Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында да, басқа жиындарда да елді мекендерді газбен қамтамасыз етудің маңызын әрдайым айтып келеді. Алайда Президент тапсырма бергеніне қарамастан, бұл бағыттағы жұмыста кемшілік жетерлік.
«Елді газбен қамтамасыз ету де – өзекті мәселе. Тауарлы газдың ресурстық базасын кеңейту – Үкіметтің және ұлттық газ компаниясының басты міндеті. Жаңа газ өңдеу зауыттарының құрылысын тездету және қолданыстағы зауыттардың қуатын барынша пайдалану қажет. Еліміздегі Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ сияқты мұнай-газ алпауыттары газды қолжетімді бағамен ұсынуға тиіс. Сонымен қатар жаңа газ кеніштерін барлау және игеру үшін инвестиция тарту аса маңызды», деді Қ.Тоқаев биылғы Жолдауында.
Әлбетте, халықтың көгілдір отынға қол жеткізуі бірқатар мәселені оңтайлы шешетіні анық. Біріншіден, бұл – халықтың жайлы өмір сүруіне қажетті негізгі игіліктің бірі. Сондықтан тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға зор үлес қосатыны айтпаса да түсінікті.
Екіншіден, газдандыру экологиялық тұрғыда да пайдалы. Өйткені көгілдір отын ауаға аз мөлшерде парникті газ бөледі. «Париж келісіміне» сәйкес Қазақстан 2030 жылға қарай көмірқышқыл газдары шығарылымын азайтуға міндеттеме алғанын ескерсек, елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз етудің өзектілігі арта түседі.
Таяуда Сенаттың жалпы отырысында депутат Мұрат Қадырбек газдандыруға қатысты түйткілдерді көтерген болатын. Премьер-министрге жолдаған сауалында Түркістан облысында көгілдір отынмен қамтудың кемшіліктерін атап көрсетті.
«Түркістан облысының халық саны жыл сайын қарқынды түрде өсіп келеді. Тиісінше, халықтың өмір сүруіне қажетті инфрақұрылым нысандарына деген қажеттілік артып отыр. Осыған орай облыста шешімін табуды қажет ететін бірқатар мәселе бар. Соның бірі – елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету. Облыс халқы табиғи газды отандық «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистралды газ құбырынан тұтынады», деді М.Қадырбек.
Сенатор келтірген деректерге сүйенсек, облыстың 2022 жылғы табиғи газ тұтыну мөлшері 716,5 млн текше метрді құраған. Аймақтағы 833 елді мекеннің 465-і немесе 55,9 пайызы табиғи газбен қамтамасыз етілген. 2023 жылы тағы 57 елді мекенге табиғи газ тартып, қамту деңгейін 62,6 пайызға жеткізу көзделген.
«Елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында облыста арнайы Жол картасы әзірленіп, 2025 жылы қосымша 202 елді мекенге газ құбырын тартып, қамту деңгейін 86,9 пайызға жеткізу жоспарланған. Жоспарға сәйкес жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленіп, 2024 жылға республикалық бюджеттен қаржыландыру үшін жаңа 69 нысанның құрылысына 18,1 млрд теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылған болатын.
Аталған 69 жаңа нысанның ішінде бірінші кезекте 18 нысанға (жеткізуші газ құбырына және қосылуға дайын елді мекендердің ішкі жүйелері) 8,0 млрд теңге қаржы қарастыру қажет. Себебі алдыңғы жылдары бюджет есебінен 18 нысанға қатысты елді мекендердің ішкі газ жүйелерінің құрылысы аяқталды. Алайда Энергетика министрлігі тарапынан газ ресурстарының шектеулілігін ескере отырып, жаңа жобаларды іске асыру газ тасымалдау жүйесінің біртұтастығының бұзылуына әкелуі мүмкін деген себеппен 2024 жылға тек қана өтпелі 6 нысанның құрылысына 3,1 млрд теңге мақұлдап отыр», деді М.Қадырбек.
Депутаттың айтуынша, республикалық бюджеттен 2022 жылы 23,9 млрд теңге, 2023 жылы 8,9 млрд теңге қарастырылған көрінеді. Осы орайда сенатор елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету жобаларын қаржыландыру мәселесі бойынша түбегейлі шешім шығаруды сұрап отыр. Әйтпесе, бюджет қаражаты есебінен салынған газ нысандары қараусыз қалуы, тозуы және де талан-таражға түсіп, газ құрылғылары мен желілерінің жарамсыз жағдайға жеткізілуі әбден мүмкін.
«Бұл өз кезегінде нысандарды қайта қалпына келтіру бойынша бюджет есебінен қосымша шығындар бөлуге, сондай-ақ уақытында бөлінген бюджет қаражатының тиімсіз игерілуіне, халықты газбен қамтамасыз ету жоспарының кейінге шегерілуіне әкеліп соғады», дейді М.Қадырбек.