Сыртқы істер министрлігінде өткен баспасөз жиынында Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрінің Нью-Йоркке сапарының қорытындысы айтылып, алдағы жұмыс жоспары жарияланды.
Ведомствоның арнайы өкілі Айбек Смадияров биыл 17-22 қыркүйекте Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу БҰҰ Бас Ассамблеясының Нью-Йорк қаласында өткен 78-сессиясының жоғары деңгейдегі сегментіне қатысқанын айтты. «БҰҰ Бас Ассамблеясының алаңында СІМ басшысы бірқатар іс-шараға қатысып, сыртқы істер министрлерімен және халықаралық ұйымдардың басшыларымен келіссөздер жүргізді», деді ол.
Арнайы өкілдің айтуынша, Қазақстанның төрағалығымен Шанхай ынтымақтастық ұйымына қатысушы елдер Сыртқы істер министрлерінің кеңесі отырысы өткен. Сонымен қатар Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, Азиядағы өзара сенім шаралары кеңесі, Түркі мемлекеттері ұйымы мүшелерінің сыртқы ведомство басшылары бас қосқан. Бұдан бөлек, Ислам ынтымақтастығы ұйымының министрлік деңгейдегі кезекті отырысы ұйымдастырылды.
Осы аптада Вьетнам парламенттік делегациясы Қазақстанға келіп, Сенат және Мәжіліс төрағаларымен кездеседі. Алыстан келген қонақтар қатарында Вьетнам Коммунистік Партиясы Орталық комитетінің мүшесі және ВСР Ұлттық жиналысы Төрағасының бірінші орынбасары Нгуен Кхак Динь бар. Сапар барысында Вьетнам өкілдері Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов, Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағалимен екіжақты кездесулер жоспарланған.
«Сапар екі ел арасындағы парламентаралық өзара іс-қимылды одан әрі жандандыруға бағытталған. Сапар барысында Парламент Мәжілісінде, Сыртқы істер министрлігінде, Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде кездесулер ұйымдастырылады», деді А.Смадияров.
Журналистердің сұрағына жауап берген ресми өкіл жақында Сейшел аралдарына визасыз бару режімі күшіне енуі мүмкін екенін хабарлады. «Жақында Қазақстан мен Сейшел аралдары визасыз режім туралы келісімге қол қойды. Осы келісім аясында мемлекет ішіндегі рәсімдер аяқталғаннан кейін визасыз тәртіп күшіне енеді. Екі елдің азаматтары бір-біріне 30 күнге дейін визасыз бара алады», деді А.Смадияров.
Сондай-ақ Қазақстан мен Армения ҰҚШҰ-дан шығу бағытында көліссөз жүргізіп жатыр деген қауесетке қатысты мәлімет берді. Оның айтуынша, бұл шындыққа жанаспайды. «Бір ақпарат агенттігінде осындай мәлімет шығыпты. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Егер Армения өз талаптарын қойып жатса, бұл олардың ішкі мәселесі. Осы жайында біз ештеңе айта алмаймыз. Қазақстан ҰҚШҰ аясында жұмысын жалғастырып жатыр», деді А.Смадияров.