• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Сараптама 26 Қыркүйек, 2023

Құрғақшылық қаупі төніп тұр ма?

363 рет
көрсетілді

Жуырда Астанада «Ауыл» ХДПП бастамасымен «Ауыл шаруа­шы­лығын сумен қамтамасыз ету – ауыл тұрғындарының табысын арттыру негізі» атты республикалық кеңес өтті. Бұл кеңесте өткір де өміршең мәселеге айналып бара жатқан су жайы қызу талқыланды.

Кеңеске дейінгі келелі іс

Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым алдағы 20-30 жылда Қазақстанда климаттың өзгеретінін болжаған. БҰҰ мәліметі бойынша кейінгі 50 жылда Орталық Азияны сумен қамту 3,5 есе азайған. Егер елімізде түбегейлі шаралар қабылданбаса, 2050 жылға қарай елдегі су мөлшері тағы 3 есеге төмендеуі мүмкін деген қауіп бар. Мұның салдары құрғақшылық, орман өрті, өзендердің таяздануы секілді климаттық апаттарға ұласуы мүмкін.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әділетті Қазақстанның эконо­ми­калық бағдары» атты Қазақстан хал­қы­на Жолдауында: «Еліміздің кейбір өңір­лерінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында, оның 40 па­йызы босқа ысырап. Су шаруа­шылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қажет», деді. Тағы «20 жылда елдегі су тапшылығы 12-15 млрд текше метрге жетуі мүмкін екендігіне» айрықша назар аударған еді.

Бұл мәселе «ауылдықтардың» айрық­ша бақылауына алынып, партия жұ­мысының басым бағыттарының біріне айналды. Оны шешу жолдары «Суармалы егіншілік – ауыл тұрғындарының табысын арттырудың негізі» атты партиялық жобада анық көрсетілген.

Жобаны жүзеге асыру барысында партия төрағасының орынбасарлары мен хатшысы елдегі 10 өңірде болып, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері, ғалымдар, сарапшылар, жергілікті атқарушы билік органдарының басшылары және мамандардың қатысуымен түрлі жиын мен кездесу өткізіп, мәселені түбегейлі зерттеді.

Аталған кеңес Президент Жолдауына қатысты, сол зерттеулердің негізінде шақырылып отыр.

 

Солақай саясат салдары

Айтулы шараны ашқан «Ауыл» партия­сының төрағасы Әли Бектаев рес­пуб­ликалық кеңес жұмысына Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Ауыл шаруашылығы мен Су ресурс­тары және ирригация министрлігінің бас­шылығы, жауапты қызметкерлері, өңір­лік әкімдіктер, мамандандырылған мем­ле­кеттік кәсіпорындар мен акцио­нерлік қоғамдар, кәсіпкерлердің сала­лық қоғамдық бірлестіктері, ауыл және су шаруашылығы саласындағы кәсіп­­орындардың басшылары мен мамандары, жоғары оқу орындарының ғалымдары мен оқытушылары, еліміздің су саласындағы сарапшылар қатысып отырғанын айтты.

«Ауыл шаруашылығы ирригация мәселесі бұдан былай партияның қатаң бақылауында болады. Сөйтіп, Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында көрсетілген бірқатар ұсынысты іске асыруды қолға алады. Негізі бұл бағыттағы жұмыс­тарды бастап та жібердік. Пар­тия қызметкерлері бұған дейін өңір­лерді аралап, су мәселесі республикада өте өткір тұрғанын тыңғылықты зерт­теу­лердің арқасында анықтап білді. Нә­ти­жесінде, осы келелі кеңестің өткізілуіне мұрындық болып отыр». деді партия төрағасы.

Партияның басты мақсатының бірі су ресурстарын тиімді пайдалану мен беталды ысырапшылдыққа жол бермеу шараларын жүзеге асыру екенін алға тартқан төраға, суды үнемдеп жұмсау амал­дары бойынша құзырлы орын­дар­ға тиісті ұсыныстар жасалатынын жет­кізді. Оған қоса айтулы кеңеске елдегі барлық өңірдің өкілдері онлайн режімде қатысып отырғанын айтты. Сөйтіп, елдегі салаға жауапты құзырлы органдардың суға қатысты солақай сая­сат жүргізіп келгенін жасырмады.

«Су мәселесіне жауапты қызметкер­лер саланы жақсы білмейді. Кәсіби маман­дардың болмауы трансшекаралық су мә­селелерін шешу кездерінде көрші­лерімізге ұтылып қалып жатады. Оның сыртында саладағы жүйесіз жүргізілген бірнеше жылдық солақай саясаттың салдарынан ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз етуде аса күрделі жағдай қалыптасып отыр. Сондай-ақ су ресурс­тарын жылдық жоспарлауда ауа райы болжамы, жекелей алғанда қар, жауын-шашын, құрғақшылық туралы ақпарат негізге алынбайды. Елімізде жерасты суларын пайдалану деңгейі де өте төмен», деді Ә.Бектаев.

