Су ресурстары және ирригация министрлігінің аппарат басшысы лауазымына Дәурен Қазантаев тағайындалды, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Құжатта «Дәурен Қазантаев Ғанибекұлы Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің Аппарат басшысы лауазымына тағайындалды», делінген.
1984 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген Дәурен Қазантаев 2005 жылы Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін тәмамдаған. Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі.
Еңбек жолын 2005 жылы жеке құрылымдарда инвестиция және корпоративтік бизнес бойынша талдаушы болып бастап, 2007-2010 жылдары – Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі құрылымында жетекші маманның міндетін атқарушы, сарапшы қызметтерін атқарды.
2010-2016 жылдары Жамбыл және Павлодар облыстары әкімдіктерінің құрылымдарында қызмет етіп, 2016-2020 жылдары – энергетика министрінің кеңесшісі болды.
Аталған лауазымға тағайындалғанға дейін Дәурен Ғанибекұлы Астана қаласы Табиғатты қорғау департаментінің басшысы қызметін 2020 жылдан бастап атқарды.