«Елім дегендер» байқауы басталды. Байқау Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Тіл тағдыры – ел тағдыры» жобасы аясында қазанның 1-і мен 20-сы аралығында ұйымдастырылуда. Оған әр өңірден 14 пен 35 жас аралығындағы өзге этнос өкілдері ғана қатыса алады.
– «Тіл тағдыры – ел тағдыры» жобасы үш жылдық гранттық жоба. Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы және «Болашақ Қазақстанға» қоғамдық студенттік бірлестігі іске асырып жатқан жоба 2025 жылдың соңында аяқталады. Осы орайда екі ауқымды конкурс өткізілмекші. Біріншісі – «Aqyl Battle Cup» республикалық зияткерлік ойыны, екіншісі – өзге ұлт өкілдері арасындағы «Елім дегендер» байқауы, – деді Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы басқарма төрағасының міндетін атқарушы Арман Ашкин.
Жалпы, елімізде 130-дан аса өзге этнос өкілі тұрады. Жобаның басты мақсаты – отандастарымыздың арасында мемлекеттік тілді дәріптеу, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту. Үміткерлер алдымен өңірлерде іріктеледі.
– Байқаудың алғашқы кезеңінде әр қатысушы өзі таңдаған аталым бойынша өтінімдер жібереді. Өздеріне қатысты ақпаратты бейнеролик ретінде жіберуі шарт. Қазылар алқасының құрамында тіл мамандары, қоғам қайраткерлері, осы салада жүрген мықты мамандар болады. Олар қатысушыларды төрт аталым бойынша іріктейді. Бірінші, «Ақындар мүшәйрасына» қатысушылар – қазақ тілінде өлең жазатын өзге этнос өкілдері. «Көркемсөз өнері» – белгілі бір қазақ ақындарының, жазушыларының шығармаларын таңдап алып, өздері өлең оқып беруі қажет. Келесі «Аспаптық өнер» – қазақтың ұлттық аспаптарында шығармашылық композицияны орындап, өнер көрсетеді. Ал соңғысы – «Дәстүрлі ән» аталымы. Өңірлерден бейнематериалдардың сілтемесі elimdegender.kz@gmail.com поштасы арқылы қабылданады. Бейнежазбаның ұзақтығы төрт минуттан аспауы қажет. Үздік деп танылған 100 қатысушы Астана қаласында өтетін байқаудың финалына жолдама алады, – дейді жоба жетекшісі Бибінұр Шербаева.
«Елім дегендер» байқауы қорытынды кезеңінің жүлде қоры 4 миллион теңгені құрайды. Әр аталым бойынша І, ІІ және ІІІ орын иегерлері белгіленеді.
– І орын иегерлері 500 мың теңге мөлшерінде сыйақыға ие болса, ІІ орын иегерлеріне 300 мың теңгені табыстаймыз. Ал ІІІ орын иегерлері 200 мың теңгелік жүлдені еншілемек, – деді Бибінұр Шербаева.