• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Денсаулық 10 Қазан, 2023

Тараздағы оңалту орталығы

249 рет
көрсетілді

Әулиеатада 150 орындық облыстық әлеуметтік оңалту орталығы пайда­ла­нуға берілді. Екі жыл бұрын басталған ны­сан­ның құрылысын «Та­раз­­Строй-2004» ЖШС жүр­гіз­ген. Жаңа орта­лықта І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтарды оңалтуға қажетті қ­ұ­­­рыл­ғының барлығы қа­рас­ты­рылған.

Деректерге жүгінсек, өңір бо­йынша 45 мыңнан аса мүге­дек­тігі бар азамат тіркелген екен. Мүмкіндігі шектеулі аза­­маттарды қажетті оңалту құ­рыл­ғыларымен қамтамасыз ету мақсатында осы жылдың өзінде 3,6 млрд теңге қаржыға негізгі құрылғылар сатып алын­­ған. Арнаулы әлеуметтік қыз­м­еттерді ұсыну мақсатында 21 медициналық мекеме қыз­мет атқарып отырғанын айта кеткен жөн. 1 689 азамат сол мекемелерге жүгінеді. Жалпы, қолға алынған жұмыстарды жүзеге асыру үшін 7 млрд тең­ге қа­ра­жат қарастырылған.

«Мүгедектігі бар азамат­тар­дың өмір сүру сапасын арттыру және оларға қолдан келгенше әлеуметтік қолдау көр­сету – мем­лекеттік сая­саттың басым бағыт­та­рының бірі. Тағдыр­дың тауқыметін тартқан жерлестерге жергілікті билік мүмкіндігінше қолдау көрсетуге әзір. Қазіргі кезде ерекше қажеттілікке мұқтаж адам­­дардың жағдайын жақсар­тып, олардың қоғамда тең мүмкіндікке қол жеткізуін қам­­тамасыз ету, көкейкесті мәсе­­лелеріне қоғамның наза­рын аудару, құқықтарын қор­­ғау бо­йынша жергілікті ат­қарушы билік тарапынан түрлі іс-шара қолға алынып отырғаны белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Әлеу­меттік жағынан әлсіз топ­тағы азаматтарға қолдау көр­сетеміз» деп атап өткені мә­лім. Ал бұл жұмыстарды жү­йе­­лі түрде жүзеге асыру – біз­дің міндетіміз. Билік та­ра­­пынан жасалып отырған қам­қорлықтың нәтижесінде еліміз­дегі мүмкіндігі шектеулі азаматтарды оңалту мен бейім­деу жұ­мыстарына айрық­ша көңіл бөлініп отыр. Жамбыл облысында да ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылып жатыр. Ең бастысы, біз бұл бағыт бойынша қолға алын­ған жұмыстарды үз­діксіз жал­ғас­тырамыз», дей­­ді өңір басшысы Ербол Қарашөкеев.

Жаңа орталықтың ашылу салтанатына арнайы қатысқан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықованың айтуынша, еліміз бойынша Абай облысының орталығы Семей қала­сында және Әулиеата жерінде ғана заманауи оңал­ту орталығы ашылыпты. Мұқ­таж жандардың игілігіне салынған орталықтардың құ­ры­лысына 5,5 млрд теңге қара­жат қарастырылған.

Өңір тұрғындарының игілі­гіне берілген әлеуметтік оңалту орталығының жалпы аумағы 4,932 гектарды құ­райды. Оңалту орта­лығы 5 блоктен тұрады. Мұнда жүзу бассейні, мәжіліс залы, емде­лу­ші­лерге арналған спортзал, үш қабат­тан тұратын емдеу корпусы және екі қабаттан тұратын стацио­нар бар.

Жауапты мамандар келтір­ген деректерге сенсек, І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтарды емдеу шараларын жүргізуге қажетті кабинеттерде тиісті құрылғының барлығы бар. Нақтырақ айтар болсақ, келу­шілер физио-емдеу, электр­мен емдеу, инелі рефлексотера­пия, озакерит-парафинмен емдеу, ингаляция, емдік шынықтыру, жарықпен емдеумен қамтылған.

Сондай-ақ келушілердің жеке және топтық сабақтарға қатысуына, компьютерлік техниканы үйренуіне, табиғи материалдармен жұмыс істе­уіне, кесте тоқуды меңгеруіне және өзге бірнеше бағыт бойын­ша өз-өзін да­мытуына мүм­кіндіктер қарас­тырыл­ған.

Түйіндеп айтсақ, мүмкіндігі шек­теулі азаматтар асыға күт­кен жаңа орталық енді тиіс­ті санаттағы адам­дар­дың игі­лігі үшін қызмет етеді. Ма­ман­дар жыл сайын 100 азамат­ты оңал­тудан өткізуге тас-түйін да­йын отыр.

 

Тараз