Мәжілісте Үкімет сағаты өтіп, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің өзекті мәселелері мен даму болашағы талқыланды. Аталған мәселе бойынша Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният баяндама жасады. Жиын алдында Мәжіліс аумағында медициналық көліктердің, үздік медициналық тәжірибе орталықтары жұмысының көрмесі ұсынылды.
Депутаттардың алдында сөз алған Денсаулық сақтау министрі А.Ғиният 2015-2019 жылдары елдегі денсаулық сақтау шығындары үнемі өсіп отырғанын атап өтті. Алайда ішкі жалпы өнімнің үлесі 2,8 пайыздан аспаған.
«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) іске қосылмас бұрын жарналар мөлшерлемесін төмендету туралы шешім қабылданды. Мемлекеттің жарналары бастапқы параметрлерден – 3,5, жұмыс берушінің аударымдары – 1,7, ал жеке кәсіпкерлердің үлесі 1,4 есе төмендетілді. МӘМС жүйесін енгізгеннен бері жоспарланған 2,9 триллион теңге берілген жоқ.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру базалық параметрлерінің өзгеруіне және пандемияның ықпалына қарамастан, медициналық сақтандыру жүйесін енгізу денсаулық сақтау саласына оң әсер етті. МӘМС-ті енгізу жылдарында медициналық-санитарлық алғашқы көмек бойынша көрсетілген қызметтер саны 3,2 есе өсті. Бұл ретте еліміздегі жалпы практика дәрігерлерінің саны қалада 18 пайызға және ауылда 8 пайызға өсті.
Ауылдардағы жылжымалы медициналық кешендер есебінен халықты медициналық көмекпен қамту 2022 жылы 1,6 миллион адамды құрады. Амбулаториялық деңгейде тегін дәрі-дәрмектерге қол жетімділіктің едәуір артуы – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың оң нәтижелерінің бірі», деді А.Ғиният.
Сала басшысының айтуынша, 2019 жылы арнайы мамандар 20 миллионға жуық консультация және диагностикалық зерттеу жүргізген. Былтыр бұл көрсеткіш 142 миллионға дейін көбейді. Осылайша, дәрігерлік қабылдаулардың, зертханалық талдаулардың және аспаптық диагностиканың қолжетімділігі 7 есеге артты.
«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға дейін Үкіметтің қолдауымен халықтың әлеуметтік осал 8 тобы ғана қымбат тұратын КТ және МРТ-ға қол жеткізе алды. Өткен жылы осындай қызмет 1,5 миллионға жуық адамға көрсетілді, яғни 7 есе өсті. ПЭТ қызметтерінің саны да 13 мыңнан 21 мыңға дейін екі есеге жуық артты. Жаңа бағдарламаның арқасында «бедеулік» диагнозына тап болған 8 мың жұп ата-ана болу мүмкіндігін иеленді. Пациенттерге жүрек-қан тамырлары, неврологиялық, онкологиялық аурулар мен жарақаттар кезінде медициналық оңалту жетілдірілді.
Стационарды алмастыратын көмек қызметтері 3 жылда 1,5 есеге ұлғайды. Күндізгі стационарларды қаржыландыру кейінгі 3 жылда 38,3 млрд теңгеден 77,7 млрд теңгеге дейін өсті. Стационарлық көмекті қаржыландыру 2,4 есеге артты. Жоғары технологиялық медициналық көмекті қаржыландыру 2,5 есеге, ал мұндай қызметтердің көлемі 2,8 есеге өсті», деді А.Ғиният.
Министр келтірген деректерге сүйенсек, МӘМС жүйесін енгізу денсаулық сақтауды қаржыландыруды 1 трлн теңгеден 2,5 трлн теңгеге дейін ұлғайтқан. Соның арқасында елдегі бір тұрғынға арналған шығыс та айтарлықтай артқан. Егер бұрын әр адамға 56 мың теңге болса, қазір бұл көрсеткіш 122 мың теңгені құрайды. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін медициналық ұйымдардың да саны 2 есеге өсіп, қазіргі таңда 2 мыңға жуықтады.
