• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өндіріс 05 Қазан, 2023

Қайта түлеген кәсіпорын

286 рет
көрсетілді

Уақытында Тараздағы былғары комбинаты көне шаһар тұрғындарының оннан бір бөлігін жұмыспен қамтып, кеңес одағы тұсында 6,5 миллион дана аяқкиім шығарып, аты дүркірегені белгілі. Түрлі кезеңді бастан өткерген кәсіпорынның жұмысы бүгінде қайта жандана түсті.

Қазіргі кезде кәсіпорынның атауы өзгерген. «Тараз былғары аяқкиім» («ТаразКожОбувь») жауапкершілігі шектеулі серік­тестігі ретінде жұмыс істеп жат­қан ұжымның алға қойған мақ­саты зор. Серіктестік басшы­лары болашақта отандық нарық­ты толықтай өздері тіккен аяқ-киіммен қамтамасыз етуге ниет­теніп отыр.

Серіктестік басшысының орын­­басары Шамухтар Шаюну­совтың айтуынша, 62 жылдық тарихы бар былғары комбинатқа таяу­да ғана Қытайдан жаңа тігін машиналарын әкеліпті. Кәсіпорын өткен жылы 239 мың жұп түрлі аяқкиім тіксе, осы жылдың аяғы­на дейін 250-260 мың аяқкиім шығаруды жоспарлап отыр.

«Қазіргі кезде өзіміз өндіретін өніммен отандық нарықты толық қамту мақсатында жұмыс істеп жатырмыз. Біз кәсіпорынға тек қана аксессуар мен қосалқы бөл­шекті, химиялық материалдар­ды әкелеміз. Сондай-ақ резеңке төсеніштерді Қытай елінен сатып аламыз. Бүгінгі таңда ита­лиялық әріптестермен жұмылған жұдырықтай бірлесе жұмыс істеу­ді қолға алдық. Жыл аяғына дейін жаңа өнімді нарыққа шығаруға толықтай дайынбыз», дейді серіктестік басшысының орынбасары Ш. Шаюнусов.

Былғары аяқкиім өндірісімен айналысатын кәсіпорын басшы­сының орынбасарының айтуынша, серіктестік 62 жылдан бері аяқкиім өндірісімен айналысып келеді. Ал кеңес одағы тұсында ұжымда 7,5 мың адам жұмыспен қамтылыпты. Аяқкиім тігу ісінің шеберлері мен былғары өңдеуші мамандардың еселі еңбегінің арқасында нарыққа шығып жат­қан өнімге деген сұраныс әлі де бәсеңсіген емес.

Ұжымда ұзақ жылдар бойы талмай тер төгіп келе жатқан ең­бек адамдары баршылық. Солар­дың бірі – Наталья Важина. Ол 1977 жылы кәсіптік-техникалық училищені тәмамдаған соң ком­бинатқа жұмысқа қабылданған. Әуелі аяқкиім фабрикасының цехында еңбек еткен ол уақыт өте келе аяқкиімді үрлеуші болып жұмыс істеп, кейіннен бригадир қызметіне тағайындалыпты.

Былғары комбинатында бел­сенді жұмысымен көзге түс­кен қызметкер еңбек ете жү­ріп, Жамбыл технологиялық инс­ти­тутының Былғарыдан жасал­ған бұйымдар технологиясы факультетіне сырттай оқуға түсіп, 1987 жылы жоғары білімді маман атанады. Институтты аяқтағаннан кейін ол шебер, технолог, цех бастығы секілді қызметтерді атқарған.

Уақытында өңір өндірісінің брендіне айналған комбинаттың басынан да қилы-қилы кезеңдер өтті. 1999 жылы кәсіпорын бан­крот­тық жариялаған кезде На­талья кондитерлік өнім сатып, нәпақа таба бастайды. Алайда өндіріс ошағындағы жұмысын қатты аңсайды. Бір күні қайта оралатынына іштей сенеді. 2012 жылы кәсіпорын тізгінін ұста­ған жаңа басшылық байырғы тә­жірибелі мамандарды жұмысқа қайтадан шақыра бастаған. Олар­дың қатарында Наталья Важина да бар. Сүйікті жұмысына қайта оралған ол бүгінде жалпы цехты басқарып отыр.

«Зымырандай зулаған уақыт бір орнында тұрмайды екен. Уақыттың көшінен қалыс қалуға қақымыз жоқ. Қазір бәрі басқаша ғой. Біз де жаңашылдықпен жұ­мыс істеп, жаңа материалдар­ды пайдаланып жатырмыз. Кә­сіп­орындағы техникалар да бұ­рынғыдай емес. Ілгеріде біз аяқ-киімнің үстіңгі және астыңғы жағын байланыстырып тігетінбіз. Қазір аралық қабатқа қалыңдау етіп табан саламыз. Нәтижесінде, қазіргі өнім сыртқы соққыға шыдамды болады. Оңайшылықпен тесіліп мүжілмейді.

