Өткен жұмада елордадағы «Тарлан» мұз айдынында парахоккейден әлем чемпионаты (B-Pool) басталды. Елімізде тұңғыш рет өтіп отырған байрақты бәсекеде Финляндия, Словакия, Швеция, Ұлыбритания, Жапония, Қазақстан командалары өнер көрсетеді. Чемпионатта алғашқы екі орынды иеленген командалар 2024 жылы өтетін парахоккейден «А-Pool» әлем чемпионатына жолдама алады.
Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде Қазақстан Республикасының Туризм және спорт вице-министрінің міндетін атқарушы Сәрсен Құранбек, Астана қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы директорының орынбасары Еркеғали Корбозов, Ұлттық Паралимпиада комитетінің вице-президенті Бахыт Сапаров, Қазақстан парахоккей федерациясының президенті Болат Бушанов сынды мырзалар қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.
«Парахоккейден ұлттық құрама 2022 жылы Таиландта өткен «С-Pool» әлем чемпионатында екінші орын алып, «B-Pool» жарыстарына жолдама алды. Міне, енді, «B-Pool» әлем чемпионаты елордамызда өтеді. Бұл халықаралық спорт қауымдастығының елімізге артқан сенімі деп білеміз. Осы жарысты лайықты деңгейде өткізуге басты серіктестеріміз Sport Qory, «Самұрық-Қазына» АҚ, Туризм және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру істері комитеті, Ұлттық Паралимпиада комитеті, Астана қалалық спорт және дене шынықтыру басқармасы үлкен көмек көрсетуде. Бірігіп әлем чемпионатын жоғары деңгейде өткіземіз деп сенемін», деді парахоккейден Қазақстан федерациясының бас хатшысы Қайрат Сабиров.
Байрақты бәсекедегі алғашқы ойын алаң иелері мен Словакия командаларының арасында өтті.