Саладағы түйінді мәселелерді тізбе­леп, оларды шешу жолдарына назар аударған партия төрағасы кеңеске қатысушылардың назарын Өзбекстан елінде арнайы түсірілген фильмге бұрды. Онда көрші елдің суды қалай үнемді пайдаланып жатқаны туралы баяндалады екен. Мәселен, өзбек мамандары су арналарын бетондаудың алдында оның астына ылғалды мүлде өткізбейтін жабынды төсеп жатқаны әңгімеленеді. Ал жасанды арналарда егіске баратын судың жалпы 50 пайызға жуығы жол-жөнекей жерге сіңіп, босқа жоғалатыны айтылады. Сондай-ақ арналарды ылдилатып қазудың арқасында жүздеген шақырымға созылған арық­тар бойындағы үлкен-үлкен сусорғылар алынып тасталып, электр қуаты мен оған жұмсалатын миллиондаған қаржы үнемделіп жатқаны баяндалады. Партия жетекшісі қоңсы қонып, қолтықтасып жатқан жері мен табиғаты ұқсас елдің тәжірибесін үйренген абзал екенін еске салды.

 

Келісімнің маңызы

Келелі кеңесте сөз алған Су ресурс­тары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов еліміз трансшекаралық су ресурстарына тәуелді екенін жеткізіп, көрші мемлекеттермен ынтымақтастықта жұмыс істеу маңызды екендігіне тоқтал­ды. «Ең тәуелді трансшекаралық контексте ол оңтүстік бағыттағы аймақта орналасқан. Орталық Азия елдерінің су ресурстарын өзара келісіммен пайдалану кестесін жасау бойынша жұмыстар жал­­ғасып жатыр. Ол өз нәтижесін бере­­ді деген үміттеміз», деген министр са­ладағы түйінді мәселелердің бірша­ма шешімін қарастыратынын айтты. Сөйтіп, республикалық кеңесті ұйым­дас­­тыру­шы партия жетекшілеріне алғысын білдірді.

Ал Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Әбілхайыр Тамабек мәселеге қатысты Үкімет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды. «Министрлік Су ресурстары және ирригация министрлігіне облыс­тар әкімдіктерімен бірлесіп, фермер­лер­ге су беру қағидаларын бекітуді және ол үдерісті автоматтандыруды, ком­муналдық су шаруашылығы ұйым­дарын құру жөніндегі жұмысты ұйым­дастыруды, нақты су жеткізілетін суармалы жерлердің алаңдарын айқындап, су пайдалану кестелеріне сәйкес кепілді және уақтылы су беруді қамтамасыз етуді, суару мақсаттары үшін жерасты суларына геологиялық зерттеу жүргізуді қамтамасыз етуді ұсынады.

Сонымен қатар жайылымдарды суландыру мақсатында кейінгі 3 жылда, яғни 2020-2022 жылдар кезеңінде республика бойынша 5 614 құдық қазылды. Соның нәтижесінде 5,3 млн га жайылым суландырылды және 1,9 млн бас мал сумен қамтамасыз етілді», деді министрлік өкілі.

 

Суды тиімді пайдалану тетіктері

Расында да, статистикаға сүйенсек, Қазақ­стан жерінің 70 пайызына құр­ғақ­шылық қаупі төніп тұр. Ел халқы­ның 25 пайызға жуығы қазірдің өзін­де де­­градацияға ұшыраған аймақ­тар­да тұра­ды. Экономика салаларын­да халық­тың су ресурстарын пайда­лануын­дағы ағым­дағы жағдайы сақталатын болса, 2030 жылға қарай су тапшылығына бай­ланыс­ты еліміздің әлеуметтік-эконо­микалық даму қарқынының төмендеу қаупі бар.

Мемлекет басшысы халыққа Жол­дауында: «Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес», деді. Ауыл шаруашылығын сумен қамта­масыз ету туралы айта отырып, ол судың бар болуы фермер күнкөрісінің кепілі еке­нін ұқтырды. Ал әр фермердің артын­да қанша шаруа мен халық тұрғаны мә­лім. Жолдауда су ресурстарын тиім­ді және ұқыпты пайдалану, атап айтқан­да, су үнем­деу технологияларын жедел енгізу бойын­ша бірқатар маңызды міндеттер қойылған.

