Жыл басынан бері Қызылордада қызметтік иттердің көмегімен 46 қылмыстың беті ашылды.
1 маусым – 30 қазан аралығында республика көлемінде өтетін «Қарасора-2023» жедел алдын алу іс-шарасы аясында Қызылорда қаласына және басқа облыстармен шекаралас Арал және Жаңақорған аудандарына бекеттер қойылып, есірткі затын анықтау мақсатында жұмыстар атқарылып келеді. Бұл бекеттерде кинолог мамандар өздеріне бекітілген иттермен есірткінің заңсыз айналымына қатысты қылмыстық құқық бұзушылықтарды анықтайды. Бүгінге дейін есірткі іздеуге қызметтік үйретілген иттер көмегімен 22 қылмыс анықталып, айналымнан 26 келі 458,34 грамм марихуана тәркіленді.
Өткен айда «Шымкент – Самара» тасжолының бойындағы Арал бекетінде Атырау облысы тұрғынының басқаруындағы «Тойота-Ипсун» автокөлігі тоқтатылып, тексеру барысында көлік ішіндегі жолаушылардың сөмкесінен 25 келі 187,41 грамм кептірілмеген марихуана шыққан. Сонымен қатар 27 қыркүйекте «Қызылорда – Түркістан» тасжолының бойындағы Белкөл бекетінде Қызылорда қаласы тұрғынының басқаруындағы «Шевролет кобальт» автокөлігін тексеру барысында сөмкеден сараптама қорытындысына сәйкес салмағы 1033,45 грамм болатын есірткі табылды.
Аталған деректер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр. Жалпы, жыл басынан бері қызметтік іздестіру иттері арқылы 46 қылмыс ашылып отыр. Олар негізінен ұрлық пен есірткінің заңсыз айналымына қатысты қылмыстар.
Қызылорда облысы