Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» басты қағидаты – мемлекеттік аппарат азаматтар мүддесі үшін жұмыс істеуге тиіс. Бұл бірінші кезекте жергілікті билікке қарата айтылып отыр» деген болатын. Сондықтан өңірлердегі реформалардың нәтижелі болуы жергілікті басқарушы элитаға, оның сапасына байланысты. Осы ретте еліне қалтқысыз қызмет еткен мемлекетшіл тұлғалардың дара жолы – қазіргі және болашақ саяси мемлекеттік қызметшілер бой түзейтін тағылым болары айқын. Сондай тұлғалы азаматтардың бірі ретінде Ақтөбе өңірінің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси салаларында басшылық қызметтерде іскерлігімен, парасаттылығымен ерекше із қалдырған, жұртшылықтың ықыласына бөленген Рамазан Нұржановты айтар едім.
Рахаңды еске алғанда алғаш танысқан кезіміз ойыма оралады. 1973 жылғы қыркүйек. Мәскеу. КОКП Орталық комитеті жанындағы жоғары партия мектебінің жалпы жиналысы өтетін жерде, жаңадан оқуға қабылданған тыңдаушылар жиналған болатын. Ақтөбе облысы Қарабұтақ ауданының бірінші хатшылығынан оқуға келген ұзын бойлы, сарғыш, жылы жүзді Рамазан Нұржанұлын сонда бірінші көріп, танысып тілдестік. Алғашқы ашылып, жеке ұзақ сөйлесуіміз оны туған күнімен құттықтауға барғанымда болды. Туып-өскен жеріміз, шыққан тегіміз, ата-аналарымыз, отбасымыз, еліміздегі жағдайлар жөнінде бірталай әңгіме қозғадық. Менің анам Айғаным Ақтөбе облысы Ойыл ауданынан еді, сондықтан болар Рахаңа бір көргеннен-ақ сыйластығым ерекше болды. Оның да маған деген ағалық жылылығын әрдайым байқап жүрдім. Сол күннен бастап күн сайын саябақта бірге серуендейтін болдық. Қандай мәселе болса да, саясат, халықаралық жағдай, экономика, шаруашылық, халқымыздың тарихы, өнер-әдебиет және басқасы болсын, Рахаңның өте білікті, терең ой өрісіне куә болдым. Ол – халқымыздың ең асыл қасиеттері тұла бойына дарыған білікті маман, ғалым, абзал азамат. Адамгершілігі мол, достыққа мөлдір, сөзіне берік, халқымыздың салт-дәстүрін жетік білетін, өз пікірі бар, адамға жақсылық жасауға бейім тұратын.
Рахаңмен оқу тобымыз бөлек болды, ал дәрістерге, конференцияларға, дөңгелек үстел, пікірталас, халықаралық жиындарға бірге қатысып жүрдік. Сол кезде Рамазан Нұржанұлының сөйлеген сөзіне, көтерген көкейкесті мәселелеріне, журналистерге берген жауаптарына өте риза болатын едім. Қазақстанның туын биікке көтеріп, атағын шығарып жүретін.
Екеуіміздің ғылым жөніндегі көзқарасымыз да бір жерден шықты. Ол тарих саласының маманы болғандықтан сол бағытта, ал мен мұнайшы ретінде экономикамен айналыстым. Осылайша, партия мектебінің кафедрасында тақырыбымызды бекітіп, кандидаттық емтихандарды тапсырып, көбіне уақытымызды кітапханада өткізетін едік. 1979 жылы Рахаңды тарих ғылымдарының кандидаты деген атаққа ие болуымен құттықтағанмын.
1975 жылдың ақпан айында Гурьев (қазіргі – Атырау) облысының басшылары мені партия мектебінен шақыртып, Махамбет аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына ұсынды. Осы жылдары Мұхамбетқазы Тәжин маған әрі ұстаз, әрі ақылшы болды. 1964-1977 жылдары облыстық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, хатшысы болған Мұхамбетқазы Қауысұлын еске алып отырған себебім, ол Рахаңның жерлесі, әрі құрдасы. Ғалым-философ Кеңес Биекенов екеуі Гурьевте бірнеше рет болып, құрдасы, жандай досы Мұхаңмен кездесіп, бәріміз бірге тамаша күндерді өткізгенбіз. Мен де Ақтөбеде болған сайын Рахаңмен жүздесіп, өткенді еске алып қуанып жүрдік.
