• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Пікір 06 Қазан, 2023

Съезд идеясы – диалог пен өзара көмек

252 рет
көрсетілді

Осыдан 20 жыл бұрын, 2003 жылы 23-24 қыркүйекте Астана қаласында алғаш рет Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының I съезі өтті. Съездің мақсаты – діндердің әлемдік және дәстүрлі нысандарында жалпыадамзаттық бағдарларды іздеу, діндер диалогін жүзеге асыру және келісілген шешімдерді қабылдау үшін халықаралық конфессияаралық институтын құру болды.

Ел басшылығының бастамасымен ортақ мүдделер мен өзара түсіністік негізінде құрылған әлемдік және дәс­түр­лі діндер лидерлері арасындағы диалог өзара ынтымақтастық үшін кең перспективалар ашады. Сондай-ақ за­ма­нымыздың зорлық-зомбылық, фанатизм, экстремизм және терроризм сияқты жағымсыз көріністерін еңсеруге ықпал етеді.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­бас­шыларының I съезінде форумға қатысушылар съездің жұмыс органы – Хатшылықты құру туралы шешім қабылдады. Съезд хатшылығының басшысы Парламент Сенатының төрағасы, съезге қатысатын әлемдік діндер лидер­лерінің өкілдері, оның ішінде ислам, христиан, иудаизм, буддизм, даосизм, синтоизм, индуизм, халықаралық ұйым­дар өкілдері – мүшелері болып бе­кі­тілді.

Алдағы 11 қазанда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің бірінші съезінің шақырылғанына 20 жыл толуына орай съездің XXI хатшылығы өтеді. Осы жылдар ішінде Астана кон­­фессияаралық форумы дінаралық диалогтің басты халықаралық алаң­дарының бірі екенін дәлелдеді. Хат­шылықтың алдағы отырысында съездің жұмысын ұйымдастыру және оның мазмұнды бөлімдері жөніндегі мәсе­лелері талқыланады. «2023-2033 жыл­дар­ға арналған Әлемдік және дәс­түрлі діндер лидерлері съезін да­мы­ту тұжырымдамасы» атты ма­ңыз­­ды құ­жат қабылданады. Бұл тұжырымдама 2022 жылы өткен VII съезд бастамаларының бірі болды. Съездердің ерекше жауап­кер­шілікпен ұсынылған бастамалары шын мәнінде жүзеге асырылып, әлемде төзімділік, диалог және түсіну қағидаттарын ілгерілетуге қызмет етеді. Өтетін отырыстың күн тәртібі бойынша жемісті пікір алмасу кү­тіліп отыр.

Осы форумның тағы бір маңызды сәті – іс-шараның еріктілері ретінде ЖОО студенттерінің қатысуы болмақ. Бел­сенді жастар форум жұ­­мы­сы­на әрдайым қы­зығушылық танытып, қа­тыс­қысы ке­ле­ді, шетелдік деле­га­ция­ларға көмек­теседі, аудармашы болады. Шын мәні­сін­де съездің идеясы – диалог пен өзара көмекке бағытталған.

 

Жанар ҚАСЫМОВА,

Конфессияаралық және өркениетаралық диалогті дамыту орталығы жиынтық-талдау департаментінің директоры