«Қазіргі кезде қаржы жүйесі актуарлық есептеулерге сәйкес өсіп келе жатқан шығыстарды еңсере алмағандықтан қор өз міндеттемелерін болашақта толық орындай алмайды деп болжап отыр. Жүйенің ұзақмерзімді қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету үшін келесі қажет шарттарды ескеру қажет. Біріншіден, 2025 жылдан бастап әр азамат міндетті салықтық декларациясын тапсырады. Сол арқылы сақтандырылмаған азаматтардың табысы белгілі болады және шамамен 700 мың адамды МӘМС жүйесіне енгізу ескерілген», деді А.Ғиният.
Министр сонымен қатар табысы төмен әрі ауылда тұратын шамамен 1,5 млн адам бюджеттік қаражат арқылы сақтандырылатынын жеткізді. 2026 жылға қарай бұл халықтың кемінде 95 пайызын қамтуға мүмкіндік береді. Мұнымен қоса мемлекет пен жұмыс берушілердің жарналарының мөлшерлемелерін кезең-кезеңімен көтеру қарастырылған.
«Бұдан басқа, сақтандырылмаған адамдарға денсаулық және осы салаға қатысты мемлекеттік қызметтерді алу кезінде шектеу енгізу ұсынылады. Мәселен, көлік жүргізу, қару-жарақ сақтау және басқа да бағыттарда осындай шектеулерді қарастырған жөн деп санаймыз. МӘМС жүйесіне қатысты бюджеттік қаржыландыруды кезең-кезеңімен ұлғайту пысықталып отыр. Осы шарттарды орындаған кезде қордың орнықтылығы сақталады», деді А.Ғиният.
Бұдан кейін депутат Асхат Аймағамбетов мінберге көтеріліп, салаға қатысты мәселелерді ортаға салды. Депутат МӘМС жүйесі енгізілгенде халық та, мемлекет те үлкен үміт күткенін, алайда ол орындалмағанын алға тартты.
«Жылдар өтті, отандастарымыз ай сайын қорға жарнасын төлеп келеді. Бірақ сол үміт ақталды ма? Қызмет сапасы жоспарға сай артты ма? Өңірлерге барғанда, ауруханаларды аралап, сайлаушыларымызбен, сарапшылармен, қарапайым дәрігерлермен болған кездесулерден, жүргізген зерттеулерімізден түйгеніміз – мәселелер толық шешілмеген. Медициналық көмектің сапасынан бұрын, біз қазіргі уақытта оның қарапайым қолжетімділігіне зəру болып қалдық», деді А.Аймағамбетов.
Депутаттың айтуынша, басты проблема – МƏМС-ті қаржыландыру жүйесінің теңгерімсіздігі және форматындағы олқылықтар. Бастапқыда нақты жəне жан-жақты есептерге негізделген қаржыландыру моделі жоспарланған. Ал іс жүзінде басқа модель енгізілді. Алғашқыда жоспарланған басты параметрлер түбегейлі өзгерген. Соның кесірінен денсаулық сақтау саласына қаражат жетіспейді, қолжетімділік төмендеді, тарифтер азайды, кредиторлық берешектер пайда болды.
«Пандемиямен күресу кезінде МƏМС арқылы атқарылатын қызметтер пакетіне шұғыл медициналық жәрдем, оқушыларға медициналық қызмет көрсету сияқты бюджеттен кепілдендірілген медициналық көмек арқылы төленуі керек шығыстар енгізілді. Бюджеттегі қаражаттың жеткіліксіздігіне байланысты, шұғыл шешімдерді қабылдау үшін МӘМС қорында жиналған 700 миллиардқа жуық қаражат пандемиямен күрес үшін жұмсалып кетті.