Мемлекетіміздегі маңызды істерді шешудің кілті осындай жандардың қолына тигенде ғана қоғамда береке мен ынтымақ жарасымын табады. Рамазан ағамыздың сынаққа толы өмірі, мәнді де мағыналы еңбек жолы осыны айғақтайды. Ол өткен ғасырдың елуінші жылдарының ортасынан бастап қарапайым ұстаздықтан Ақтөбе облысының төрт ауданында басшылық қызметте, облыстық халық депутаттары кеңесінің төрағасына дейінгі сатылардан өтті. Ол қай қызметте болсын міндетіне алған кез келген істі әділдікті басшылыққа алып, биік деңгейде атқарумен зор абырой мен беделге ие болған ұлтжанды азамат еді.
Р.Нұржанов қырық жылдық еңбек жолында шалғай аудандарда тұратын тұрғындардың әл-ауқатын жақсартудан бастап, облыстық деңгейдегі қордаланған проблемалық мәселелерді шешуге бар күш-жігерін салған басшы деп танылды. 27 жасында Шалқар аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайланған Рамазан Нұржанов елге қуаңшылық әкелген «қоянның қысынан» аудан малын аз шығынмен сақтап қалу бойынша қабылданған іс-шараларды шебер ұйымдастырса, 1965 жылы жаңадан құрылған Байғанин ауданының ұйымдастыру жұмыстарына екінші хатшы ретінде белсене қатысты. 1966 жылы 32 жастағы Р.Нұржановқа Қарабұтақ ауданын басқару сеніп тапсырылады. Аталған ауданда қызмет жасаған жеті жылда ауыл шаруашылығы қарқынды дамып, жаңа кеңшарлар құрылып, ауыл еңбеккерлерінің әлеуметтік мәселелері шешілді. Бір есте қаларлық жағдай, халқымыздың біртуар перзенті Димаш Қонаев Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында жас хатшы Р.Нұржановтың шаңырағынан дәм татып, батасын берген.
Мәскеудегі екі жылдық жоғары партия мектебін тәмамдаған Р.Нұржановтың еңбек жолының келесі кезеңі облыстық баспа, полиграфия және кітап саудасы басқармасын басқарумен байланысты. Ол 1982 жылы Ақтөбе қаласында іске қосылған республика бойынша алғашқы заманауи облыстық баспахана үйі құрылысының бастауында болып, баспа ісіне қажет озық құрал-жабдықтарды орнату үшін кеңес одағындағы зауыттарды шарлап, көп жыл бойы батыс өңірі үшін газет-журналдарды басып шығаруда маңызды рөл атқарған облыстық баспахананың уақтылы, әрі сапалы іске қосылуына еңбек етті.
Рахаңның жоғарыда аталған іскерлік, ұйымдастырушылық қасиеттеріне тәнті болған облыс басшылығы оны 1983 жылы Темір ауданын басқаруға жібереді. Қызмет еткен жылдары Кенкияқ, Жаңажол мұнай кен орындарының тиімді игерілуін ұйымдастырумен қатар, табиғи газдың жергілікті халық игілігіне пайдалануына елеулі еңбек етті. Кеңестік кезеңде кез келген ірі жобаның қаржыландырылуы Мәскеу арқылы шешілетінін ескерсек, көгілдір отынды темірліктерге жеткізу оңай іс болмағаны түсінікті.
Рамазан Нұржанұлының 1990 жылы облыстық халық депутаттары кеңесі төрағасының орынбасары, кейін кеңес төрағасы лауазымына сайлануы – одақтас республикалардың егемендік алуына бастама болған саяси үдерістер кезеңіне сәйкес келді. Бұл жылдары партияның беделі түсіп, мемлекеттік билік республикалық деңгейде – Жоғарғы Кеңеске, жергілікті жерлерде – халық депутаттары кеңесіне ауысқан еді. Осындай алмағайып кезеңде Рахаң өзін шаруашылықты жақсы білетін, елдегі әлеуметтік-экономикалық проблемаларды, қарапайым адамдардың мұқтаждығын жан-жақты талдай алатын, оларды шешудің нақты жолдарын ұсынған білікті басшы ретінде көрсете алды. Ол облыстық ономастикалық комиссия төрағасы ретінде жер-су, елді мекендердің тарихи атауларын қайтару бойынша жұмысты жүргізді. Сонымен қатар Ақтөбе облысының тарихында алғаш рет өткен жаугершілік заманда елін, жерін қорғаған хас батыр Есет Көкіұлының 325 жылдығына арналған ірі тарихи-мәдени шараның басты ұйымдастырушы міндетін тарихшы-ғалым ретінде жоғары деңгейде атқарды.
