Бразилия ұзақмерзімді экономикалық қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында Орталық Азия мемлекеттерімен белсенді қарым-қатынасын дамытып келеді. Әсіресе осы аймақтағы байланыстарда Қазақстанның орны бөлек. Биыл Бразилия мен мемлекетіміздің достық қарым-қатынасына 30 жыл толып отыр. Осыған орай Жетісу облысының басшылығы мен Бразилия Федеративтік Республикасы сенаторлары кездесті.
Бүгінде Бразилияның Қазақстанмен байланыстары қарқынды даму үстінде. Екіжақты байланыстар тек минералдық ресурстарды ғана емес, сондай-ақ жол құрылыс материалдарының тасымалы, мұнай мен газ өндірісіне қажетті химикаттардың тасымалы, «NEХI» сақтандыру ұйымының қатысуымен қаржыландыру сияқты жаңа іс-шаралармен толығып келеді. Осы ретте кездесуге Сенат төрағасының ІІІ орынбасары, парламентарлық Қазақстан-Бразилия тобының төрағасы Чико Родригес, сенатор Анжело Мартинз, оның зайыбы Элеуса Маргарида Мартинз және Сенат кеңсесінің қызметкері Жосе Рикардо қатысты. Қазақстан тарапынан Жетісу облысы әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Бақытнұр Бақытұлы, «Zhetysu Invest LTD» ЖШС директоры Әнуарбек Тілеулесов және «Zhetysu Invest LTD» ЖШС ғылыми-зерттеу және талдау бөлімінің бас маманы, аудармашы Елена Гейгер болды.
Ресми деңгейдегі екі мемлекеттің қалыптасуына ықпал еткен оқиғалардың бірі – «Қазақстан Республикасы мен Бразилия арасындағы достық, әріптестік және ынтымақтастық туралы біріккен мәлімдеме». Осы мәлімдеменің нәтижесінде мемлекеттердің қарым-қатынасы стратегиялық әріптестік деңгейге көтерілгені мәлім.
Кездесу барысында Әсет Қанағатов Қазақстан мен Бразилия елдері арасындағы екіжақты достық қарым-қатынастың нәтижесінде көптеген жоба іске асып жатқандығын атап өтті. Сонымен қатар 2022 жылы екі ел арасындағы тауар айналым екі есе өсіп, 364,4 миллион долларды құраған.
«Қытай мен Оңтүстік-шығыс Азиядан ТМД елдеріне және Еуропаға шығатын маңызды бағыттардың қиылысында географиялық жағынан ыңғайлы орналасқан «Қорғас – Шығыс қақпасы» еркін экономикалық аймағы қазіргі таңда маңызды инвестицияның көзіне айналуда. Оның аумағында 2030 жылдың соңына дейін жалпы құны 570 миллиард теңгені құрайтын 30 жоба жүзеге асыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде, Қытай Халық Республикасымен бірігіп 2 мыңнан астам жұмыс орны құрылады. Шамамен 330 миллиард теңге инвестиция тарта отырып, көлемі 1 000 гектар болатын «Қазақстан – Қытай» халықаралық индустриалды қаласы» индустриалды технопаркінің құрылысы бойынша бірлескен жоба болмақ. Ең бастысы, әрбір істің нәтижесі халық үшін», деп атап өтті жиында облыс әкімінің орынбасары.
Жалпы, облыста ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, туризм, баламалы энергетика және өнеркәсіп сияқты стратегиялық салаларға жаңа инвесторларды тарту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.
Мәртебелі мейман Чико Родригерс қазақ халқының қонақжайлылығы мен кең пейіліне алғыс айта отырып, болашақта да достық қарым-қатынасты арттырып, ынтымақтасып біршама тың әрі жаңа жобаларды іске асыратындықтарын жеткізді.
«Қос елдің достық қарым-қатынаста еңбек етіп келе жатқанына биыл – 30 жыл. Бұл аз уақыт емес. Бірақ біздің достық, татулық, ынтымақ бұдан да көп жылға ұзаруы керек. Біздің сапардың мақсаты – екі елді жақындастыра отырып, елге қажетті жаңа жоба дайындап, нәтижелі жұмыс істеу. Минералды ресурстар, жаңартылған энергия көздері аясында тың жобалар әзірлеп, сол бойынша ел экономикасын көтеруге біз барынша атсалысамыз», деді Чико Родригерс.
Қос тарап өкілдері тың істерді әзірлеуге ынтымақтастық мүмкіндіктерінің мол екенін айтып, болашақта түрлі жобаны бірлесе атқаратындықтарын жеткізді.
Жетісу облысы