Жетісудың табиғаты көркем дегенімізбен, сол Құдайдың берген қазынасын қадірлейтіндердің қатары сиреп барады. Әртүрлі апаттардан, қоқыс қалдықтарынан, өрт салдарынан қоршаған ортаға зиян келуде. Өңірге жұмыс сапарымен келген Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев өңірдегі қалдықты қайта өңдеу жұмыстарының төмендігін жеткізді.
Министр кенді шаһар Текелі қаласында облыс тұрғындарымен, коммерциялық емес және қоғамдық ұйымдармен экологияны сақтау, атмосфералық ауа сапасы, орман және балық шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелер бойынша кездесу өткізді.
Жалпы алғанда, Жетісу облысындағы экологиялық жағдай тұрақты. Дегенмен өңірде ластаушы заттар шығарындыларының нақты көлемі 10,8 мың тоннаны құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10,1 мың тоннаға, 6,4 пайызға төмен. Әйтсе де мамандар бұл бағытта әлі де жұмыс істеу керек екенін айтуда. Себебі зиянды заттардың көлемі мөлшерден едәуір артық. Қазір Алматы облысы бойынша Жол картасы шеңберінде 8 іс-шараның 6-уы Жетісу облысына тиесілі. Сондықтан табиғатты зиянды заттардан тазарту жұмыстары жалғаса береді.
«Мәселен, былтыр Талдықорған қаласының, Көксу және Ескелді аудандарының 6 қазандығы газға ауыстырылды. Одан бөлек Ескелді ауданының кәріз желілері мен тазарту құрылыстары реконструкцияланды. Сонымен қатар Талдықорған қаласының LED-экрандарында атмосфералық ауаның сапасы туралы Қазгидромет ақпараты орналастырылуда. Бұл өз кезегінде тұрғындарды сақтандыруда маңызды рөл атқарады», деді Е.Нысанбаев.
Қалдықтарды басқару саласында негізгі проблемалар – қалдықтарды басқарудың әлсіз дамыған инфрақұрылымы, ҚТҚ полигондарының нормаларға сәйкес келмеуі, рұқсат етілмеген полигондардың едәуір саны және өрімдердің жоғары тозуы немесе олардың болмауы сияқты мәселелер. Олай дейтін себебіміз, биылғы 6 айдың қорытындысы бойынша ҚТҚ қайта өңдеу және жою жұмыстары 8,2 пайызды ғана құрайды. Бұл – өте төмен көрсеткіш. Ал бұл ретте орташа республикалық деңгей 27 пайыз мөлшерінде.
Қараңыз, космомониторинг аясында биыл өңірде 150 қоқыс орны анықталған. Бүгінде оның 72 пайызы жойылған, яғни 109 бірлігі. Сонымен қатар бірқатар қала және аудан әкімдері полигондарды жоймағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Көпке аян, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021-2025 жылдарға арналған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын әзірлеуді тапсырған болатын.
«Көмірсутекті бейтараптыққа жетуде орман алқаптарын көбейту маңызды рөл ойнайды. Қазақстан орман алқабы аз мемлекетке жатады. Орман қорының көлемі 30 млн гектарды немесе аумақтың 11 пайызын құрайды. Биыл елді жасыл желектендіруде ауқымды жоба басталды», деген еді ел Президенті. Осы ретте еліміздің орман шаруашылығы саласында Президенттің бастамасымен 2 млрд ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Биыл соған сай Жетісу облысында 7,03 млн дана көшет бой көтермек. Жыл басынан бері 120 гектар жерге 370 мың дана ағаш отырғызылса, осы күзде 3 мың гектар жерге 6,66 млн дана ағаш отырғызылмақ. Бұл бастама жасыл алқапты өңірдің табиғатын көркейтіп, туризм саласын одан әрі дамытуға жол ашады.
Бүгінде өңірде балық шаруашылығында кедергілер көп. Көл жағалаған жұрт мемлекет тарапынан қолдау көрмей, істің оңбасын айтады. Соған орай өңірде балық саласын дамытуға қатысты балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы қолға алынбақ. Соған сәйкес 2030 жылға дейін Жетісу облысы бойынша балық өсіру көлемін 800 тоннадан 5,4 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Жалпы, кездесу сұрақ-жауап форматында өтті. Ал іс-шараға қатысушылардан келіп түскен ұсыныстар проблемалық мәселелерді шешу жөніндегі іс-қимыл жоспарына енгізілетін болады.
Сондай-ақ министр брифинг барысында журналистердің сұрақтарына жауап беріп, атқарып жатқан шаруаларды ортаға салды.
Жетісу облысы