Үкімет жоғарыда айтылған зейнеткерлер, балалар сияқты 15 əлеуметтік санат үшін МƏМС-ке бюджеттен төлейтін жарналарын қысқартып тастады. Мысалы, заңның 26-бабына сəйкес бюджеттен бұл жарна орташа жалақы бойынша есептеліп, қорға аударылу керек болса, іс жүзінде Қаржы министрлігі оны медициналық жалақы мөлшері есебінен төлеп жатыр. Сəйкесінше, бұл заңға қайшы шешімнің кесірінен, тек 2024 жылдың өзінде 275 млрд теңгені қаржы министрлігі МƏМС қорына, яғни біздің азаматтарымыздың емделуіне аудармай отыр. Cонда үш жылдың өзінде келесі жылды қосқанда, МӘМС-ке 600 миллиардтан астам қаражат бюджеттен түспеді.
Медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру міндетін орындағанда, министрлік оны бюджет есебінен ғана емес, осы МƏМС-те жиналатын қаражаттың есебінен де жүзеге асырды. Бұл да МƏМС-те жиналған, отандастарымыздың еміне тікелей жұмсалуға тиіс жүздеген миллиард теңге болған. Жоғарыда көрсетілген шешімдердің нәтижесінде МƏМС қорына кем дегенде 1 трлн теңгеге жуық қаражат түспеді», деді А.Аймағамбетов.
Депутат келесі жүйелі проблема ретінде медициналық қызмет көлемін жоспарлау əдістемесінің жеткіліксіздігін атап көрсетті. Яғни бүгінгі таңда медициналық қызметтердің жоспарлы көлемі халықтың нақты ерекшеліктерін, медициналық көмектің тұтыну көрсеткіштерін, көші-қонды толығымен есепке алмай бөлінеді.
«Бізде салалық республикалық əдістемелік орталық бар. Сонымен қатар медициналық университеттер де бар. Олар бір адамды емдеу үшін қанша қаражат керек екені туралы арнайы нормативтерді, қанша төсектік-орын, жалпы, бір адамға шаққандағы тұтыну нормасын дайындап шығаруы керек. Міне, сонда ғана ауруханаларға мемлекеттік тапсырыс дұрыс беріледі. Сонда ғана медициналық қызмет мөлшерден көп немесе тіпті атқарылмады деп айтуға негіз болады. Ал қазір министрлік медициналық қымет мөлшерден көп көрсетілді деп ауруханалардың бюджетін азайтып, немесе мүлде жеткілікті мөлшерде бөлмей отыр», деді А.Аймағамбетов.
Тағы бір күрделі мәселе ретінде МƏМС пакетіне кіретін жəне ГОБМП, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген пакетіне кіретін қызмет түрлерінің аражігі ажыратылмағанын жеткізді. Депутаттың сөзіне сай, келесі мəселе – «Шектік» шкала.
«Өздеріңіз білетіндей, осы жылдың ақпан айынан бастап барлық медициналық қызметке «Шектік» шкала енгізілді. Ол не? «Шектік» шкала деген – əр медициналық қызмет түрі бойынша, əр емханаға нақты белгіленген квота тəрізді механизм. Бұл əдіс қаражаттың жетіспеуіне байланысты енгізілді. Дайындықсыз қабылданған шешімнің кесірінен, мыңдаған адам уақтылы қызмет ала алмай қалды.
Нақты мысал. Осы «Шектік» шкала шұғыл медициналық көмекке де тиесілі болып, ауруханалар травматологияға жедел түскен науқастарды тек бекітілген квотаға сəйкес алу керек. Ал егер олар көп түссе, бекітілген «Шектік» шкаладан көп түскендер үшін ауруханаларға қаражат төленбейді. Осылайша, шұғыл көмек көрсетуге лимит қойылған. Бұл деген – нонсенс!
Адам қолын, не аяғын қашан сындырып алатынын, кімде инфаркт болатынын, кім уланып қалатынын алдын ала қалай болжай алады? «Шектік» шкала азаматтарымыздың мамандарға көріну үшін де қиындық əкелді. Ауруханаға келген науқасқа «Шектік» шкала шеңберінде осы айда ақша таусылды деп, келесі айларды күту керек деп түсіндіру де нонсенс.
