Сурет те белгілі бір уақыттан кейін тарихқа айналады. Тіпті кей суреттер уақыттың қазанында қайнаған сайын құнды жәдігерге баланып жатады. Ел ішіне таралып, адамдардың жадында жатталып қалғандары да жетерлік. Көбінесе осындай танымал суреттердің авторын көп жұрт біле бермейді. Суреті әйдік, суретшісі белгісіз. Сондай әйдік суреттердің авторы, қазақ жұртында кенжелеу қолға алынған фотография саласын, жалпы, фотоөнер мәдениетін дамытуға атсалысқан қайраткердің бірі – Сайлау Пернебаев. Ол саналы ғұмырында фотоаппаратын иығынан тастамай, еліміздің әр түкпірін шарлап, әйгілі адамдарын, тарихи оқиғаларын, қас қағым сәттерін суретке түсіріп, сол қоғамның жанды бейнесін жасады. Әсіресе әдеби ортада тұлғалар образын қалыптастырды. Ол тарихи суреттердің бірін білсек, бірін білмейміз. Бүгін, міне, тұтас дәуірдің шежіресін жасаған Сайлау Пернебаевтың сандықтан шыққан суреттерін көріп, өткен күндерге сапар шегіп отырмыз.
Ұлттық академиялық кітапханада фотожурналистика саласының негізін қалаушылардың бірі, белгілі фототілші Сайлау Пернебаевтың 85 жылдығына арналған «Ақ пен қара» атты фотокітабының таныстырылымы өтіп, шығармашылық көрмесі ашылды. Алқалы жиынға Мәдениет және ақпарат министрлігі, Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Бораш, сенатор Нұртөре Жүсіп, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесінің (АӨСШК) бас хатшысы Қайрат Сарыбаев, басқа да зиялы қауым өкілдері қатысты.
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, жазушы Нұржан Қуантайұлының модераторлығымен өткен басқосуда талантты фототілші туралы естеліктер мен орамды ойлар айтылды.
Кемел Тоқаев пен Әкім Тарази
«Сайлау Пернебаев дегенде Алматыдағы ХХ ғасырдың 60-80-жылдарындағы зиялы қауым, әдеби орта елестейді. Қазақ әдебиетінің алтын дәуірі саналатын сол кезеңнің фотошежіресі Сайлау ағамыздың арқасында сақталып қалды. Қырағы фототілші өмірден өтсе де, саналы ғұмырында жинаған мұрасы «тірі». Он сегіз жәшік болатын құнды суреттерді отбасы Сайлау ағаның шәкірті Асылхан Әбдірайымұлына тапсырған. Міне, бүгінгі жаңа жинақ сол он сегіз жәшік архивтен бес жыл бойы іріктелген бір бөлігі ғана. Мұндай игі іс үшін «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің президенті Асылхан Әбдірайымұлына, өз қаржысына «Атамұра» баспасынан 1000 данамен шығарған Сайлау ағаның балаларына ерекше алғыс айтамыз», деді модератор.
Жинақтың құрастырушысы, фотожурналист, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылхан Әбдірайымұлы аталған фотокітап осыдан бес жыл бұрын дайындалғанын айтты.
«Фотокітаптың «Ақ пен қара» деп аталуының себебі ағамыздың өзінің айтқан сөзі бар, «Ақ пен қара суретінің ғұмыры ұзақ болады», деген. Ал фотокітап деп аталуының бір себебі бұл жерде тек қана фотосуреттер емес, ағамыздың тапқырлықпен айтқан сөздері де жинаққа еніп отыр. Әріптестері айтқан жазбалары мен материалдарын кітапқа енгіздік. Негізі, бұл жинақты осыдан бес жыл бұрын Сайлау ағаның 80 жылдығында шығарамыз дегенбіз. Бірақ ол кезде шығуына ешқандай қолдау болған жоқ. Фотокітапқа Сайлау аға архивінің 25-30 пайызы ғана енді. Әлі жәшікте жатқан қаншама құнды суреттер бар. Алда тағы бір жинақты шығаруға дайындап жатырмыз. Сол фотокітапқа мемлекет тарапынан қолдау болады деген үміттеміз. Мерейтойға орай жыл соңында «Қас қағым сәт» атты фотобәйге жариялаймыз. Байқау жас фотошылардың арасында өтеді. Сондай-ақ ағамыздың туған жерінде кітаптың тұсаукесерін жасаймыз. Ал мерейтойдың қорытындысы ретінде келер жылы Сайлау ағаның туған күнінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінің ұйымдастыруымен ғылыми конференция жоспарлап отырмыз», деді Асылхан Әбдірайымұлы.
Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев
Фототілшілік те өнер. Айналаңда шыр айналған өмірдің қай тұсын, қай сәтін және кімді кадрға алу керектігін талғам шешеді. Қазақ руханиятына тарихи суреттерімен үлкен олжа салған Сайлау Пернебаев жай ғана фотоаппаратпен жұмыс істеуді үйренген жоқ. Ол оймен, әдеби-мәдени сауатымен, терең білімімен, интеллектімен, қырағылығымен жұмыс істеді.
Оралханның ауылында
Расында, «Тосыннан түсіргенде» деген атпен ел есінде қалған фототілшінің олжа салмаған жанры кемде-кем еді. Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп кітаптың тереңнен тартатын мазмұны мен атауы тоқталды. «Жаңа фотокітаптың бейненұсқасын көргенде қазақтың біртұтас дәуіріне саяхат жасағандай болдық. Чарли Чаплинді бәріміз білеміз. Сол Чарли түрлі түсті дыбысты фильмдер шыққан кезде «Мен үшін кино өлді» деп жариялайды. «Ақ пен қара» деген кітаптың атауы да философияға толы. Өмірдің өзі ақ пен қараның арпалысынан тұрады. Сайлау ағамыздың аңызға айналған тапқырлығын, шешендігін әлі күнге естелік қылып айтып келеміз. Іші де, сырты да сұлу азамат еді. Мына кітапты жарыққа шығару – үлкен жұмыс. Сондықтан құрастырушыларға шексіз алғыс айтамыз», деді сенатор.
Жас ақын Қадыр Мырзалиев
Иә, фотокітапты парақтап отырып, кешегі әдебиетіміздің дәуірлеп тұрған шағына, жарқын бейнелерге, ел дамуындағы елеулі сәттерге куә болдық. Кейіпкерлердің жүзіндегі шынайы эмоция, шынайы өмір, бәрі-бәрі жып-жылы әсер сыйлайды. Көптеген ақын-жазушы, өнер адамының беймәлім суреттерін де ұшыраттық. Атап айтсақ, биыл мерейтойлары атап өтіліп жатқан Кемел Тоқаев, Әкім Тарази, Оралхан Бөкейдің бұрын жарияланбаған суреттері бар. Қадыр ақынның да жас кезіндегі образы таңғалдырды. Суреттегі сәулелі сәттер ой-қиялымызды шарықтатып, сонау қиянға сапар шектіргендей болды.