• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Абай 05 Қазан, 2023

Абай шығармалары – әзербайжан тілінде

511 рет
көрсетілді

Астанада Қазақстан Республикасының Президенттік орталығы Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қорымен бірлесіп, Абай Құнанбайұлының шығармашылығына арналған, әзербайжан тіліндегі «Abay Azarbaycanda va dünyada» атты жинақтың тұсаукесерін өткізді.

Іс-шараға Қазақстан мен Әзербай­жанның мемлекет және қоғам қай­рат­керлері, түркітілдес елдердің дип­ло­матиялық өкілдіктері мен халықаралық ұйымдарының басшылары, ғалымдар, жазушылар, еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.

Басылымда ұлы ойшылдың туындылары, оның өмірі мен шығармашы­лығы туралы мақалалар ұсынылған. Сондай-ақ жинақта Абай ескерткіштері мен мүсіндері туралы ақпарат беріл­ген. Басылымның таралымы 500 дана. Соны­мен қатар жинақтың электронды нұсқасы да жаппай оқырман үшін қолжетімді.

Қазақстан Республикасы Прези­дент­тік орталығы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова Абай Құнан­бай­ұлы­ның есімі қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркі әлемінің мәдени мұра­сына алтын әріптермен жазылғанын жеткізді.

Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Гюнай Эфендиеваның айтуынша, Қордың кезекті баспа жобасы саналатын бұл жинағында Әзербайжандағы Абай шығармашылығына деген терең сүйіс­пеншілік пен құрмет көрініс тапты.

Өз кезегінде Халықаралық Түркі академиясының президенті Шаһин Меджид оглы Мұстафаев ұлы философ, ағартушы Абай шығармалары осы күнге дейін өзек­тілігін жоғалтпаға­нын ерекше атап кетті. Керісінше, оның мұрасы одан да мұқият және терең зерттеуді қажет ете­ді, өйткені онда түр­кі халықтарының ға­сырлық дана­лығы тұнып тұр.

Әзербайжанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Агалар Рагим оглы Атамогланов ұлы ақынның шығармашылығындағы қазіргі қоғамда өте өзекті саналатын гуманизм және адамгершілік идеяларына тоқталды.

Іс-шара соңында Қазақстан Респуб­ликасының Президенттік орталығы мен Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қоры арасында меморандумға қол қойылды. Бұл құжатқа қол қоюдағы басты мақсат – түркі мәдениетінің даму тарихын зерделеу бойынша бірлес­кен мәдени-білім беру және ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыруда тығыз ынтымақтастық орнату.