Соның салдарынан халық тарапынан шағым көп түседі. Науқастар бір ай терапевтті күтеді, кейін тағы бір ай бейін бойынша дəрігерді, одан кейін тағы да терапевтке жазылып оны тағы да күтуге мəжбүр. Сөйтіп жүріп, өз қалталарынан төлеп емделеді. Осыған байланысты бірінші кезеңде «Шектік» шкаланы жетілдіріп, мекемелерге өз бюджетінің шеңберінде қаражаттарын жылжыту мүмкіндігін беру керек. Одан кейін цифрландыруды жолға қойып, тіпті «Шектік» шкаланы алып тастау керек деп санаймыз», деді А.Аймағамбетов.
Бұдан кейін басқа да депутаттар сөз алып, МӘМС жүйесіне қатысты пікірлерін ортаға салды. Гүлдара Нұрымова тарифтер қаржы жылының басында емес, наурыз, сәуір айларында кеш бекітілуі медициналық ұйымдардың қаржылық жағдайын одан әрі қиындататынын атап өтті. Сондықтан депутат Денсаулық сақтау министрінен тарифтер неге жыл басынан бекітілмейтінін және тарифтерді қашан қайта қарайтынын сұрады.
Ерлан Саиров Үкімет өкілдерінен 3,3 миллионнан аса азаматты қашан әлеуметтік қамсыздандыру аясына алып келетінін сұрады. «Олардың басым бөлігі ауылда тұрады. Бұл адамдарға скрининг, медициналық тексеру жүрмейді. Бұл – жылдан-жылға елімізде әлеуметтік әділетсіздік артып барады деген сөз», деді Е.Саиров.
Сұңқар Ислам азаматтардың МӘМС жүйесінде қалу мәселесі жетілдіруді талап ететініне назар аударды. Оның айтуынша, бірнеше жыл жарна төлеп келген азамат табысынан айырылған жағдайда бірден «сақтандырылмаған» деген мәртебеге ие болады. Осыған орай депутат Сұңқар Ислам Денсаулық сақтау министріне жарналарды төлеу кезеңінің ұзақтығы, есепке алу және азаматтардың МӘМС жүйесінде қалу мәселелері жөнінде сұрақ қойды.
Талқылау барысында Нартай Сәрсенғалиев жеке клиникалардағы бағалардың қымбаттығына алаңдаушылық білдірді. Депутат тұрғындар тарапынан түскен шағымдарды ортаға салды.
«Терапевті, одан кейін тар бейінді маманды апталап күтеміз, қайтадан терапевтке айналып келеміз деген мәселе бар. Ревматолог, невропатолог мамандарының жетіспейтінін халық жиі айтады. Азаматтар жеке клиникаларға барып емделуге мәжбүр. Бірақ ондағы бағаларды естігенде адам ауруын ұмытып қалатын жағдайға жетеді», деді Н.Сәрсенғалиев.
Осы ретте депутат халықтың уақыт жоғалтпай емделу туралы талабын және жеке клиникалардағы баға саясатын реттеу мүмкіндігін министрлік қалай шешетінін сұрады.
Депутат Жанарбек Әшімжан жыл басында белгіленген тариф нарықтағы бағамен сәйкес келмейтініне назар аударды. Сондай-ақ өз ұсыныстарын жеткізді. «Ай сайынғы қаржыландыруды әр емхана өздері шешуі керек. Дәрігерлердің жүктемесін азайту мақсатында бірыңғай ақпараттық жүйені іске қосу немесе медициналық ақпараттық жүйелер арасында байланыс болуы қажет. Егер азамат бір емханадан басқа емханаға ауысқан жағдайда сол азаматқа бөлінетін ақшасы ауысқан емханасына аударылуға тиіс», деді Ж.Әшімжан.