Жаңа технолгияны меңгеру біз үшін әлбетте қызық болды. Мәселен, шахтерлерге ар­налған аяқкиімдерге шағылыс­тыру элементін қолданамыз. Оны көбінесе түнгі ауысымда еңбек ететін азаматтарға ұсына­мыз. Мұндағы артықшылық сол, шашыраған жарықтан түн мезгілінде келе жатқан адам­ды бірден аңғаруға бола­ды. Аяқ­киімдердің моде­лін тұты­нушы­лардың қажеттілік­теріне, оларды өндірудің ерекше­лік­теріне сай тігеміз. Сол тұрғыдан алғанда біздің жұмыс бұрынғыға қарағанда ізденіске толы әрі қызықты», дейді Н. Важина.

Бір қызығы, кәсіпорында Н.Ва­жинаның отбасы мүшелері де еңбек етіп жүр. Нақтырақ айт­сақ, отағасы Сергей мен ұлы Алек­­сандр арнайы цехта жұмыс істейді.

Кәсіпорын басшыларының айтуынша, серіктестікте Натальядан басқа Анна Кормачева, Баян Исмаилова секілді ұзақ жылдар бойы еңбек көрігін қыздырып келе жатқан тәжірибелі мамандар да бар.

Кәсіпорын басшысының орын­басары Ш. Шаюнусовтың айтуынша, серіктестікте жұмыс істеуге жастар жағы құлықсыз көрінеді. Бүгінде екінің бірі заңгер, дәрігер болғысы келетінін ескерсек, бұл бір заңды құбылыс секілді көрінетіні бар. Алайда алдағы уақытта осы бір өткір мәселе оңынан шешілсе, нұр үстіне нұр болар еді.

«Бүгінгі таңда біздің кәсіп­орында еңбек етіп жатқан азамат­тардың басым бөлігі орта жас­тағы адамдар болса, кейбір қыз­меткерлеріміз зейнет жасына жет­кеніне қарамастан жұмыс істеп жүр. Оларға алғысымыз шек­­сіз. Ілгеріде бізде жұмыс іс­тей­тін кадрлар мектеп жасынан дайындалатын. Қазір ондай үрдіс жоқ.

Бұл мәселемен бірлесіп күрес­кен абзал. Біз де қарап отырған жоқпыз. Жақында мамандарды даярлайтын сынып аштық. Ол жерде біз жаңа қызметкерлерді оқытамыз, білгенімізді үйретеміз. Оларға өндіріс ісінің шеберлері сабақ береді», дейді ол.

Кәсіпорын жетекшілері кел­тірген дерекке сенсек, кадр тап­шылығын жою үшін өңірлік кә­сіп­керлер палатасымен мем­о­ран­думға қол қойыпты. Мемо­ран­­дум негізінде өндіріс орнына кадр даярлау жұмысы жүзеге аспақ. Алайда бұл мәселе 3-4 жыл­дың бедерінде ғана шешіледі. Сон­дықтан басшылық осы бір көкейкесті мәселені шешудің жаңа тетіктерін іздестіруді де қарастырып отыр.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан хал­қына Жолдауында қосылған құн салығын қайтару, салалар бойынша жүктемелерді бөлу мәсе­лесін көтерді. Шынын айт­сақ, орта және шағын компа­ниялардың табысы жұрт ойлаған­дағыдан әлдеқайда төмен. Соған қарамастан салықты бірдей төлей­міз. Қысқасы, Президенттің жүк­темені қайта қарау туралы нұс­қауы көңілімізді көтеріп тас­тады. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Кемелұлы есеп тапсыруды 30 пайызға қысқартуды тапсырды. Бұл да дұрыс шешім екені даусыз. Өйткені түкке қажеті жоқ қа­ғазды толтырып, уақыт шығын­дайтын кез келмеске кетті. Қазір тек өндіріс көлемін арттыру бағытында еңбек еткен ләзім», дейді Ш. Шаюнусов.

Қалай десек те кәсіпорындағы жұмыс қарқыны жыл өткен сайын арта түскен. Нәтижесінде, аяқ-киім өндірісі жолға қойылған. Ең бастысы, ұжым басшылары жұмысшылардың ерінбей еңбек етуі үшін барлық жағдайды қарастырған. Соған қарағанда серіктестіктің жұмысы жыл өткен сайын жандана түсетін секілді. Ең бастысы, кадр мәселесі ретімен шешілсе болғаны...

 

Тараз