• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сайлау 09 Қазан, 2023

249 азамат әкім болудан үмітті

215 рет
көрсетілді

Орталық сайлау комиссиясы саяси науқанға дайындық жұмыстарының қорытындысын шығарды. Бүгінде республика бойынша барлығы 249 үміткер тіркелген. Оның 64 пайызы – өзін-өзі ұсынушылар. Бұл жөнінде Орталық сайлау комиссиясының отырысында белгілі болды.

Отырыста комиссия төрағасы Нұрлан Әбдіров сайлау өтетін өңірлерді аралау басталғанын мәлімдеді. Оның айтуын­ша, сайлау комиссияларына әдісте­ме­лік-практикалық көмек көрсету үшін Ор­талық сайлау комиссиясының мүше­лері инспекциялық сапармен барлық 17 өңір­ді аралауды бастаған. Атап айт­қанда, Ақ­мола, Алматы, Атырау, Жетісу, Қара­ған­ды, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақ­стан, Шығыс Қазақстан облысы мен осы өңір­лердің 24 қанатқақты аудан мен облыс­тық маңызы бар қалаларын аралап, сайлауды өткізуге дайындық барысымен танысты.

– Сайлау үрдісінде туындайтын мәсе­лелер бойынша түсіндірмелер мен тә­жі­ри­белік кейстерді талдадық. Инс­пек­ция­лық сапарлар барысында жергі­лікті жер­лерде аудандық аумақтық сайлау комис­­сиялары учаскелік сайлау ко­мис­сия­­лары­ның мүшелері үшін ұйымдас­тыра­­тын каскадтық әдіспен өткізілетін оқу семи­нарл­арының сапасын бақылау мәселелері­не ерекше көңіл бөлінеді, – деді ОСК төрағасы.

Кандидаттарды тіркеу 16 қыркүйекте басталып, 5 қазанға дейін жалғасты. Тартысқа түсуге ниет білдіргендердің 36 пайызынан көбі саяси партиялардың мүшелері. Жалпы үміткерлердің орташа жасы – 47. Басым бөлігі ер азаматтар.

– Бір орынға ең жоғары бәсекелестік – Жамбыл облысында (Жуалы ауданы), Жетісу облысында (Кербұлақ ауданы), Түркістан облысында (Бәйдібек ауданы) 9 үміткерден, ең азы – 3 үміткер Ақмола облысында (Жақсы ауданы), Атырау облысында (Исатай ауданы), Батыс Қазақстан облысында (Қаратөбе ауданы), Қостанай облысында (Алтынсарин, Денисов, Қарабалық аудандары). Орташа есептегенде бір орынға бес үміткер таласады. Дәлірек айтқанда, бір орынға 5,53 үміткер бар. Ұсыну барысында барлық тіркелген жеті саяси партия өз белсендігін көрсетті («Ақ жол» ҚДП, Amanat, «Ауыл» ХДПП, Байтақ, ЖСДП, ҚХП, «Respublica»). Үміткерлердің ең көбі – 35 пен 55 жас аралығында – 68,27%. Ең ересек үміткер Атырау облысының Қызылқоға ауданында – 62 жаста, ең жас үміткер Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданында – 27 жаста. Кандидаттардың арасында 13 әйел бар. Саяси науқанға түсуге үміткерлердің 63,05 пайызы мемлекет­тік қызметшілер 9,64 пайызы бюджет саласының қызметкерлері, 14,86 пайызы коммерциялық құрылымдарда жұмыс істесе, 0,8 пайызы саяси партияларда және ҮЕҰ-да тіркелген, ал 6,8 пайызы уа­қыт­ша жұмыссыз. Қалғандары түрлі сала­ларда еңбек етіп жүрген азаматтар. Ұсы­нылған кандидаттардың арасында экономистер – 21,69, заңгерлер – 19,28, оқытушылар – 14,46, инженерлер – 13,6, ауыл шаруашылығы – 9,64, ал 21,28 па­йызы басқа мамандық өкілдері, – деді Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров.

Сондай-ақ ол кандидаттарды ұсы­ну қорытындылары бойынша бар­­лық ақпарат тиісті аумақтық сайлау ко­мис­сия­лары­ның сайттарында, ал өңір­­лер бойынша сілтемелері бар жиын­­тық ақпарат Орталық сайлау комиссиясының сайтында жарияланатынын айтты. Осыған дейінгі бас­қосу­да аумақтық сайлау комиссияларының төрағаларына коммуникацияның түрлі арналары арқылы сайлау үдерісіне барлық қатысушылардың саяси науқан туралы ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз етіп, ақпараттық қолдау мәселелерін тұрақты әрі жеке бақылауда ұстау тапсырылған болатын. Бұған тиісті уәкілетті орган мен жергілікті атқарушы органдар көмек көр­сетуге тиіс. Осы ретте ОСК мүшесі Анас­тасия Щегорцова әкімдердің сайлауы өтіп жатқан барлық өңірде дауыс беру күні туралы ақпараттық баннерлердің ор­на­ластырылғаны және жергілікті теле­ви­­зиялық БАҚ эфирінде ақпараттық нау­қанның басталғаны туралы баяндады.

– Біз күн сайын ақпараттық кеңістікке мониторинг жүргіземіз. Яғни 42 аудан мен 3 қала әкімін сайлау науқаны тура­лы ақпараттың қалай жүргізіліп жатқа­нын қарастырамыз. Апта сайын осы ақ­парат­тарды талдау жасап, қорытынды­лай­мыз. Азаматтарды сайлау науқаны туралы хабардар ету үшін Орталық сайлау комиссия­сы үш ақпараттық бейнеролик әзірледі. Олардың екеуі науқан кезеңдеріне сәйкес жергілікті телеарналарда көрсетілуі үшін өңірлерге жіберілді. Өкінішке қарай, жергілікті теле және радио арналардың бар­лығында бұл бағыттағы жұмыстар жоға­ры деңгейде емес. Күніне орта есеппен 9 көрсетілім. Ең азы Абай облысында – 4 шығарылым. Сондай-ақ Атырау, Алма­ты, Жамбыл, Маңғыстау облысында ра­диода белсенді жүріп жатқан жоқ. Ба­тыс Қазақстан және Ұлытау облысында тәу­лігіне 20 көрсетілім және Шығыс Қазақстан мен Павлодар облысындағы радиода 36 және 26 шығарылым жүруде. Бұл – жақсы көрсеткіш, – деді Анастасия Щегорцова.

Жиынға онлайн байланыста облыс­тардың аумақтық сайлау комиссия­ларының төрағалары мен мүшелері, сая­си партиялардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Отырыс қоры­тындысында комиссия төрағасы аймақ­тарға бұл бағыттағы жұмысты күшей­туді және кандидаттарға үгіттік баспа материалдарын орналастыру үшін жеткілікті орын беруді тапсырды.

Сайлау науқанының негізгі мерзімінде кандидаттарды ұсыну­ға 20 күн, кандидаттарды тіркеуге 25 күн қарастырылған. Кандидаттарды тірке­геннен кейін бірден сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары бас­талады.