Қазақта «Саф өнер саңлаққа ғана қонады» деген жақсы сөз бар. Осы бір әдемі теңеуді заманында суырыпсалма ақындығымен, шебер күйшілігімен елді аузына қаратқан, бүгінде «Керекудің батагөй ақсақалы» атанып отырған Балтабай Сыздықовқа қай жағынан айтсақ та жарасатындай.
Балтабай Сыздықов – елге еселі еңбегімен жаққан, тоқырау жылдары Ертіс-Баян өңіріндегі ұлттық руханият пен мәдениетімізді төрге шығаруға ғұмырының жартысынан астамын арнаған абзал жан. «Баталы құл арымас» деген нақылды әс тұтып, ел үлкендерінің ақ батасын алған, көкірегі толған қазына қарттың еңбек жолына үңілсек, қай қызметте болса да ұлтымыздың өнерін алтындай бағалағанын түсінуге болады. Негізгі алған білімі ауыл шаруашылығындағы инженер-механик бола тұра, оның мәдениет саласында қалдырған қолтаңбасы орасан. Әсіресе 90-жылдардың соңы мен жаңа ғасырдың басында мәдениетімізді дамытуда бұл кісідей тынымсыз еңбектенгендер сирек. Баянауыл ауданында Бірлік кеңшарының директоры болып тұрғанда елді мекенге жаңадан мәдениет үйін салдырып, кейін аудан орталығында ұзақ уақыт мәдениет бөлімі басшысы лауазымын атқарған тұста оның атсалысуымен жергілікті «Беу, жігіттер», «Баян әуендері», «Баян сұлу» ансамбльдері «Халықтық өнер ұжымы» атағын иеленіп, Баянауылда халық театры құрылды. Одан соң ауданда алғаш рет «Баян ТВ» телеарнасын өзі бас болып құрды. Жаяу Мұса атындағы өнер мектебінде жас жеткіншектерді ақындық өнерге баулып, жергілікті жердегі өнерпаздардың басын қосып домбыра ансамблін жасақтады. Әсіресе отандық сапалы ақпаратқа сусап отырған жергілікті жұрт үшін «Баян ТВ» арнасының маңызы зор болған еді. Коммерциялық жоба өзін өзі ақтап, арна ұжымы бюджеттен бірде-бір тиын көмек алмады. Балтабай аға бір өзі редактор, диктор, журналист қызметтерін атқарып, көрерменге әр аптаның сенбісінде жергілікті жаңалықтармен бөлісуге асығатын. Іскер әрі ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында жергілікті мәдениетті өрге сүйреп, оның тұсында Баянауыл жерінде республикалық, облыстық деңгейдегі түрлі өнер фестивалі жиі өтетін. Осының барлығы кассеталы камераға түсіріліп, жергілікті халыққа теледидардан тұрақты көрсетіліп тұрды. Бұдан басқа көгілдір экран арқылы аймақтың экологиялық мәселелері, Жасыбай демалыс аймағын дамыту жайы, жекешелендіруге қатысты түйткілдер жиі талқыланатын. «Баян ТВ» арқылы сол жылдары халықтың саяси-экономикалық және рухани сауаттылық деңгейі өсті деп баға беруге болады.
Балтабай ағаның домбырашылық өнері сонау жас шағынан елге белгілі болды. Алматыда оқып жүріп, 60-жылдардың ортасында республикалық студенттер арасындағы байқауда жеке күй орындаудан екі мәрте жеңімпаз атанған. Бұл жетістігі үшін ол өзге өнерпаздармен бірге 1968 жылы «ҚазКСР-дің Польшадағы мәдениет күндеріне» қатысады. Варшава, Гданск, Щецин, Слупск тағы бірқатар үлкен шаһарды аралап, Динаның «Байжұма», Құрманғазының «Серпер» күйлерін орындап, қазақтың асыл өнерін өзге жұртқа паш еткен. Сол жылдары ол атақты аспап жасаушы Қамар Қасымовпен бір қатарда еңбек еткен шебер Эмануэль Романенконың қолынан шыққан домбыраға ие болған. Сол көне аспап – күні бүгінге дейін Балтабай ағаның жан серігі. Бір өзі қазақтың 80-нен аса күйін орындай біледі.
