• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 11 Қазан, 2023

Әлеуметтік зерттеу әлеуеті

201 рет
көрсетілді

Қазір жастардың 36,5 пайызы үй жалдап тұрады. Ал 22,5 пайызы туысының баспанасын жағалап жүр. Бұл мәліметтер «Жастар» ғылыми зерттеу орталығы жүргізген сауалдама нәтижесінде белгілі болды. Сауалдамаға еліміздің түкпір-түкпіріндегі 14 пен 35 жас аралығындағы 2 мың азамат қатысқан.

Биыл тамыз айында «Жас­тар» ғылыми зерттеу орта­­лығы жылдағы дәстүрден танбай «Қазақстан жастары» әлеуметтік зерттеуінің нәти­же­лерін жариялады. Мұндағы мақсат – ел жастары өмірінің әртүрлі аспектісін зерделеу және мемлекеттік жастар саясатын іске асырудың тиімділігі жөнінде ұсынымдар әзірлеу. Осы орайда елордада мемлекеттік органдар мен ғылыми зерттеу орталықтарының, ҮЕҰ басшылары мен жастар саясаты саласындағы сарапшылар басқосып, құжатты жан-жақты талдады.

– Жастар – мемлекеттің ең маңызды стратегиялық ресурсы. Мемлекет тарапынан жастардың білім, денсаулық деңгейін арттыруға, еңбекке орналастыру мен бос уақытын ұйымдастыруға және тұтастай алғанда жастардың өзін-өзі тануы мен өздерін көрсетуіне қатысты жүйелі іс-шаралар жүргізіліп келеді. Жастарды дамыту бағытында мемлекет қолға алған іс-шаралардың тиімділігін бағалау үшін осы санаттағы тұрғындардың әлеу­меттік көңіл күйін жүйелі түрде бақылап, таразылап отыру қажет. Бұл зерттеудің өзектілігі – мемлекеттік жастар саясатын жетілдіру үшін жастар­дың негізгі мәселелері мен үрдіс­теріне, ерекшеліктеріне қатысты тұрақты сараптама жасап отырудың қажет­тілігімен негізделеді. Жас отан­­дастырымыздың сонымен бірге әлеуметтік институттар мен ұйым сарапшыларының жастар саясатына қатысты мемлекеттік бағдарламалар туралы ой-пікірлері мен баға­лауларын жан-жақты зерттеу мемлекеттік жастар саясатын жүргізуде қолға алынған іс-шаралардың тиімділігін сараптауда өте маңызды. Сондықтан алдағы уақытта тағы да осындай пікірталас алаңдарын ұйым­дастыруды көздеп отырмыз, – деді «Жастар» ғылыми зерттеу орталығының директоры Айсұлу Ерниязова.

Сауалдама биыл 12 сәуір мен 5 мамыр аралығында барлық өңірде жастар ортасындағы ең объективті ақпарат алуға мүм­кіндік беретін «face-to-face» әдісімен өткізілген. Оған 1 243 қала, 757 ауыл халқы қатысқан. Зерттеуде алдымен жастардың денсаулығы мен бос уақытына сараптама жасалынған.

– Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, респонденттердің 64,8 пайызы денсаулығын жоғары деңгейде деп бағаласа, ширек бөлігі (26,5%) жақсы деп есептейді. 4,3 пайызы қанағаттанарлық деп бағаласа, 3,1 пайызы денсаулық жағ­дайларын нашар немесе өте нашар деп көрсетті. Денсаулық жайын барынша дәл анықтау үшін сауалдамаға «Сіздің жай-күйіңіз берілген қандай сипаттама сәйкес келеді?» деп анықтау сұрағы енгізілген болатын. Жауап ретінде жекелеген өзекті аспектілер көрсетілді. Сауалға сәйкес жастардың 44,1 пайызы көру қабілеті нашарлауына қатысты мәселе барын көрсетті. Ал 29,2 пайы­зы асқазан ішек жолында мәселе бар десе, 9,2 пайызы арқада (грыжа, протрузий, бел омыртқа қисаюы) мәселе барын айтып отыр. Созылмалы ауру белгілеріне байланысты дәрігерде есепте тұрған жастар саны 7,6 пайыз болып шықты. Респондент жасы ұлғайған сайын денсаулығына қатысты проблемалық аспектілерді жиі байқайтынын көрсетті. Қала жастары денсаулығына байланысты мәселе барын жиі айтады. Гендерлік жағынан артық салмақ пен көз нашарлауына қатысты мәселелерді қыздар жиі көрсеткен. Бай­қағанымыз, сауалдамаға қатыс­қан жастардың жартысынан көбі саламатты өмір салтын ұстанатынын жеткізді, – деді «Жастар» ҒЗО әлеумет­тік зерттеулер және болжау басқармасының басшысы Сабина Шаймерденова.

Құжатқа зер салсақ, ел жас­­­тарының шамамен 50 па­йы­зы саяси жаңалықтар мен күн­делікті оқиғаларға қызы­ғушылық білдіреді. Олар­дың басым бөлігі сенімді ақпарат көзі ретінде теледидар, газет және радио секілді дәстүрлі БАҚ-ты таңдаған. Ал қалғаны түрлі әлеуметтік желілер мен медиа порталды, блогтарды белгілеген. Сондай-ақ респонденттердің көпшілігі WhatsApp мессенджерін – 98,2 және Instagram әлеуметтік желісін 97,9 пайыз пайдаланатынын көрсеткен.