Кеше АҚШ-тың Невада штатындағы Лас-Вегас қаласында кәсіпқой бокс кеші өтті. Сол бәсекеде екі отандасымыз кәсіби шаршы алаңдағы кезекті жекпе-жектерін өткізді.
Мексикалық Сауль «Канело» Альварес пен америкалық Джермелл Чарло арасындағы кездесудің андеркардында өнер көрсеткен Бек Нұрмағанбет нигериялық боксшы Абимбола Осундаиромен жұдырықтасып, мерзімінен бұрын жеңіске жетті. Алты раундқа жоспарланған айқаста отандасымыз қарсыласын үшінші раундта нокаутпен тізе бүктірді. Осылайша, А.Осундаиро карьерасындағы алғашқы жеңілісіне ұшырады. Ал Б.Нұрмағанбет жеңісті жолын жалғап, жеңістер санын 11-ге жеткізді.
Сонымен қатар осы кеште жұдырықтасқан тағы бір отандасымыз Әбілхан Аманқұл америкалық Джошон Джеймспен төрешілердің шешімі бойынша тең түсті. Ал бокс кешінің басты жекпе-жегіндегі Сауль «Канело» Альварес пен Джермелл Чарло арасындағы айқас алғашқысының айқын басымдығымен аяқталды. Сөйтіп, «Канело» өзіне тиесілі белдікті кезекті рет сәтті қорғады.