Қоғамда мүмкіндігі шектеулі жандарға мүсіркей қарайтынымыз рас. Олардың қандай дағды мен қарым-қабілетке ие екенін де біле бермейміз. Бірақ олардың өмірге деген құлшынысы, әлеуметтің әлеуетін көтеруге деген ниеті көпшілікті тәнті ететіні сөзсіз.
Бұл сөзімізге Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Құлан ауылының тумасы Ерсен Станбек дәлел бола алады. Ерсен – талай додаларда бақ сынап, еліміздің абыройын асқақтатып жүрген парапауэрлифтинг спортының шебері. Ерсенге сәби шағында «дисплазия» диагнозы қойылып, күні бүгінге дейін 18 рет операция жасалған.
– Денсаулығымдағы ерекшелікпен бала күнімде көп алыстым. Тіпті, талай аурухананың есігін тоздырдым. Алайда еш мойымадым. 5-сыныптан бастап үстел теннисімен, тоғызқұмалақ, жүзу, қол күресімен айналыса бастадым, – дейді Ерсен Станбек.
Демек, Ерсен бесаспап спортшы. Бұлай деуге толық негіз де бар. Себебі ол – қол күресінен Қазақстанның 5 дүркін, әлемнің және Азияның 2 дүркін чемпионы. Ауыр атлетикадан Дубай қаласында өткен жастар арасындағы парапауэрлифтингтен әлем чемпионатының 3-орын иегері. Ерсеннің ендігі мақсаты – Олимпиада чемпионы болу.
Үкіметтің 2014 жылдың 13 наурызындағы қаулысымен «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы» құрылғаны белгілі. Мұнда да ел үмітін ақтап жүрген қаншама спортшылар бар. 2013 жылы Болгарияда Әлем чемпионы атанған жамбылдық Ғабит Есжанов, Азия ойындарынан бес дүркін чемпионы астаналық Әнуар Ахметов, Әлем чемпионы Сиязбек Дәлиев және басқалар осы тізімде тұр. Аты аталған тұлғалардың барлығы бүгінде өз саласында озықтар қатарында. Тіпті, 2014 жылы қазан айында Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен Азия параойындарында мүмкіндігі шектеулі спортшыларымыз 7 алтын медальмен рекордтық көрсеткішке қол жеткізген еді.
Қазір елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған көп орталық жұмыс істейді. Солардың бірі – «IteachMe» қоғамдық қоры. 2019 жылдан бастап жұмысын бастаған ұйым бүгінге дейін мүгедектігі бар, аз қамтылған, жетім санатына жататын 500-ден аса студентке білім беріп, олардың жұмысқа орналасуына ықпал еткен. Жалпы, орталықта білім алу мүмкіндігі 7 бағыт бойынша жүргізіледі. Олар: веб-мастер, UI/UX және motion дизайн, копирайтинг, мобилография, СММ+копирайтинг, БҚ тестілеу және графикалық дизайн мамандықтары. Және барлық оқу материалдары қазақ және орыс тілдерінде, есту қабілеті бұзылған студенттерге ым-ишара тілінде өткізіледі. Осы білімнің бәрін орталық тегін береді.
«Қоғамда мүгедек адамдарға көзқарас дұрыс қалыптаспаған. Сондықтан, біздің мақсатымыз – «ITeachMe» жобасы шеңберінде таяудағы 10 жыл ішінде елімізде еңбекке қабілетті жастағы мүгедектігі бар адамдардың 90 пайызын бағдарламамен қамтып, қоғамда өз орнын табуына көмектесу», дейді ұйым басшысы Захира Бегалиева.
Осы мекемеден білім алған шәкірттің бірі – Данил Тыщенко. 2021 жылы «ITeacMe» ұйымымен танысып, жобаға қатысуға өтініш қалдырған ол 3 ай көлемінде онлайн дәріс алып, SMM және копирайтинг мамандығын игерген. Нәтижесінде, белгілі компаниядан ұсыныс түсіп, SMM маманы болып жұмысқа орналасқан.
Дариға ҚҰРМАНАЛЫ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті