• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Елорда 10 Қазан, 2023

Елордадағы жұмыссыз жастардың мәселесі қалай шешіліп жатыр?

363 рет
көрсетілді

Астана қаласы Статистика департаментінің дерегінше, еңбекке қабілетті жастар саны – 298 мың, оның ішінде жұмыс істейтіндер 286 мың, жұмыссыз – 12 мың. Бұл туралы Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров мәлім етті, оны елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

Қ.Қамбаровтың айтуынша жастардың жұмыссыздық деңгейі былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 0,6% төмендеген. Жастарды жұмыспен қамту бойынша әкімдікпен бірнеше бағдарлама жүзеге асырылып жатыр: «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» және т.б.

Басқарма басшысының сөзінше жастарға арналған бос орындар жәрмеңкелері әр тоқсан сайын өткізіліп келеді. Келесі жолы сондай жәрмеңке қазанның 24-іне жоспарланған.

«Жаз айларында «Жасыл ел» жобасы аясында жұмыс істеген 4200 жастың ішінде: көпбалалы отбасылардан шыққандар – 2648, толық емес отбасынан шыққан балалар – 387, жетім балалар – 69, оқу орнында есепте тұрған – 11, отбасында бір мүмкіндігі шектеулісі бар – 34 бала», деді Қайрат Қамбаров.

Ол өз сөзінде жұмыспен қамту мәселесінде NEET санатындағы жастарды ерекше атап өтті. Яғни NEET санатындағы жастар дегеніміз – оқу оқымайтын, жұмыс істемейтін азаматтар. Олардың үлесі ІІ тоқсан қорытындысы бойынша 6,1% немесе 25 мың адамды құрайды. Оларды әлеуметтендіру мақсатында «Жас жігер» жобасы ұйымдастырылады.