Елімізде 132 нотариус тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Ал 76-сының лицензиясы уақытша тоқтатылса, 16 тұлғаға түрлі заңды әрекеттер мен құжаттарды куәландыруға шектеу қойылған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте Әділет министрі Азамат Есқараев мәлімдеді.
«Елмізде нотариустардың жалпы саны 4 705 болса, олардың 248-іне лицензия берілген. Қазір елде 5 997 адвокат бар. Олардың 288-іне лицензия берілген. Түрлі негіздер бойынша 18-інде лицензия тоқтатылды, 22-сінде лицензия уақытша тоқтатылды, біреуі лицензиясынан айырылды. 25 адвокат тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Әділет департаменттері 2 331 адвокаттармен және заң кеңесшілерімен тегін заң көмегін көрсету туралы келісімдер жасады. 2023 жылға арналған қаржыландыру жоспары бойынша тегін заң көмегін көрсетуге республикалық бюджеттен 2 млрд 719 млн 506 мың теңге бөлінді», деді министр.
Бүгінде республикада 263 мемлекеттік және 2 111 жеке сот орындаушысы жұмыс істейді. Олардың өндірісіндегі істердің жалпы құны 20 трлн теңгеге жуықтаған. Оның ішінде 4 пайызы алимент төлеуден жалтарып жүргендерге тиесілі. Сондықтан 7 219 азаматтың шетелге шығуына тыйым салынған. Бұл елімізді алимент өндіріп алу мәселесінің әлі де өткір екенін аңғартады. Өйткені борышкерлердің қарызы 7 млрд теңгеге жеткен. Оның үстіне бұл үдерістің бала кәмелетке толғанға дейін созылатындығын да естен шығармау керек.
«Орындалып жатқан өндірулердің үлесінен 13 316 құжат (5%) проблемалық өндіру болса, 6 072 (46%) құжат бойынша қарыз мүлде өтелмеген. Мәселен, 2023 жылдың 6 айында алимент төлеу бойынша сот актілерін орындамағаны үшін 2 861 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 7 219-ына елден шығуға уақытша тыйым салынды. Алимент өндіру бойынша барлық проблемалық атқарушылық құжаттар бойынша сот орындаушылар мәжбүрлеу шараларын қолданады. Кейбір жағдайда борышкердің тұрақты табысы мен мүлкінің болмауына байланысты алимент өндіру қиынға соғады. Осыған орай облыстық әділет департаменттері әкімдіктермен бірлесе отырып, борышкерлерді жұмысқа орналастыру мақсатында бос орындар жәрмеңкелерін тұрақты түрде өткізіп тұрады. Мысалы, 2023 жылдың 8 айында республика бойынша 2 101 борышкер жұмысқа орналастырылды», деді ол.
Кейінгі кезде бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желіде авторлық құқыққа қатысты дау-дамайлар көбейіп кетті. Көпшілік заңға жүгінгеннің өзінде заң солқылдақ екенін айтады. Жыл басынан бері зияткерлік меншік иелері плагиат бойынша Әділет министрлігіне 60-қа жуық шағым түсірген. Тексеру жұмыстары жүргізіліп, жалпы құны 24 млн теңгеге тең 52 авторлық құқық бұзушылық анықталған. 12 мыңға жуық контрафактілік тауар тәркіленіп, 41 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Осыған байланысты Азамат Есқараев авторлық құқықтың енді қатаң сақталатынын айтты.
«Елімізде зияткерлік меншік саласын дамытуға баса назар аударылып келеді. Алайда бұл салада патент беру, еліміздің мүддесін дүниежүзілік деңгейде қорғау сынды мәселе бар. Осы мақсатта патенттерді, тауар белгілерін және өнеркәсіптік үлгілерді тіркеудің ұлттық жүйесін жетілдіру жұмысы жүргізіліп келеді. Дүниежүзілік зияткерлік меншік құқықтарын қорғау ұйымымен бірге өте тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Оның ішінде апорт алмасын географиялық көрсеткіш ретінде тіркеу де бар», дейді министр.
Естеріңізде болса, биыл 30 мамырда Мемлекет басшысы «Ақпараттық және телекоммуникациялық желілердегі авторлық және сабақтас құқықтар объектілеріне құқықтарды қорғау және қорғау жөніндегі ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңға қол қойды. Келісім цифрлық ортада зияткерлік құқықтарды қорғау және қамтамасыз ету саласында, оның ішінде осы саладағы ұлттық заңнаманы үйлестіру арқылы туындайтын мәселелерді шешудің бірыңғай тәсілдерін белгілейді. Осыған орай ведомствода қызметтерді цифрландыру, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және авторлар мен пайдаланушыларды оқытуға да мән берілген.
Кей заң жобасының қазақ тіліндегі нұсқасы түсініксіз жазылатыны жасырын емес. Бұл – бұрыннан айтылып келе жатқан түйткілдің бірі. Осы орайда Әділет министрі мәселені шешу жұмыстары бірнеше жылдан бері нақты қолға алынғанын, мемлекеттік органдардың кейбірі заң жобаларын «Google Translate» арқылы аудара салған кездер де жиі болғанын атап өтті.
«Рас, бұл – өте көкейкесті мәселе. Мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Тілдер туралы заңда да іс жүргізу тілі мемлекеттік тіл деп жазылған. Сондықтан заң нормаларына сәйкес іс-шаралар қабылдануы керек. Біраз жыл бойы заң жобалары орыс тілінде жазылып, дайындалып келді. Тіпті мемлекеттік тілге «Google Translate» қосымшасы арқылы аудара салған жағдайлар да тіркелген. Бұл мәселені мемлекеттік органдардың басшылары өздерінің қадағалауына алуы керек», деді Азамат Есқараев.
Уәкілетті орган заң жобаларының сапасын жақсарту, сараптамасын арттыру жұмыстарын қолға алып, нақты әрі жүйелі шешім қабылдаған. Бұған қоса Мемлекет басшысының норма шығару үдерісінің сапасын арттыру бойынша тапсырмасын орындау негізінде ведомствоаралық комиссияның жұмысы да жүйелендірілген.
«Өздеріңіз білетіндей, әділет органдары мемлекет қызметінің құқықтық қамтамасыз етуін жүзеге асырады. Заң жобалау жұмыстарының жоспарында биыл 28 заң жобасын әзірлеу мақсаты тұр. Оның ішінде 17-сі Парламенттің қарауында. Осы айда 2 заң жобасы Парламентке енгізілуге жатады. Президент тапсырмасы бойынша Қылмыстық істер, Қылмыстық-процесуалдық кодекстері және Әкімшілік әділет жұмысын жақсарту бойынша Парламентке 3 заң жобасын енгізді. Депутаттық корпустың атынан біраз заң жобалары енгізілген. БАҚ құралдары қазіргі таңда ведомствоаралық, заң жобалау комиссияларына келіп заң шығаруға бастамашылық ететін мемлекеттік органның өкіліне сұрақ қойып, өзін қызықтырып жүрген мәселелердің басын ашып алады. Біздің спикерлер заң жобасының нақты мақсатын және қандай тетіктермен шешетінін баяндауға міндетті», деді спикер.
Ерекше бақылауда тұрған мәселелердің бірі – заңсыз иемдеген активтерді мемлекетке қайтару. Орталық коммуникациялар алаңында Әділет министрі Азамат Есқараев осы заңның мақсат-міндетін тағы бір мәрте түсіндіріп өтті.
«Президенттің «Заңсыз алынған мүлікті мемлекет меншігіне қайтару жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын іске асыру мақсатында осы жылдың 12 шілдесінде «Заңсыз алынған мүлікті мемлекет меншігіне қайтару туралы» Заң және оған сәйкес ілеспе заңдар қабылданды. Жобаның негізгі мақсаты – ел ішінде және шетелдегі заңсыз алынған активтерді қайтару параметрлерін анықтау. Заңның нормалары да заңсыз активтерді иемденуге және оны шетке шығаруға мүмкіндік беретін тетіктерді жоюға бағытталған. Бұл заңның аясына әкімшілік-билік ресурстарының мүмкіндіктері бар және соның нәтижесінде заңсыз баю мүмкіндігіне ие болған шектеулі тұлғалар тобы жатқызылады. Активтерді қайтару жөніндегі іс-шаралар тізбесі заңда белгіленген жоғарыда аталған тұлғалармен үлестес тұлғаларға да қолданылады. Осылайша, заң ірі сыбайлас жемқорлыққа және әкімшілік-билік ресурстары субъектілерімен біріктірілген олигополиялық топтарға қарсы пәрменді шаралар енгізеді. Заңда активтерді қайтарудың ерікті де, мәжбүрлі де тәртібі көзделген. Бұл ретте қылмыстық процесс шеңберінде және соттардың немесе шет мемлекеттердің өзге де уәкілетті органдарының шешімдері негізінде заңсыз иемденілген активтерді тәркілеу мүмкіндіктері сақталады. Бұл жерде әдістердің бірін таңдау істің сипаты мен жағдайларына байланысты жүзеге асырылатындығын атап өткен жөн», деп министр сөзін түйіндеді.