• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Ән 27 Қыркүйек, 2023

Қайрекеңнің қуанышы

292 рет
көрсетілді

Әннен басқа арманы болмаған адамдар бар өмірде. Сонау дәуірлерден, есте жоқ ескі күн­дерден адамның өзі емес, ән кө­шеді болашаққа. Бұдан бірнеше ғасыр бұрынғы халықтың рухы мен жанының көрінісі, сөз бен саздың қосындысы – ән. Ұлт­тың қаны мен жаны, нәрі мен бары. Одан асқан, одан өткен не бар дүниеде? Неше­леген замандардың иінін талды­рып келген ән құдірет кезеңнен ке­зеңге, уақыттан уақытқа оңай көше ме? Алтын жүрек­тер, кіршіксіз күміс кеуделер ар­қылы көшпей ме? Кісісін таң­дап, тұлпарын талғап қонады.

«Бозбала осы әнімді үйренерсің,

Ырғаққа келтіре алмай күйзелерсің.

Асау ән жетегіңе жүрмеген соң,

Біріңнен бірің көріп сүйрелерсің» демей ме Әсеттің өзі? Кешегі Кемпір­байдың кеудесінен ұшқан «көкала» үйрек екінің бірінің көмейіне ұя салмайды. Ақан мен Біржаннан, Әсет пен Кемпірбайдан қалған асыл мұраның кешегі иегерлері Жүсіпбек Елебеков, Қали Байжановтар болғанда, олардың көзіндей жалғасы, ұлы сарынның алтын жүлгесі Қайрат Байбосынов десек, артық емес. Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Қайрат Бай­босынов туғалы әнді қалай мәпелеп келсе, әншісін халық та солай аялауға тиіс қой. Осыны ескерген Л.Н.Гу­милев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Кәусар» мә­дени-танымдық бiрлестiгiнiң ұйым­­дастыруымен әнші халқымен қайта қауышты. Сұхбатты аталған клубтың жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Абай атындағы Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Кенжеғали Мыржықбай жүр­гізіп отырды. Оқытушылар мен сту­денттер сұрақтар қойып, құрметті қонақтың әні мен әңгімесін қоса тыңдап, емен-жарқын әңгіме-дүкен орнады.

«Арманым – халық әндері мен халық композиторларының шығармаларын насихаттап, халықтың жүрегіне жет­кізу, жас ұрпақтың бойына сіңіру. Ол арманым орындалып келеді», дейді әнші. Аузын ашқанда айтқан сөзі еді бұл. Елеусіз естілгенімен, есті сөз. Кездесу басталған бетте бұл кісінің орындауындағы бірнеше әнді шәкірттері шырқап салды. Көңіл көтеріліп қалды.

Жетпістен асып, сексенге бет алған өнер иесі Үкілі Ыбырайдың «Қал­дырғанын» орындағанда тың­дарманды таң еткендей әсерге тағы көмді.

«Алпысқа келіп ән салып, атын бір қойдым «Қалдырған» депті Үкілі Ыбырай. Демек әнші халықпен жүз­десуге дайындалып, осы әнді баптап келгенге ұқсайды. Жұртшылық ал­дындағы жауапкершілігіне қылау тү­сірмейтіні осыдан көрінеді. Қарт­тық­тың әнін құйқылжытып отыр.

Сұрақтардың біразы классикалық қазақ әндерін салушылар мен эстрада жанрында орындаушыларға деген көзқарас тұрғысында қойылды. «Эстрадалық жанрда ән салғанымен, оны да жарытып жатқандар шамалы. Таза эстрадамен айтатын бір жақсы әншіні айтыңызшы? «Күйеуің сексен бесте шал, Қадиша» деп айтқан соң не деуге болады?», деп бір кетті. «Дәс­түрлі әншілердің эстрадаға кет­кеніне қалай қарайсыз?» деген сұраққа жауап қана емес, бұл – бүгінгі орын­­даушының бәріне қарата айтылған ұстаздың сөзі. Ал арагідік эстраданың сүйемелдеуімен ән жаздырып жүрген Рамазан Стамғазиев, Айгүл Қосанова сияқты әншілердің әнді қай деңгейде шырқайтынын халық жақсы біледі.

«Ұстазым Жүсіпбек Елебеков Шә­кәрім, Мұхтар Әуезов туралы әңгі­мелер айтып отыратын. Ақталмай тұрғанда Иманжүсіптің әнін радиоға жаздырып жіберген сол кісі. Ол кезде аса қауіпті жағдай. Сонда айтқан бір әңгімесі еске түсіп отыр: «Сәкен Сейфуллин бір жылы көкбазардан байтал әкеліп сойдырып, қонақ шақырыпты. Арасында Ахмет Бай­тұрсынұлы бар екен. Әңгімелестік, ән салдық, Әбікен Хасенов күй тартты. Сөз арасында Ахмет Байтұрсынұлы «біз қазақ мәдениетін өсіруге тиіспіз. Домбыраға ғана сүйеніп, тамағымызды керіп отыра беруімізге болмайды. Ар­найы оқу орындарын ашу керек. Му­зыканттарымыз нота тануға тиіс. Дү­ниежүзі музыканттарымен иық тірес­тіріп қатар тұру үшін», деп Ақаңның сөзін айтқаны бар.

Бір қуанышым, осы заманда сол кісінің арманы орындалып келеді», деді Қайрат Байбосынов. Арғы жағын оқырман өзі сабақтап алар.