• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Қоғам 29 Қыркүйек, 2023

Сәбилер көбейіп келеді

542 рет
көрсетілді

Атырауда «Аңсаған сәби» бағдарламасына жүгініп, сәби сүюді қалайтындар көп. Сол себептен былтыр – 213, ал биыл 233 квота бөлінген.

Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, кейінгі екі жыл­да жасанды жолмен 34 сәби өмірге келген. Алайда бедеулік белгісімен әлі де 1 345 отбасы есепке алынған.

«Аңсаған сәби» бағдарламасымен өмірге келген сәбидің бірі бес айдан бері ауруханада жатыр. Жақында шақалақ перинаталдық орталықтан об­лыстық балалар ауруханасына ауыс­тырылды. Оның өмірге келген кездегі салмағы – 503 грамм, ал бойы 28 сантиметр болған. Ең жеңіл салмақта­ғы бұл сәби отбасының тұңғышы екен.

«Мұндай жеңіл салмақтағы сәби шала туғандар санатына алынады. Облыстық перинаталдық орталықтың дәрігерлері бес айдан бері сәбиге қарқынды ем-дом жүргізді. Осы кезге дейін оның салмағы ­2 кило 500 грамға жетті. Жақында шақа­лақ одан әрі жүргізілетін ем-дом шараларын жалғастыру үшін облыстық балалар ауруханасына ауыстырылды. Өйт­кені оның өкпесі кішкентай болған­дық­тан, оған әлі де СРАР түтікшесіз аппа­ратымен оттегі беру қажет», деп хабар­лады перинаталдық орталықтың баспасөз қызметі.

Бұл нәрестенің ата-анасы ЭКҰ әдісіне бес рет жүгініпті. Үміт үзбеген олар биыл «Аңсаған сәби» бағдарламасымен тағы да сәби сүюге бекінген.

«Отбасымыздың басты арманы – сәби сүю. Биыл жүктілік сәтті өтіп жатқан еді. Алайда денсаулығыма байланысты жүктіліктің 22-аптасында егіз сәбиді босануға тура келді. Егіздің сыңары төрт сағаттан соң шетінеді. Енді осы қызымның амандығын тілеп отырмын», дейді сәбидің анасы Анаргүл.

Өңірде туу көрсеткішінің артқа­ны байқалып отыр. Мәселен, былтыр Атырау облысында 11 мың 133 сәби өмірге келген. Ал биыл сегіз айда олар­дың саны 10 913-ке жетті.

Биыл туған балалардың дені Атырау қаласында тіркелген. Мұнайлы шаһар­да 9 052 нәресте дүние есігін ашқан. Ал 1 014 сәби Жылыой ауданындағы ата-аналарын қуанышқа бөледі. Ал Құрманғазы ауданында шақалақтар қатары 324-ке көбейген. Нәрестелердің саны Мақат ауданында – 165, Индерде – 163, Қызылқоғада – 89, Махамбетте – 68, Исатай ауданында 38-ге артты.

 

Атырау облысы