Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан ХІХ жазғы Азия ойындарында еліміздің спортшылары алғашқы алтын медальді иеленді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Стенд атудың скит бағдарламасы бойынша мергендігін сынаған еліміздің әйелдер құрамасы финалда қарсыластарынан басымдық танытты. Әсем Орынбай, Зоя Кравченко, Ольга Панарина жазғы Азия ойындарында рекорд жаңартты һәм Қазақстанға Ханчжоудағы додадан алғашқы алтын медальды алып берді. Мерген қыздар Қытай мен Таиланд командасынан оқ бойы озды.
«Қыздарды осы тарихи жеңіспен құттықтаймын! Алтын медальдан басқа, біздің спортшылар да жаңадан жарыс рекордын орнатты, бұл жеңісті одан да әсерлі етеді. Естеріңізге сала кетейін, Алматы облысында стенд атудан Әлем Кубогында біздің құрама бірінші жалпы командалық орынға ие болған. Бүгін бүкіл Азия құрлығы бұл жеңісті кездейсоқ жетістік еместігіне көз жеткізді», деді Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.