Ел халқының 51 пайызы – әйелдер. Алайда республиканың 20 өңіріндегі атқарушы органдардағы нәзік жандардың жалпы үлесі 17,8 пайыз ғана. Ашып айтсақ 75 орынбасардың ішінде 4-і ғана әйел. Осындай өзекті мәселені Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден «Ұлт рухының ұясы – Ауыл-Ана» атты алқалы жиында көтерді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі гендерлік саясаттың маңыздылығын айғақтай отырып, «Прогрессивті елдің тағы бір маңызды белгісі – әйелдің қоғамдағы мәртебесі. Сондықтан біз әйелдердің құқықтарын қорғауға ерекше назар аударуымыз керек», деп атап өткен-ді. Президент бекіткен тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында «Ауыл» партиясы ауқымды іс-шараларды қолға алды. Соның бірі – «Ұлт рухының ұясы – Ауыл Ана» атты ауыл әйелдерінің I республикалық алқалы жиыны. Елімізде тұңғыш рет өткізілген басқосудың мақсаты – партияның осы гендерлік теңдік мәселесіндегі ұстанымын айқындау, ауыл әйелдерінің қоғамдағы мәртебесін арттыру, олардың саяси көшбасшылығына соны серпін беру, әйелдер мен балалардың әлеуметтік мәселелеріне қоғам назарын аудару.
Жиында алғаш болып сөз алған «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев қоғамның қозғаушы күші – қыз-келіншектерге ізгі тілегін жеткізіп, елді мекендердегі балалардың білімін жетілдіру мәселесін қозғады.
– Ауыл мен қала мектептері арасындағы білім беру сапасындағы алшақтықты қысқарту өте өзекті. Елді мекендердегі балалардың шаһардағы алдыңғы қатарлы білім беру нысандарына түсу мүмкіндігі аздау. Олардың талаптары да жоғары. Осы орайда «Ауыл» партиясы ғалымдар, сарапшылардың басын қосып, елді мекендердегі балалардың білімін жетілдіру мәселесін жан-жақты талқыладық. Нәтижесінде, сол өңірдегі 5-6 сынып оқушыларына электронды түрде қосымша дайындық ұйымдастырып, қаладағы іргелі мектептердің сынағынан сүрінбей өтуіне жәрдемдесеміз. Оған демеуші болатын кәсіпкерлерді де таптық. Біз барлық мәселені түбегейлі шешеміз деген құрғақ уәдеден аулақпыз. Бірақ қолдан келгенді, елге қызмет етуге, ауылдың болашағын көтеруге жұмсаймыз, – деді ол.
Алқалы жиынға еліміздің барлық өңірлерінен онлайн және офлайн режімде өздерін отбасында ғана емес, кәсіби және шығармашылық қызмет пен бизнесте де танытқан 400-ге жуық қыз-келіншек қатысты. Оларға ауылдық жерлердегі іскер әйелдерді демеу мақсатында құрылған «Ауыл» партиясының «Мейірім құшағы» комиссиясының жұмысы таныстырылды.
– Гендерлік теңдік – елдегі әлеуметтік-экономикалық салада ғана емес, саяси бағытта да белең алуға тиіс құбылыс. Және ол әлдебір жеңілдіктер мен квоталарға қатысты жағдайларды ғана емес, кәдімгі әйелдердің қоғамдық-саяси белсенділігінің арқасында болуға тиіс үдеріс. Алда, елдің саяси өміріндегі азаматтық қоғамның рөлін арттыратын сайлау өтеді. Аудандар мен облыстық маңызы бар қала әкіміне кандидаттарды тіркелген саяси партиялар ұсына алады. Сондықтан осындай саяси өзгерістерге дайын болатын, жергілікті билікте жауапты лауазымды деңгейге әйелдер жету керек. Ол үшін – ауылдық жерлерде әйелдердің біліктілігі мен білімін арттыру, сауаттандыру ісін қолға алуымыз керек. «Мейірім құшағы» деп аталатын ауқымды жобаның басты жоспары да сол. Тәжірибелі, іскер, сауатты, саналы әйелдер «әскерін» жасақтау, – деді Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден.