Енді бір өнері – суырыпсалма ақындығы. 1985 жылы Баянауыл жерінде Жаяу Мұсаның 150 жылдығы тойланып, үлкен айтыс ұйымдастырылады. Сонда жергілікті ұстаз, ақын Зекебай Солтанбайұлы Балтабай Сыздықовты дайындап, жыр сүлейлерінің бәйгесіне қосқан екен. Сол айтыста Балтабай аға облыстың бас ақыны аталып келген Тұрсынбай Олжабаевты ақтық сында басымдықпен жеңіп, бас жүлдені иеленген. Кейін оның жолын жергілікті айтыскер ақындар Жұмкен Сейітов, Бағдат Дүйсенов тағы басқалары лайықты жалғастырды. Балтабай ағаның өзі лауазымды қызметтегі адам болғандықтан, айтыстағы мансабын жалғастыруға мүмкіндігі болмаған. Тек суырыпсалма өнерін жұрт ерекше бағалап, ел ішінде «Балтабай ақын айтты» деген мақамдар, әзіл өлеңдер әлі күнге дейін жиі кездеседі.
Бүгінде жасы 78-ге жетіп қалған қария батагөйлігімен де елді аузына қаратып отырған жайы бар. 2019 жылы Атырау жерінде өткен республикалық сайыста бірінші, ал биыл мамыр айында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен ақсақалдар арасында өткен І республикалық бата беру байқауында бас жүлдені жеңіп алды. Қазыналы қарияның аузынан төгілетін әрбір сөзі жақұт, адамды кемелденуге жетелеп, сана көкжиегін кеңейтуге бағыт береді. Ақсақалдың сөзінше, бата беру – тек дастарқанға ас қайырып, пенде баласына жылы сөз, жақсы тілек арнау емес. Бата – қазақтың көне дәстүрінен жалғасқан қасиетті құндылықтарының ең маңыздысы.
– Адам баласы дүниеге келіп, фәни дүниеге кеткенге дейінгі өмір жалғастығын батамен кескіндеген. Батаның түрі өте көп. Қазіргі өмір негізінде алсақ, мысал үшін «шілдехана батасы», «бесік батасы», «тұсаукесер батасы», «сүндет батасы», «ашамайға мінгізу батасы», «тоқымқағар батасы», «тілашар батасы», «әскерге шығарып салу батасы», «жас жұбайларға арналған бата», «ұзатылған қызға бата», «қоныс батасы», «ақсақалдарға берілетін бата», тағысын тағы жалғастыра беруге болады. Батаның дені дастарқанға арналған. Ертеде көп ортасында батаны тек елге сыйлы, жасы үлкендер ғана берген. Қариялар болмаған жерде орта жастағы еркек кіндіктілер, тіпті болмаса кішкентай ер балаларға бергізген. Ер отырған жерде әйел адамның бата беруі – өрескел іс. Мұның мағынасы – әйел адамды кемсіту емес, керісінше ер азамат шаңырақтың иесі, әулет үшін жауапкершілік жүгін арқалайтын жан деп түсінген қоғамымыз.
Бұл халқымыздың ұлттық бірегейлігін сақтап қалатын кодтың бірі екенін ұмытпайық, дейді ақсақал.
Ұзақ жылғы еңбегінің нәтижесінде Балтабай Сәкенұлы еліміздің «Мәдениет қайраткері» атағына ие болды. Қазақтың қара сөзін қанына, сүбелі сөзін сүйегіне сіңірген ұлағатты ақсақалдың деніне саулық, күш-қуат тілейміз.
Павлодар облысы