Табиғаттың заңы бойынша адам дүниеге келеді, есейеді, кемелденеді, жасы ұлғаяды, қайраты кемиді. Дегенмен кейде осы заңдылықты «бұзатын» ақсақалдар да бар. Оның жарқын көрінісі – Рахаңның қоғам қайраткері ретіндегі дербес зейнеткерлікке шыққаннан кейінгі белсенді еңбегі. Ол өз дәуірінің озық тұлғалары Әйтеке би, Кердері Әубәкір, Көтібар батыр, ұлт азаттық көтерілісінің батыры Есет Дәрібай сынды тарихи тұлғаларға арналған алқалы жиынды ұйымдастыруға, басқа да тәрбиелік маңызы зор іс-шараларға қолдау көрсетті. «Қазақ тілі» қоғамының белсенді мүшесі ретінде ана тіліміздің мәртебесін көтеруге аянбай еңбек етті. Бір сөзбен айтқанда, ұлтымыздың тарихын, тілін, ділін жоғары деңгейге көтеру ісімен өмірінің соңына дейін айналысты.
Ел азаматы Р.Нұржановтың еңбегі Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен, бірнеше медальмен, Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Құрмет грамоталарымен, Қазақстан Президентінің Алғысхатымен марапатталды. «Әйтеке би ауданының құрметті азаматы», «Темір ауданының құрметті азаматы» атақтары беріліп, мерейі өсті. Тұлғаның мұратқа жетуі деген осы да. Сонымен қатар биыл өңір тұрғындарының ұсынысы ескеріліп, облыстық әкімдік пен мәслихаттың бірлескен шешімімен Ақтөбе қаласынан Рамазан Нұржановтың атына көше берілді. Бұл – өзі өмірден өтсе де, соңына өшпес із қалдырған ел азаматтарының есімі халқымен бірге жасай беретінінің жарқын көрінісі.
Қазақта «Текті туған жігіттің жары өзіне лайық, керуен бастар жігіттің нары өзіне лайық» деген сөз бар. Рахаңның мақсат етіп қойған игі істерінің жүзеге асуына жігер беріп, отының басындағы қолдаушысы бола білген жан жары – осыдан бес жыл бұрын дүниеден өткен Ақпатша Жанабергенқызының ағамыздың өміріндегі орны бөлек. Ақпатша жеңгемізбен Мәскеуде танысқан едік. Ол өте көркем, салмақты, ақжарқын, қонақжай болатын. Талай дәмдес болғанбыз. Рахаң ауылды сағынғанда Ақпатша жеңгеміз балалар жөнінде жүрекжарды сөздер айтатын. Азаматының құт-берекесін, ырыс-шапағатын шалқытқан жеңгеміз екеуі дүниеге үш ұл мен төрт қыз бала әкелді, оларға тәрбие берді, қоғамда өз орындарын алуға жағдай жасады, немерелер көрді.. Бақытты отбасы болудың жарқын үлгісін көрсетіп кеткен қос асыл жаннан тараған әулетте қуаныш, тойлар болып, шөберелері дүниеге келіп, өсіп-өніп жатыр.
Рамазан Нұржанұлының аса мәнді де мағыналы ғұмырында атқарған игілікті істерін бір мақала аясында қамтып шығу мүмкін емес. Қорытып айтқанда, есімі елге елеулі, жаны жайсаң жанның халқына адал, нәтижелі еңбек етуі, туған өңірінің өркендеуіне қосқан үлесі – кейінгі жастарға үлгі боларлық нағыз азаматтық ғұмыр. Осындай азаматтар жұртының жүрегінде, елінің есінде мәңгі жасай бермек.
Равиль ШЫРДАБАЕВ,
мемлекет және қоғам қайраткері