Жақында ғана құзырлы мекемелердің шешімімен еліміздегі аса ірі мегаполис – Алматының 23 тұрғыны ата-ана құқынан айырылды. Ал биыл қаладағы балаларды қолдау орталықтарына кәмелетке толмаған 653 жасөспірім орналастырылған.
Жалпы, құқық қорғау органдарының есебінде 393 кәмелетке толмаған жасөспірім мен 583 берекесі қашқан отбасы тіркеуге алынған. Өкінішке қарай, бұл – тек ресми дерек. Алайда көп жағдайда күйсіз отбасында дүниеге келіп, айдың-күннің аманында адам төзгісіз жағдайда қалған балаларды тиісті мекемелер емес, көршілері, болмаса жанашыр жандар анықтап жатады. Мәселен, өткен тамыз айында Медеу аудандық ювеналды полиция инспекторы полиция тіркеуінде тұрған 1982 жылғы келіншектің пәтеріне бірнеше күн бойы кіре алмаған. Павлодардан көшіп келген бұл отбасы биыл мамыр айында есепке алынған. Әйел байланысқа шыққысы келмеген соң, учаскелік инспектор жағдайдың қиындағанын сезіп, үйіне іздеп барады. Бірақ ол кезде есікті ешкім ашпаған, инспектор 8 тамызда қайта соғады.
«Үйден дыбыс естілгенімен, ешкім есікті ашпады. Оқиға орнына жергілікті учаскелік инспектор, ТЖД қызметкерлері және қамқоршылық өкілдерін шақырдық. Есікті күшпен ашуға тура келді. Үйде әйел мас күйде болды. 2016 жылы туған қызы, 2018, 2020 жылдары туған екі ұлы бар. Пәтерде тазалық деген атымен жоқ. Балалардың жағдайы тым ауыр болғандықтан, қолдау орталығына дереу жеткізілді», дейді Медеу аудандық ПБ кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік инспектор, полиция капитаны Айжан Бұтабаева.
Сондай-ақ биыл ақпан айында Екібастұздағы «Маугли» балалардың оқиғасы қоғамда шу тудырғаннан кейін жиырмаға жуық лауазым иесіне сөгіс жарияланып, ескерту беріліп, екі шенеуніктің жұмыссыз қалғаны белгілі. Берекесіз отбасы туралы полицияға көршілері хабарлаған. Көрсетілген мекенжайға келген құзырлы мекеме өкілдері 7, 5, 4, 3 жастағы балалардың ауырып жатқанын анықтады. Үйде тамақ болмағандықтан, аштан бұратылған балалар үш күннен бері нәр татпаған. Бірінің іші үлкейіп, екіншісі екі күн бойы құсып ауырған. Тіпті балалардың үстінде жібі түзу киімі де болмаған. Волонтерлер үйдегі бар киімді кигізіп, жедел жәрдем шақырғаннан кейін балалар анасымен бірге шұғыл түрде ауруханаға жеткізіледі. Облыстық балалар ауруханасына жатқызылған қыз коронавирус жұқтырса, үш ұлдан пневмония анықталды. Далаға шығып ойнамаған, тойып тамақ ішіп көрмеген балдырғандар Маугли секілді. Адамдардан қорқады. Жабайы болып өскен балалардың денсаулығы әбден нашарлап кеткені соншалық, бір жыл бұрын жүре алмай қалған. Осы жайт та жұрттың ашу-ызасын туғызды. «Маугли-балалардың» анасы 1994 жылы туған, ал әкесі «Богатырь Көмір» ЖШС көмір өндіруші кәсіпорынның мердігер мекемелерінің бірінде жұмыс істейді. Үй-күйсіз әке-шешенің үнемі көшіп-қонып жүргені аян болды. Бірақ бүлдіршіндердің шешесі ішімдікке салынбаған. Сол кезде Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары Мәриям Мәлікованың: «Ендігі басты мәселе – балалардың денсаулығы. Олар анасының қамқорлығына, күтіп-қарауына зәру болғандықтан, шешесімен бірге. Олардың мұндай күйге қалай түскені анықталғаннан кейін, әке-шешесін ата-ана құқығынан айыру туралы мәселе көтереміз», деп мәлімдегені есімізде.
