Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Қазыбек Иса діни радикализммен мемлекет болып күреспесе, ұлтқа орасан қатер төнетінін айтып, Премьер-министрдің атына сауал жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Діни радикализмге заңмен қатаң тыйым салатын кез жетті! Өйткені олар ұлтты жою күресін қатаң да қатты қарқынмен жалғастырып жатыр. «Ақ жол» партиясы Парламентте талай жылдан бері діни теріс ағымдарға қатаң тосқауыл қоятын заң қабылдауды ұсынып келеміз. Тәуелсіз зайырлы мемлекет құру – Алаштықтар айқындаған жол! Діни радикализмге заңмен тыйым салу керектігі туралы біз, «Ақ жол» партиясы 2022 жылы 26 қаңтарда Қаңтар қасіреті шындығын ашық айту, парламенттік тыңдау жасау туралы парламентте алғаш көтергенде де, кейін 14 наурызда сол тыңдау өткен, мәжіліске Бас прокурор бастап келген құзырлы органдардың есебінде де, екі рет жасаған депутаттық сауалымызда атап айтсақ та бірақ әлі нәтиже жоқ. «Діні барда, ұлты жоқ, Сақалы бар да, мұрты жоқ, Ел түбіне сол жетер!» деп бір ғасыр бұрын мұртсыз сақалдылардан сақтандырып жыр жазған Мәшһүр Жүсіп әулие шынында да көреген екен. Қазіргі шет елге барып, күмәнді оқуларда бірнеше ай оқып келіп, желіде желпініп дәріс оқитын, теріс уағыз айтатын теріс ағымды «ұстаздар» ұлыларымыздан артық, ақылы асып, білімі тасып келгендер ме? Ең қасиетті болып саналатын асыл дініміз исламды ең қауіпті ағымға айналдыру үшін барын салып жатқандар қазір қайта күшейіп келеді. Дінге, тілге, жерге қарсы елбұзар теріс ағымдардың бәрін заңмен тосқауыл қойылуы тиіс! Ел үшін ең қымбат – ұлтқа, адам үшін ең аяулы – әке-шешеге, қазаққа ең адал домбыраға қарсы шыққан харам пиғылдылардың еркін тарап жатқан ел түбіне жетер қауіпті вирусын заңмен шұғыл тоқтататын кез жетті», деді Қ.Иса.
Төменгі палата депутаты ұлттық мұрат-мүддеге, елдің ынтымақ-бірлігіне іріткі салуды көздейтін діни теріс ағым өкілдерінің тірлігіне заңмен тыйым салмаса болмайтынын ескертті.