. Осылайша, ұйымда Қазақстан секілді мемлекеттер маңызды рөл атқара алатынын жеткізді.
Тоқаев 78-сессияның ашылуында сөйлеген сөзінде Қауіпсіздік Кеңесіне жан-жақты реформа жасамай, Украинадағы соғыс секілді қиындықтар еңсерілмейтінін мәлімдеді. Осы орайда, вето құқығы бар мемлекеттер – Ресей, Қытай мен АҚШ арасындағы алауыздықтан ұйым кедергіге тап болғанын нұсқап отыр.
«Бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауда маңызды рөл атқара алуы үшін оның құрамында басқа елдер, соның ішінде Қазақстан да болуы керек», деді Қ.Тоқаев.
Қазақстан Президенті әлемнің әр бөлігінде қақтығыс болып жатқанын атап өтіп, БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқықтың жалпыға бірдей нормаларын негізге ала отырып, қақтығыстарды реттеудің дипломатиялық жолын іздеуге шақырды. «Осы орайда Қазақстан Украина дағдарысын саяси реттеуді қолдайтын түрлі мемлекеттер мен елдер топтары ұсынған барлық бастамалар мен жоспарларды жоғары бағалайды. Халықаралық дауларды шешуде әрқашан дипломатия мен диалог басшылыққа алынуы керек», деді Қ.Тоқаев.