Ақтөбедегі Ахмет Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің күйшісі Жайлау Асылханов қырық жылға жуық күй өнерін, соның ішінде Қазанғап мұраларын ұлықтап келеді. Оның жары мәдениет саласының үздігі Бағдагүл Қосмағанбетова – әншілікті серік еткен жан.
Осындай өнерлі шаңырақтың тұңғышы Құрманғазы – бүгінде Ахмет Жұбанов атындағы ұлт аспаптар оркестрінде домбырашы. Құрманғазы 2014 жылы Қазанғап атындағы халықаралық байқаудың бас жүлдесіне ие болған күннен бастап өнер жолына түсті. Ал кіші ұлы Құрманғали өнерден тыс салада еңбек етсе де, ұлттық аспаптың құлағында ойнай біледі. Жайлаудың туған інісі Төребек те – күйші. Ол да Ақтөбе музыка колледжінде сабақ береді.
Жайлаудың күйқұмарлығы 5-сыныптан басталыпты. 1975 жылы Байғанин ауданының «Оймауыт» кеңшарына Ақтөбедегі мәдени-ағарту училищесін бітіріп келген жас маман Бейбіт Қалышева қияндағы ауылдың мәдениетін көтеруге құлшына кірісіп, мектепте домбыра үйірмесін ашады. «Үйірмеге Бейбіт апайдың інісі екеуміз бірге барған күннен бастап күйге деген құмарлығым оянды. Содан бері домбыра қолымнан түскен жоқ. Біз ол кезде Оймауытта тұрдық. Шешем Айман Өтекешова – Қазақ КСР оқу-ағарту ісінің озық қызметкері. Қырық жыл мектепте химия-биология, география пәндерінен сабақ берген шешем өнерді жақсы көрді. Өзінің де домбыра тартатыны бар еді. Менің өнер жолын таңдауыма осылайша шешемнің ықпалы зор болды. Әкем – Жанша Мұстафин соғыс ардагері, ұзақ жыл Доңызтауда агроном болып қызмет етті. 1957 жылдан бастап Доңызтауда ауыл адамдары жүгері егіп, Мәскеуге Халық жетістіктері көрмесіне талай барған. Кейін «Оймауыт» кеңшарында кадрлар бөлімін басқарып, зейнеткерлікке шықты», дейді Жайлау.
Жайлау мектептен соң Ақтөбе музыка училищесіне оқуға түсіп, Берік Ізбасқанов, Қайырғали Қожанбаевтан дәріс алып, қасиетті домбыраның құдіретін ерекше сезіне түсті. Кейін Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясына оқуға түскенде, ұстазы Әбдухамит Райымбергеновтың жетекшілігімен Қазанғап күйлерінің тереңіне бойлай берді. Жайлаудың өнер жолында күйші Сәдуақас Балмағамбетов пен Жұмабай Жансүгіровтің де ықпалы зор болған.
Қалай болғанда да Жайлаудың күйшілік бастауында Доңызтау тұр. Қазіргі Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарының шекарасы – Үстірт бойындағы Доңызтау бойын жайлайтын бір бөлек жұртта сөз өнері, күйшілік, жыр-дастан, қолөнер, тері кәсіпшілігі мықтап дамыған. Қазақы қалпын сақтап отырған бір қауым жұртты 1959 жылы күшпен Оймауытқа көшірді. Доңызтаудан келген ағайынның арасында Мәмбеталин Нәжімедин ақсақал болған. Бұл кісі ел ішінде Машалақ деген атпен танымал керемет күйші екен. Жайлау бала кезінде Оймауытта домбыра тартатын адамдар көп болғанын айтады. Ертеректе өмір сүрген Мәңке атасының «Қоңыр» күйі 2011 жылы Мәдениет министрлігі дайындаған антологиялық жинаққа енді. Арғыдан жеткен осы күйді домбырасымен орындап, аңызын да аманаттап кеткен Оймауыттағы Машалақ күйші екен. Жайлаудың тағы бір арғы атасы Думаұлы Қонақбай Қазанғап күйшінің тікелей шәкірті болған. Қонақбай күйші жөніндегі деректер Тымат Мерғалиевтің «Домбыра сазы» кітабында бар. Осы кітапта Қазанғаптың жанына ерген шәкірттердің бірі Қонақбай Кәдіралы Ержановпен, Тасыбаймен күй тартысты деп жазылған. «Қонақбай Думаұлы аталарыммен бірге туған адам. Осылайша, біздің әулетке күйшілік арғы аталарымыздан келген», дейді Жайлау.
Қазақ даласында әртүрлі күйшілік мектеп қалыптасты. Ал Ақтөбе облысында Қазанғаптың күйшілік мектебі терең із қалдырған. Қазанғап күйлері өте күрделі болса да, халық оны жақсы көрді, сүйіп орындады. Қазанғап күйлерінің ерекшелігі – адамның жан-жүрегін бірден баурап алатындығында. Қазіргі Шалқар ауданында, Байғанин ауданының Доңызтауында Қазанғаптың күйлерін шебер орындайтын өнерлі жандар көп болды. Ахмет Жұбанов «Ғасырлап пернесі» кітабында «Қазанғап Доңызтауда тұратын Төреш күйшіге барып бата алды» деп жазып кеткен. «Біз сол Қазанғапқа бата берген атақты Төреш күйшінің ауылынанбыз», дейді Жайлау Асылханов.
Күйшілік өнер ерте заманда дәнін сепкен топырақтан ешқашан жоғалмайды. Бұл өнердің құдыреттілігі де сонда, кей кезде тыншып жатады да, уақыты келгенде қайта жанданады. Күй арқылы мыңдаған жылдың арасындағы дәуір бір-біріне жалғанады, ата-бабаның аманаты домбыра арқылы ұрпағына жетеді. Түрлі кезеңде халық көкірегінен ақтарылған күй арқылы бабалар аманатын шебер жеткізіп жүрген – ел арасындағы Жайлау сияқты азаматтар.
Қазанғап мұрасы кеңес өкіметінің қатаң саясаты жылдары ел жадынан өшіріліп, ұмытылып қала жаздады. Қазанғап күйлерін жаңғыртуға деген құлшыныс 1970-1980 жылдары кібіртіктеп басталып, қазіргі уақытта бір ізге түсті. Кейінгі жылдары әр жерден жоғалған күйлері табылып, насихаты күшейіп, орындаушылар саны да артты. Бірақ Қазанғап мұрасы түгенделді деп айту ертерек сияқты, әлі де көп ізденіс керек. Қазанғап күйін халыққа жеткізуде өнертанушы Әбдухамит Райымбергенов көп еңбектеніп жүр. Оған жас зерттеушілер де қосылды. Бірақ әлі де жұмыс көп. «Қазанғап мұрасы түпсіз терең шыңырау сияқты. Ізденген сайын бізге беймәлім қырлары шыға береді. Күй – қазақтың тамыры, жаны, жүйкесі. Күй жоғалса, ұлттың рухы да жоғалады», дейді Жайлау.
Ұлттық өнерімізді киелі сахнадан насихаттап жүрген Асылханов әулетінің ішкі ұстанымы – адалдық, жалған сөйлемеу және тынымсыз еңбек. Осы үш қағида үйдің үлкендеріне де, кішілеріне де ортақ. Қазақтың дәстүрлі тәрбиесі қарапайым құндылықтарға негізделгенін ескерсек, ата-ана еңбекқорлығы балаларына қашанда үлгі. Жайлау күйшінің шаңырағы осылайша өнер мен қазақы өнегені қатар ұстап келе жатыр.
Ақтөбе облысы