Түркістан облысының шаруалары тропикалық жеміс ағаштарын жерсіндірген. Сарыағаштағы жылыжайда банан мен папайя және өзге де тропикалық өскіндер жайқалып өсе бастаған. Бұл туралы «Хабар» телеарнасында өткен 4 сағаттық «Адал еңбек» телемарафонында көрсетілді, деп жазады Egemen.kz.
Тропикалық аймақ климатына бейімделген жемістерді Қазақстанның топырағына жерсіндірумен айналысатын 63 жастағы Тұрсын Тасқожаның 12 сотық тәжірибе алаңында банан мен папайядан бөлек, құлпынайдың жаңа тұқымы, киви, зәйтүн, лимон мен мандарин ағашы жайқалып тұр. Ал жылыжай топырағы еш қоспасыз табиғи дәрумендермен тыңайтылады. Осындай ерекше күтімнің арқасында банан ағашы бір жылда тамыр байлап, 4 метрге дейін бойлаған. Қазір әр 1,5 айда 25 келіден аса өнім береді екен.
Цитрустық жемістер мен жидектерге нарықта сұраныс жоғары екені белгілі. Сондықтан агрономдар тропикалық белдеуде өсетін өскіндерді көбейтіп, құлпынайдың жаңа тұқымын жаппай егістікке әзірлеп жатыр. Басты мақсат - импортты ысырып, сауда сөрелерін отандық табиғи таза өніммен қамту. Ол үшін шаруа көшеттерді көбейтіп, өзге шаруашылықтармен де бөлісуге дайын екен.
Бағбандардың сөзінше, елімізге жыл сайын өзге мемлекеттерден 150 мың тоннадан астам цитрус жемістері жеткізіледі, аталған облыстың аграрлы аймағында егістікті әртараптандырып, тәуелділікті азайтуға болады екен, ол үшін аудандағы 760 гектар жылыжай кешенін дамытуға екпін беріп, мемлекеттік қолдау шараларын күшейту қажет.