Басқосуға көпбалалы аналарға әлеуметтік көмек көрсету, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы тұру мәселелері де арқау болды.
– Қазір әлеуметтік мәселелерге ерекше көңіл бөлініп келеді. Еліміздегі 4 миллионға жуық әйел ауылдық жерлерде тұрады. Оның ішінде жұмысқа қабілетті 1,6 млн нәзік жан бар. Ауылдық жерлерде әйелдер мен ерлердің жалақысы шамамен бірдей. Бірақ статистикаға сүйенсек, ауылдық жерлерде оқымаған әйелдер қаламен салыстырғанда екі есеге көп. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі биыл 280 мың әйелге қолұшын созды. Оның 138 мыңы ауылдық жерлерде тұрады. Оның ішінде жұмысқа орналасқаны 180 мың. 82 мыңы тұрақты жұмысқа орналасты. Ал субсидияланған жұмыс орындарына 98 мың азамат тұрғызылды, – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова.
Іс-шарада «Ауыл» партиясының мүшелерінен бөлек, Президент жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззәт Сүлеймен, ҚХА Аналар Кеңесінің төрағасы Назипа Шанаи және бауырлас Қырғыз елінен келген «Эко-Деми» қоғамдық ұйымының президенті Айжан Чыныбаева да қатысты.
– Жыл өткен сайын әйелдердің әлеуметтік мәселесі, құндылығы тереңірек қозғалып келеді. Әлемдік пандемия отбасылық зорлық-зомбылықтың да статистикасын ауырлатып жіберді. Қырғызстандағы секілді Қазақстанда да балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселесі өзекті тұр. Рейтинг дәл біздің елдегі секілді жоғары болмауы мүмкін. Бірақ мәселе бар. Сондықтан аналар мен балалардың қорғалуы, дер кезінде қажетті көмекке қол жеткізе алуы тек билік, мемлекеттік органдар немесе үкіметтік ұйымдар мен белсенді азаматтардың ісі болып қалмауы керек. Ана мен бала отбасында қамсыз, қауіпсіз тіршілік етуі, зорлық-зомбылықтың бетін қайтару үшін қоғам болып отбасындағы зорлық-зомбылыққа төзбеу мәдениетін қалыптастыруымыз қажет. Қоғамдағы өзекті мәселерді нәзік жандар жиі көтереді. Сондықтан әйел – қоғамды игілікке бағыттаушы, қозғаушы күші, – деді Айжан Чыныбаева.
Жиында ұлттық дәстүрімізді дәріптеу мақсатында балалар үйінің 7 тәрбиеленушісіне «Құлақ тесу» рәсімі жасалды. Қазақтың ұмыт болған ұлттық тағамдарының таныстырылымы да өтті.
– Қазіргі тенденциялардан хабары бар әйел бәсекеге қабілетті баланы тәрбиелейді. Елімізге қазір керегі осы. Бүгінде қазақ әйелдері белсенді. Кейбіреулері отбасылық тірліктен бөлек, депутаттықты, кәсіпкерлікті қатар алып жүр. Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингі бойынша Қазақстан әйел мен еркек арасындағы білім беру теңсіздігін жойған елдер қатарында. Ең бастысы, қыз-келіншектердің алдында отбасының ұйытқысы болу, ағайын-туыс, жора-жолдастың арасын жалғау, ұлттық құндылықтарымызды ұрпағымыздың бойына сіңіру, сондай-ақ қоғамға қызмет етуді жаңа деңгейге көтеру міндеті тұр, – деді Ләззат Сүлеймен.
Басқосудың екінші бөлігінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына ұсыныстар талқыланды. Іс-шара соңында қатысушылар «Астана Опера» театрындағы «Сильфида» балетін тамашалады.