• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Айтыс 03 Қазан, 2023

Өнердің ордасына айналғандай

365 рет
көрсетілді

Академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың есімін иеленген кенді қала осы күндері өнердің де ордасына айналғандай. Қалада кейінгі сегіз жыл бойы республикалық айтыс өткізіліп келе жатқаны да соның айғағы іспетті. Биылғы «Кен қазған құтты мекенім» атты сөз сайысы қаланың 50 жылдық мерейтойына арналды.

Айтысқа еліміздің әр түкпірі­нен 14 айтыскер келіп, бақ сынады. Олар кенді өлкенің тарихын, бүгінгі же­тістігі мен кемшін тұстарын сөз­бен өрнектеді. Екі күн бойы залда ине шаншар орын болмағанынан-ақ айтыстың қандай деңгейде өткенін бағамдау қиын емес.

Сәтбаев қаласының әкімі Шапағат Әубәкір өнерге жақын, өзі де өлең жазатын азамат. Оның айтыстың ашы­лу, жабылу салтанаттарын бір ауыз өлеңмен әдіптеп жібергені тіпті керемет болды.

Айтыс қорытындысында ақтөбе­лік Нұрбол Жауынбаев, павлодар­лық Рауан Қайдаров, астаналық Нар­тай Тілеуқұл, сәтбаевтық Абзал ­Мақаш, жамбылдық Алина Айдаралы, қы­зылжарлық Жарқын Жұпар­хан Алғыс­хатқа ие болып, әрқай­сысы 400 мың теңге сыйақымен мара­патталды.

Кенді өлкенің мақтаныштары, ақындар Кәкімбек Салықов пен Шын­болат Ділдебаев атындағы арнайы жүлделерге Батыс Қазақстан облысының ақыны Мұрадым Мир­ланов пен Абай облысының Айшол­пан Тілеутайы ие болды. Оларға 500 мың теңгелік сыйақы табысталды.

ІІІ орын иеленген павлодарлық Аспанбек Шұғатаев пен шымкенттік Нұрлан Есенқұловқа 700 мың тең­гелік, ІІ орын иегерлері – алма­тылық Айым Асылбекқызы және қызыл­ордалық Мұхтар Ниязовқа 1 млн теңге, І орын алған қарағандылық Дидар Қамиға 1,5 млн теңгелік сый­лық берілді.

Бас жүлде Қызылорда облысы­ның ақыны Мейірбек Сұлтанханға бұйырды. Ол айтыстың 2 млн теңге сыйақысын жеңіп алды.

Айтысты ақын, филология ғы­лым­дарының докторы, Парла­мент Мә­жі­лісінің депутаты Аманжол Әл­тай жүргізіп отырды. Ол айтыс өнерін насихаттауға қос­қан үлесі үшін «Сәтбаев қаласына – 50 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.

 

Ұлытау облысы,

Сәтбаев қаласы