Бұл ретте суармалы жерлердің көлемі – 2 есеге, 3 млн гектардан 1,5 млн гек­тарға дейін қысқарды. Оның 500 мың гек­­тарға жуығы мелиорациялық жағ­дайы қана­ғат­танарлықсыз жерлерге жатады. Бұл үдерістердің шиеленісуі халық ты­ғыз орналасқан елді мекендердегі ауыл тұр­ғындарының әлеуметтік-эконо­мик­алық өмір сүру жағдайларына теріс әсер етті.

«Кейінгі жылдары Қазақстанда су тұтынушылардың барлық тобы үшін оны тартудың жалпы көлемі жылына шамамен 25 млрд текше метрді құрады. Онда ауыл шаруашылығының үлесіне шамамен 15 млрд текше метр немесе су тартудың жалпы көлемінің шама­мен 60%-ы тиесілі болды. Ауыл ша­руашылығына тұтынудың басты проб­­ле­маларының бірі – судың айтар­лық­­тай жоғалуы. Орташа алғанда, 2020 жыл­дан 2022 жылға дейін магист­рал­дық арналар арқылы суды тасымал­дау ке­зін­де судың ысырабы шамамен 20%-ды құрады. Егістіктерде арналардағы ша­­руашылықаралық және ішкі ша­руа­шылық шығындарын, сондай-ақ суа­ру­­дың ескірген әдістеріне байланыс­ты су шы­ғынын ескере отырып, су ысы­рабы­ның көлемі 40%-ға жетеді.

Егер 1990 жылға дейін Қазақстанда жайы­лымдардың 80-85%-ы суландырыл­ған деп есептелсе, қазіргі уақытта бұл көр­сеткіш нақтылауды қажет етеді. Іс жүзінде барлық жерде, тиісті жұмыстың бол­мауына байланысты, суландыру қон­дыр­ғыларының 70%-дан астамы істен шығып, жаңаларының құрылысы тоқ­татылды», деді партия төрағасының орынбасары Төлеутай Рахымбеков өз баяндамасында.

Ауыл шаруашылығын сумен жаб­дық­таудың негізгі проблемаларына арна­­лар, басқа гидротехникалық құры­лыстардың тозуының жоғары дәрежесі (70%-дан астам) және одан туындаған судың үлкен шығыны, ресурс үнемдеу технологияларын (шашырату, тамшылату, дискретті) енгізудің өте төмен дәрежесі, суды есепке алудың және су бөлуді автоматтандырудың заманауи әдістерінің пайдаланылмауы, аумақтың 90%-дан астамында суарудың ескірген технологияларын қолдану жатады (судың жоғалуы, эрозия, қайталанатын тұздану). Бұлармен бірге жетілдірілмеген тарифтік саясат, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің агротехнологияларды және ғылыми негізделген ауыс­палы егістерді сақтамауы, шаруа агро­құрылымдарының қазіргі заманғы ауыл шаруашылығы техникасымен және жаб­дықтарымен жарақтандырылуының төмен деңгейі де солардың қатарында. Сондай-ақ білікті кадрлардың жетіспеу­ші­лігі, ғылымның, ғылым мен өндірістің интеграциялануының әлсіз деңгейі, өңірлерде демонстрациялық алаңдар құра отырып, ауыл тұрғындарын оқыту жә­не олардың біліктілігін арттыру бойын­ша білім беру жүйесінің болмауы жағ­дайды мүлде ушықтырып жіберген. Осы мәселелерді көлденең тартқан Т.Ра­хым­беков, бірінші кезекте салаға білікті кадрлар даярлау маңызды екенін айтты.

 

Ортаға тасталған ұсыныс

Ауыл шаруашылығын сумен жабдық­тауды дамыту мәселелерін талқылай оты­­рып, «Ауыл шаруашы­лығын сумен қам­­тамасыз ету – ауыл тұрғындарының табы­­сын арттырудың негізі» респуб­лика­лық кеңесіне қатысушылар Үкіметке әб­ден пысықталған 15 ұсыныс жолдады. Ор­таға тасталған бұл ұсыныстарға сіз де өз ойы­ңы­зды білдіре аласыз, құр­метті оқырман

«Ауыл шаруашылығын сумен қамта­масыз ету – ауыл тұрғындарының табы­сын арттырудың негізі» рес­пуб­ликалық ке­ңесіне қатысушылар ұсы­нылған ұсы­нымдар Мемлекет бас­шысы Қ.Тоқаевтың Жолдауын сәтті іске асыруға, суармалы егіншілік мүмкін­діктерін тиімді пайдалану есебінен ауыл халқының табысын арттыруға ықпал ететініне сенім білдірді.