Еңбекшіқазақ ауданының Түрген ауылындағы М.В.Ломоносов атындағы мектеп пен Ақши ауылында орналасқан Бөлек батыр мектебінің «Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубының оқушылары 6654 әскери бөліміне келіп, құқықтық тәртіп әскерінің өмірімен танысты.
«Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубының мақсаты – өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштік сезімін қалыптастыру және олардың туған жерге, елге деген сүйіспеншілігін ояту. Әскери клубтың қызметіне, сондай-ақ жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу ісіне 6654 әскери бөлімі командирінің ТжӘҚЖ жөніндегі орынбасары, полковник Жандос Көлбаевтың да қосқан үлесі зор. Іс-шара аясында Жандос Жамалұлының ұйымдастыруымен мектеп оқушыларына арнап спорттық іс-шаралар өтіп, әскери техникалық, қару-жарақ көрмесі таныстырылды.
– Тәрбие – отбасынан басталады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген мақал осы сөзіміздің дәлелі. «Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубының оқушыларын әскери бөлімде көргенімізге өте қуаныштымыз. Себебі жас ұрпақтың бойына патриоттық сезімді қалыптастырып, оларды еңбекке, Отанды сүюге баулу – біздің міндетіміз. Еліне адал қызмет ететін жастарды тәрбиелеу – басты мүддеміз. Клубтың да көздеген мақсаты сол, – деген полковник Ж.Көлбаев 6654 әскери бөлімі әскери-патриоттық клуб басшылығымен тығыз қарым-қатынас жасайтынын және әрі қарай да жемісті еңбек ете беруге мүдделі екенін жеткізді.
– Оқушылардың әскери өмірге деген қызығушылықтары жанарларынан байқалып тұр, олар үшін барлығы қызық. «Қару-жарақты қалай пайдалану керек?», «Әскери техниканың қызметі қандай?» деген сұрақтар қойып, пікірталас өрбітті. «Әскери киім киген кезде бойымызда мақтаныш сезімі пайда болады» деп сезімдерімен бөлісіп жатқан балаларды көрген сәтте олармен атқарылатын жұмыстың сәтті болатынына сенімім мол. Сондықтан мұндай іс-шараларды жиі ұйымдастырып тұру қажет, – деді ол.
Құралай ЖҰМАҚЫЗЫ
Алматы облысы