Өкініштісі, осы оқиғадан кейін волонтерлер павлодарлықтардан осындай әлеуметтік жағдайы төмен, берекесі кеткен отбасылар туралы хабарлап отыруды сұраған кезде, көп кешіктірмей-ақ өңірдегі ауылдардың бірінде бір жасар баласы бар, ішімдікке салынған әйел туралы ақпарат түседі. Ең сорақысы, волонтерлер бір жастағы баланың анасы бұрын да үлкен балаларымен шаруасы болмағандықтан, ата-ана құқығынан айырылғанын, ал өзі Екібастұздағы «Маугли-балалардың» анасының туған әпкесі екенін анықтаған.
Биыл ақпан айының аяғында әшкере болған Өскемендегі саяжай кооперативтерінің біріндегі адам шошырлық оқиға да елге мәлім. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы, аға лейтенант Расул Абаев әке-шешесімен бірге араққа салынып, бірнеше рет колонияға түсіп шыққан жеткіншектің кішкентай қарындастарын үйінен алып кетуге мәжбүр болады. Себебі араққа тойып алған жеткіншек 3 және 7 жастағы қарындасын аяусыз соққыға жыққан. Өлімші болып таяқ жеген балдырғандардың бет-аузы көгеріп, сүйегі сынған. Егер инспектор Расул Абаев дер кезінде келмегенде, тіпті оқиғаның арты қайғыға ұласары анық еді.
«Жұмыс барысымен осы отбасына келгенде үйдің іші адам тұрғысыз лас, шашылып жатыр екен. Аяқ басатын жер жоқ. Үйде ешкім жоқ, тып-тыныш. Айналаны тексеріп, бұрыштағы көрпені ашып қарағанда, көзбен көрген жағдайды сөзбен жеткізу қиын. Себебі қатты соққы алған, көздері үрейге толы қыздар бір-бірін құшақтап бүрісіп жатты. Біреуін көтеріп, біреуін жетектеп үйден сыртқа қарай шыққанда удай мас, есін білмейтін ағалары пышақпен артымнан қуа жөнелді», дейді аға лейтенант.
Әрине, елдің әр шалғайындағы осындай келеңсіз оқиғалардың мысалы қоғамға ой салуға тиіс. Ақиқатына келгенде, кәмелетке толмаған балаларды өзіне өзі қол салуға дейін апаратын жағдайлар жеткілікті. Бала бақытты да, бақытсыздықты да алдымен отбасынан табады. Мәселен, Алматы полициясына келсек, барлық мүдделі тараптармен, мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдармен бірге кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға әрекет жасауын жасайды. Жасөспірімдер арасындағы қылмысқа жол бермеу үшін – құқық бұзуға бейім кәмелетке толмағандарды ерте бастан анықтап, әрі қарай жеке жұмыс жүргізу ісі кезек күттірмейді.
«Жыл басынан бері кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу мақсатында мүдделі мемлекеттік органдардың, жұртшылықтың және БАҚ өкілдерінің қатысуымен жалпықалалық 13 жедел алдын алу іс-шарасы өткізіліп, 357 жасөспірім есепке алынды. Бүгінгі таңда 393 кәмелетке толмаған жасөспірім мен 583 берекесіз отбасы ресми түрде бақылауда тұрса, тағдыр тәлкегіне түскен 653 кәмелетке толмаған жеткіншек балаларды қолдау орталықтарына орналастырылды. Кәмелетке толмағандардың түнгі, беймезгіл уақытта өз беттерінше ойын-сауық мекемелері мен сыртта қаңғып жүргені үшін 5640 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды», дейді Алматы қалалық ПД ЖПҚБ ювеналды полиция бөлімінің басшысы Жанна Шонжанова.
Сондай-ақ спикер кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алуда қала және аудандық әкімдіктер жанындағы кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссиялармен өзара әрекет аз рөл атқармайтынын айтады.
Жоғарыда атап өткендей, жыл басынан бері комиссия отырыстарында кәмелетке толмағандарға қатысты 250 материал қаралып, 23 адамға ата-ана құқығынан айыру түрінде шара қолданылған. Оған қоса 539 әке-шеше бала тәрбиесінде жауапкершілік танытпағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бірақ осының бәріне қарамастан, «Баланың бөтені болмайды» деген тәмсілге салсақ, қай кезде де бұл мәселе қоғамға ортақ. Жоғарыдағыдай қалың жұрттың ортасында отырып, «Мауглидің» күйін кешкен бақытсыз балалар көбінесе айналасындағы сорақы жағдайларға көзін жұмып қарамайтын жанашыр жандардың арқасында табылып жатады. Сол сияқты өмір сынақтарында осалдық танытып, бұл шыңыраудан өз бетінше шыға алмай, адасып жүргендер үшін де айналасындағылардың қолдауы мен түсіністігі ауадай қажет.
АЛМАТЫ