• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әлем 08 Қазан, 2023

Төрткүл дүние көз тіккен Нобель сыйлығы

205 рет
көрсетілді

Швеция астанасы Стокгольмде және Норвегияның Осло қаласында Нобель апталығы басталды. Лауреаттар қазанның 2-сінен бері біртіндеп анықталып жатыр. Биыл бейбітшілік бағыты бойынша Нобель сыйлығы 351 үміткердің арасынан ирандық құқық қорғаушыға бұйырды. Әлемдегі ең беделді сыйлықтың өзге салаларында кім үздік деп танылды?

Норвегиялық Нобель ко­ми­теті Теге­ран­дағы Эвин түр­месіндегі Наргиз Мо­хам­ма­диді бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығына лайықты деп ұйғарды. Лау­реат 2016 жы­лы өлім жазасын алып тас­­тау­ды жақтайтын құқық қор­ғау қозға­лы­сын басқарғаны үшін өз елінде 16 жылға бас бостандығынан айырылған еді. 2020 жылы босатылғанымен, 2021 жылдың соңына қарай қайтадан түрмеге қамалған.

Кіл мықтыларды Швеция Корольдік Ғылым Академиясы, Швеция Акаде­миясы, Каролин институты және нор­ве­гиялық Нобель комитеті алты түрлі сала бойынша таңдайды. Сый­лық физи­ка, химия, әдебиет, медицина, экономика және бейбітшілік бойынша ең табысты деп танылған тұлғаларға немесе ұйымдарға беріледі.

Биыл физика саласында Нобель сый­лығы атомдар мен молекулалардағы элек­трон­дарды зерттеген ғалым­дар­ға бұйырған. Огайо уни­вер­ситетінен (АҚШ) Пьер Агос­тини, Макс Планк инс­ти­­туты­нан Ференц Краус және Мюн­хендегі Людвиг-Мак­симилиан универ­ситетінен (Германия) және Лунд универ­ситетінен (Швеция) Энн Л-Юле Нобель сыйлығының лауреаттары атанды.

Ал физиология немесе медицина бойынша халықаралық сыйлық мажар биохимигі мен америкалық азаматқа пандемия кезінде «Pfizer» және «Moderna» вакциналарын жасауға сеп болған технологиясы үшін берілген.

«Каталин Карико мен Дрю Вайсман­ның ашқан жаңа­лықтары 2020 жылдың басын­дағы пандемия кезінде COVID-19-ға қарсы тиімді мРНҚ вакциналарын жасауда шешуші рөл атқарды», деді Нобель комитеті.

Әдебиет бойынша Нобель сыйлығын норвег жазушысы Юн Фоссе алды. Марапат автордың шығармаларында сөйлеу құқығынан айырылған адамдар­дың ішкі дауысына ерекше назар аударатыны үшін ұсынылған. Оның ең алғаш 1983 жылы «Қызыл, қа­ра» прозасы көпшілікке жол тартқан. Бүгінде роман­дары әлемнің бірнеше тіліне ауда­рылған. Театр сарап­шыла­рының сөзінше, Фоссе шығар­маларының сюже­тін кейіп­керлердің күшіне емес, өзіне сенімсіздігі, өлімнен қорқуы, күмәндануы сынды әлсіз тұстарына негіздеп құрайды.

«Фоссе – Еуропа театр­ларында ең сұранысқа ие драматургтердің бірі. Оның модернизмге жақын туындылары, адам­ның ішкі үрейіне негізделген пьесалары танымал болуына ықпал етті», деді Нобель комитетінің әдебиет бағыты бо­йынша төрағасы Андерс Олссон.

Кванттық нүктелерді ашуға және син­­тез­деуге қатысқан үш ғалым химия са­ла­сы бойынша үздік деп танылды. Осы­­­лайша, Нобель сыйлығын Америка ға­лым­­дары Мунги Бавенди, Луис Брюс және ресейлік Алексей Екимов алды.

Енді экономика бойынша сыйлық бүгін белгілі болады. Салтанатты марапаттау рәсімі дәстүр бойынша Нобель өмірден өткен күні 10 желтоқсанда ұйымдастырылады. Сыйлықақы сомасы 11 миллион швед кронын құрайды.