Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан жазғы XIX Азия ойындарында 29 қыркүйек күні Қазақстан командасы бір күміс және үш қола медальды қаңжығаларына бөктерді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Семсерлесуден сапында Руслан Құрбанов, Эльмир Әлімжанов, Ерлік Сертай, Вадим Шарлаимов бар Қазақстан ерлер құрамасы Азиаданың күміс медалін жеңіп алды.
Велотректен Қазақстан ерлер құрамасы (Рамис Дінмұхамедов пен Артем Захаров) мэдисон бағдарламасының финалында 37 ұпай жинап, 3-ші орынға ие болды.
Триатлоннан 1: 52: 25 уақыт аралығында үш кезеңнен өткен Аян Бейсенбаев қола медаль жеңіп алды.
Жеңіл атлетикадан еліміздің қоржынына алғашқы жүлдені Каролин Чепкоеч Кипкируи салды, ол 10 шақырымдық жарыста үшінші келді.
Шахматтан қыздар құрамасы бірінші турда БАӘ командасын 4:0 есебімен жеңді, ерлер құрамасы Таиландтан 3,5:0,5 есебімен озық шықты.
Су добынан Қазақстан қыздар құрамасы Азиададағы 4-ші матчта Таиланд командасын 13:8 есебімен ұтты.
Хоккейден Қазақстанның қыздар командасы Индонезиядан келген қарсыластарын 2:1 есебімен жеңді.
Бокстан 92 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Сағындық Тоғайбай Ираннан келген қарсыласын мерзімінен бұрын жеңіп, Азия ойындарының жартылай финалына шықты. Ал Карина Ибрагимова (57 кг) Солтүстік Кореядан келген спортшыдан басым түсіп, жеңіске жетті.
6-шы жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының қоржынында жалпы 3 алтын, 4 күміс және 19 қола жүлде бар.