• RUB:
    4.98
  • USD:
    495.95
  • EUR:
    524.37
Басты сайтқа өту
Қазақстан 11 Қазан, 2023

124 азамат елге оралды

395 рет
көрсетілді

Израиль мен Палестина арасындағы қарулы қақтығысқа байланысты бірқатар мемлекеттер ол елдерден өз азаматтарын эвакуациялауға күш салып жатыр. Осы ретте «Air Astana» әуекомпаниясы Тель-Авивтегі Қазақстан азаматтарын Алматыға алып келу үшін арнайы рейс ұйымдастырғаны белгілі. Алматы уақытымен 23 сағат 45 минутта бортына 166 адам мінген ұшақ Алматы халықаралық әуежайына келіп қонды.

Елге оралған жолаушыларды туыстары мен жақындары әуежайдан қарсы алды. Біз де солардың қатарынан табылдық. Арнайы репатриациялық рейспен келгендердің 124-і Қазақстан азаматы, қалғаны – шетелдіктер. Алматыға келген азаматтардың ішінде «болашақ» бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өтіп жатқан 14 стипендиат бар. Әуекомпания мамандары Израильдің әкімшілік авиация қызметі реистің жолға шығуына келісім бойынша көмек көрсеткенін мәлімдеді.

- «Air Astana» әуекомпаниясы отандастарымыздың тағдырына алаңдап, осындай шешім қабылдады. Азаматтарды Тель-Авивтен шығарып алу оңайға түспеді. Өйткені біздің басшылыққа барлық қиындықтар мен тәуекелдерді ескеруге тура келді. Ол жақта қауіп өте жоғары. Дегенмен ел азаматтарының есен-сау оралуы тек әуекомпанияның тәуекелімен ғана емес, Елшіліктің қолдауымен жүзеге асқанын айтуымыз керек. Рейс уақыты кестеден ауытқыған жоқ. Ал жалпы соғыс өрті тұтанған елдерге тұрақты бағыттарымызды тоқтатқан болатынбыз.  Борттағы 166 адамның екеуі нәресте. Тағы мұндай реистердің қайталанатыны туралы әзірге айта алмаймыз. Жолаушылар тізімін  Израилдегі Қазақстан Елшілігі жасақтады. Билеті жоқ азаматтарға да жедел түрде төмендетілген тарифпен билеттер саттық.  Осы сапарға ең тәжірибелі ұшқыштар мен экипаж мүшелері таңдалды. Командир Олег Колесников бастаған мамандар маңызды тапсырманы жақсы орындап шықты, - дейді «Air Astana» әуекомпаниясының коммуникация жөніндегі менеджері Тілек Абдрахимов.

Туыстарымен сағынысып көріскен бірқатар жолаушыларды әңгімеге тарттық. Солардың бірі – «Болашақ» стипендиясы бойынша Израильде тағылымдамадан өтіп жатқан Үміт Желдібаева.

«Израильдегі Қазақстан Елшілігі алғашқы күннен бастап бізге демеу берді. Сондықтан бәлендей қорқыныш болған жоқ. Біз өмір сүріп жатқан Хайфа  қаласы негізінен тыныш. Дегенмен дабылдардың даусы, төбедегі ұшақтардың жиілеуі  аздап үрей туғызды. Алдын ала сақтанып, елге қайтуға бел будық. Біз ұшаққа мінгелі тұрғанда көптеген шетел азаматтары өздерін ала кетуді өтініп, тіпті ұшақта жерге отырып баруға дайын екендерін айтып жатқанын байқадым», дейді ол.